Тұяқ Қажмағамбетұлы
21.06.2023, 21:06

Әке – ұрпақтың панасы, үйдің басшысы, әрі тәрбиешісі,сонымен қатар бір отбасының ғана емес, ауылдың, рудың қамқоршысы, ел ағасы. 1937 жылғы маусымның 13-і күні бізге ардақты да аяулы әке болатын Қажмағамбетұлы Тұяқ дүние есігін ашты. Руы Орта жүздің Қыпшақтан тараған Құлатай қыпшақтың тармағы Көзбек болып келеді. Әкесі Қажмағамбет өз заманының әлді тұратын  адамдарының бірі еді,  бірақ қазақ халқы тағдырында болған ұжымдастыру атты кезеңде, репрессия құрбаны болып, басқа төнген қиындықтар әсерінен зардап шегіп, ерте қайтыс болды.  Әкеміз Тұяқ  болса, сол бір қаралы күннен 40 күн өткенде туған еді. Тумай жатып әкесінен айырылған баланың сол кездері қиындыққа толы болды: анасы – жесір, бала жетім болып, өмірдің ащысын толығымен басынан өткізді. Кәкім, Махмет және әкемізбен, яғни үш ұлымен жетімсіреп қалған анасы балаларының қамын ойлап,сол кездің әмеңгерлік дәстүріне тізе бүгіп, қайын інісіне тұрмысқа шығады, одан Рюза атты қыз бала көреді. 
Сол кезеңнің ауыртпашылығына қарамастан, әкеміз Ақсу ауылындағы шағын 4 класс мектептің 3 сыныбын аяқтайды. Оқумен қатар  ағаларымен бірге сайын даланың егістіктерінде  масақ теріп, әкесінің орнына талай қиын жұмыстарды атқарады. Әке орнына әке бола алмаған адамы кетіп қалғандықтан, анасының қолдаушысы да, қиындықта қорғаушысы да  ретінде өзін сезініп атқарған. Кейін жағдайлары одан да төмендеп,  олай ойлап, былай ойлап, Жуковка деген орыс еліне көшуге мәжбүр болады. Бұл жерде де  ағаларымен картоп масағын теріп, шөп жинап, жылқы бағып өмір сүріп жатты. Бірақ қиындықтар азаймады, одан да орай өршіп, талай- талай қоныстарды ауыстыруға мәжбүр болды. 
«Туған жердей жер болмас ...» дегендей, ақыры туған жерінің топырағы тартып, 1956 жылы Амангелді еліне қайта оралған әкеміз сол жылдан бастап қой бағумен айналысты. Әкеміз өте еңбекқор адам. Балалық шағымыздан әкеміздің  тыным таппай еңбек еткенін көріп өстік. Өз ісіне  деген тиянақтылығы мен адалдығының арқасында 41 жыл үздіксіз  еңбектенген әкеміз «Еңбек ардагері», «Мал шаруашылығының 1 класс шебері», сонымен қатар соғыс кезінде тылдаҰлы Жеңістің 75-жылдығы қарсаңында медальмен марапатталып үлкен құрметке бөленді және 9-мамыр қарсаңында әкемізге  тыл еңбеккері медалі табыс етілді. Ерен еңбегінің жемісін әлі де көріп жатыр. 
Әкеміз зейнетте болса да,немерелерінің тәрбиесіне үлкен үлес қосуда. Басынан өткен-кеткенді, жоқшылықта өткен балалық кезін, басынан қиындық кетпеген, тек балаларының аман-саулығын еңіреп тілеген Әзина анасын, өмірден озған ағаларын, қарындасын, тағы басқа туған- туысқандарын, дос- жарандарын, ауылдастарын   күрсініп  есіне алып, «барыма шүкіршілік, балаларыма ұзақ ғұмыр» деп ақ батасын беріп отырады.
Бір қызығы, әкеміздің кейде болмасын айтып қалатын  бір ішкі арманы болатын, ол мұғалім мамандығын өте қатты ұнататын. Бүгінгі таңда сол қиялы мен арманын балалары әдейілеп орындағандай: 3 қызы және немересі Дана ұстаздық мамандығын таңдап,  тынымсыз еңбектенуде және белгілі дәрежелерге де қол жеткізіп отыр.
1962 жылы Омбы облысы Ульянов ауданы Бисембай-Әшен ауылының тумасы  Пішембаева Жібек  Жұмашқызымен отбасын құрды.  Орыс мектебінің 8 сыныбын тәмамдаған Жібек анамыздың жоғары білімі болмаса да, өте сауатты адам. Анамыз басында  әкеміздің қасында, кейін мектеп- интернатында   үздіксіз  жұмыс жасаған адам. Әкеміз екеуі де аянбай еңбек етіп, ауыл шаруашылығының дамуына, өркендеуіне шексіз үлес қосқан жандар. Біздің есімізде анамыздың өткізген әдебиеттік кештері, үйде барлық жұмысты аяқтап болғасын, кешке қарай  бізге өзі оқыған әдебиеттен, тарихи немесе шытырман оқиғалардан үзінді оқығаны. Анамызбен өткізген әрбір кеш біздің оқуға деген құштарлығымызды оятқан секілді. Осындай әдеби кештерді өзінің құрбы-құрдастарымен газет-журналдарды оқып, поштадан күйтабақ ойнатқыш жаздырып алып,ертегі-жырларды, ән-күйлерді тыңдап отырған екен. Мектеп интернатында жұмыс атқарған анамыз дәл солай интернат балаларына да әңгімелер оқып, кештер ұйымдастырған. Айгуль апамыздың айтуынша,  анасының тәрбиеші қызметіне тамсана қарап, өзі де мұғалім болуға бел буған екен.
Бүгін де ардақты анамыз құрметті зейнетте, 2 ер бала – Бекзат, Кенжебай және 4 қыз – Бибигуль, Айгуль, Гүлжан, Мадинадай қыз тәрбиелеп өсіріп, «Күміс алқа» иегері болып отыр. 
Ата-анамыз бізге «көзі ашық ел азаматтары болсын» деп тілеп, біздің оқығанымызды шын жүректен қалаған адамдар. Бүгін де ата-анамыздың тілектері толықтай орындалды. Біз, балалары, жоғары білімді мамандар атанып, өмірде әрқайсымыз өз қазығымызды қақтық дей аламыз. Әрқайсымыз ата-анамыздан алған тәлім- тәрбиені балаларымыздың бойына сіңірудеміз және әр салада,  ұстаздық, инженерлік, дәрігерлік  т.б, табысты еңбек етудеміз.
Баға жетпес байлығымыз  –  анамыз бен  әкеміз, биыл 61 жыл бірге жасасып,  бойлары адами қасиеттерге толы,жүректерінің жылулығы, мейірімділігі мен кеңпейілдігін жан- жағына нұрдай шаша отырып, балаларының құрметіне, 14 алтын асықтай немерелері мен кішкентай   шөберелерінің сүйіспеншілігіне бөленіп отыр. 
Әкеміз Тұяқ – біз үшін ұрпақтың панасы, анамыз Жібек – бүкіл  жайқалған отбасымыздың тірегі, біздің- бастауымыз, біздің- бәйтерегіміз. Біз, жапырақтары, осы өмірге әкеліп, бізді алтын алақандарының аясында «қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай», ақ сүтімен, адал еңбегімен  аялап өсірген ата- анамызға әрдайым ризамыз! Әр басқан сәтті қадамымыз сіздер үшін! Сіздердің мақтанышыңыз болу- біздің арманымыз! Әулетіміздің киесі, жүректеріміздің иесі, ақылшымыз, ардақты, баға жетпес байлығымыз ата-анамызға көп ғұмыр тілейміз! 

Категория: История | Добавил: Admin
Просмотров: 395 | Загрузок: 2 | Рейтинг: 5.0/5


Всего комментариев: 0
Verify you're human *: