Жанасов Құндақпай Жанасұлы
25.06.2023, 22:18

Жанасов Құндақпай Жанасұлы 1946 жылдың 12 мамырында сол кезде Котельниково деп аталған, қазіргі Қоскөл ауылында көпбалалы отбасында дүниеге келген. Әкесі – Сейітахметов Жанас, анасы – Сейітахметова Тайфа туыстар мен замандастар арасында ғана емес, ауылдастарының да ерекше құрметіне бөленген жандар болатын. Олар өз отбасы мен ұрпағына сыйластық пен түсіністікке, туыстар мен жақындарға деген сүйіспеншілікке, адалдық пен кішіпейілділікке, мейірім мен жанашырлыққа тәрбиеледі. Осы асыл қасиеттер Құндақпай Жанасұлының бойынан да өмір бойы көрініс тауып отырды. Балалық шағы соғыстан кейінгі қиын кезеңге тап келді. Сол кездегі жоқшылық пен ауыр тұрмыс жағдайы жас Құндақпайдың және оның қатарластарының мінезін шыңдап, өмірдің әр сәтін бағалауға, адамдарға деген қамқорлық пен мейірімділікке баулыды.
1953 жылы Құндақпай Жанасұлы Қоскөл негізгі мектебінің бірінші сыныбына қабылданып, 1961 жылы оны үздік бітірді. Сол жылы Ертістегі №1 орта мектепке түсіп, 1964 жылы оқуын тәмамдаған соң Семей мемлекеттік медициналық институтына қабылданды.
Алты жылға созылған студенттік өмірдің қызығы мен қиындығын артқа тастап, 1970 жылы жас маман ретінде Ертіс ауданына оралды. Сол жылы ол Абай аудандық ауруханасына педиатр дәрігері болып жұмысқа кірісті.
1971 жылы Қоскөл ауылына балаларды медициналық тексеруге келген сапарында болашақ өмірлік жары Қабира Қайдарқызымен кездеседі. Сол жылы олар Кутузов (қазіргі Майқоныр) ауылына совхоз директоры Волковтың арнайы шақыруымен көшіп келеді. Жас мамандарға барлық жағдай жасалып, жиһазбен жабдықталған, орталық жылу және су жүйесі бар үй беріледі. Волков мырзаның қамқорлығы мен сенімін Құндақпай Жанасұлы еңбегімен ақтап, ауыл халқының алғысына бөленеді.
1973 жылы ол Ленин учаскелік ауруханасының бас дәрігері болып тағайындалады. Осы жылдары тәжірибесін жетілдіріп, нағыз ауыл дәрігері ретінде қалыптасты. Себебі ауылдық жерде дәрігер тек педиатр немесе терапевт қана емес, әрі хирург, әрі акушер, тіпті қажет болса тіс дәрігері де болуы керек еді. Ол бұл міндеттердің барлығын асқан жауапкершілікпен атқарды. Қарапайым да талапшыл, әділ де ізгі ниетті мінезімен әріптестері мен ауыл тұрғындарының үлкен құрметіне ие болды. Бір ауыз сөзбен де, бір қарасымен де өз ойын ұқтыра білетін сабырлы жан еді.
«Білім – инемен құдық қазғандай» дегендей, Құндақпай Жанасұлы кәсіби біліктілігін үнемі арттырып отырды. Алматы қаласында үш айлық, Павлодарда бір айлық курстардан өтіп, облыстық семинарлар мен конференцияларға қатысып, әріптестерімен тәжірибе алмасты.
1986 жылы ол Амангелді атындағы совхоздың ауылдық дәрігерлік амбулаториясының дәрігері қызметіне тағайындалып, мұнда 13 жыл бойы табанды еңбек етті. Осы кезеңде амбулаторияны медициналық құралдармен қамтамасыз етуге, аумақты абаттандыруға, малшы қауымға қажетті дәрі-дәрмек қорын толықтыруға ерекше мән берді. Медбикелердің шұғыл көмек көрсету сайыстарында Амангелді амбулаториясы аудан бойынша бірінші орынды иеленіп, облыс деңгейінде де үздіктер қатарынан көрінді.
90-жылдардағы елдегі экономикалық қиындықтар медицина саласына да ауыр соққы болды. Дәрі-дәрмек тапшылығы дәрігерлерді қиын шешімдер қабылдауға мәжбүр етті. Құндақпай Жанасұлының ізденімпаздығы мен беделі арқасында ол бұл қиындықтарды жеңіп, ауыл тұрғындарына үздіксіз көмек көрсетіп отырды.
Ол ауа райына, уақытқа, жол алыстығына қарамастан, әрбір науқасқа дер кезінде көмек беруді азаматтық парызы санады.
2001 жылы Ертіс ауданының денсаулық сақтау бөлімінің бастығы болып тағайындалды.
2007 жылдан бастап аудандық жасөспірімдер кабинетінің терапевт-дәрігері ретінде қызмет атқарып, терапевтік қызметті басқарды. Бұл – медицинадағы ең күрделі және жауапты бағыттардың бірі болатын. Ол тек терапевт қана емес, сонымен бірге кардиолог, эндокринолог, невропатолог, психотерапевт ретінде де кәсіби шеберлігін көрсетті.
Зейнет жасына шыққаннан кейін де ол еңбек жолын жалғастырды. 2013 жылы дерматология бойынша білімін жетілдіріп, дәрігер-дерматолог болып қызмет етті. Соңғы жылдары Павлодар қаласындағы «Дәрігерлік-дене шынықтыру диспансерінде» терапевт-дәрігер қызметін атқарды.
Құндақпай Жанасұлының өмірі – адалдық пен еңбекқорлықтың, адамгершілік пен кәсібиліктің айқын үлгісі. Ол жарты ғасырға жуық уақытын халық денсаулығын қорғауға арнады.
Көп жылғы мінсіз қызметі үшін «Денсаулық сақтау үздігі» белгісімен, Денсаулық сақтау министрлігінің, кәсіподақ комитеттерінің, облыс және аудан әкімдерінің Құрмет грамоталарымен, Алғыс хаттарымен марапатталды.
Құндақпай Жанасұлының ең үлкен қуанышы – балалары мен немерелері болды. Үлкен қызы Айгүл – әке жолын жалғаған дәрігер, жоғары санатты маман, Павлодар облысының бас невропатологы, халықаралық симпозиумдар мен конференциялардың тұрақты қатысушысы, еңбегі үшін медальмен марапатталған. Кіші қызы Сәуле – білім саласының үздігі, тәжірибелі педагог әрі мектеп психологы, түрлі марапаттардың иегері. Ұлы Есенғали – бала тәрбиесі мен жеке кәсібін қатар алып жүрген азамат. Ал немерелері мен шөбересінің жетістігі – Құндақпай Жанасұлының ең үлкен мақтанышы еді.
Өкінішке қарай, Құндақпай Жанасұлы 2022 жылдың 9 тамызында дүниеден өтті. Оның қазасы – отбасы мен туған-туыстары үшін орны толмас ауыр қаза болды. Ол – отбасына тірек, балаларына қамқор әке, немерелеріне мейірімді ата, туыстарына арқа сүйер аға, достарына адал серік еді. Қызғаныш пен өзімшілдік деген қасиеттер оған жат болатын. Керісінше, ол әрдайым жақындарының табысына шын жүректен қуана білетін.
Құндақпай Жанасұлының жарқын бейнесі мен өмірлік өнегесі оны таныған әр адамның жүрегінде мәңгі сақталады.

Есенғали  Жанасов
 

Категория: История | Добавил: Admin
Просмотров: 386 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 5.0/5


Всего комментариев: 0
Verify you're human *: