Алыс жүрсем мен сені аңсай жүрем,Сағыныштан өзіңе ән сап жүрем туған жер...деп бастағым келеді. Әкемнің түп атасы Асылбек руы Арғын,оның ішінде Қозған, Омбы қаласының Қозған ауылында дүниеге келген. Ата-бабаларымыз Ресейдегі Омбы қаласының, Қозған ауылында тұрған. Омбы орыс елі болса да, Қозған ауылында қазақтар мекендеген,сол ауылдың тумасы, ұлы әжеміз Мәмилә апай Түгел батырға төрт атадан қосылады емші, балгер, өмірде не болатынын алдын ала болжайтын. Барлық балалары Қазақстанда тұрды. Әкем Асылбеков ажан (Шаммұхамед) 1911 жылғы, Омбының қазақ араб медресесін бітірген, араб тілінде жатық сөйлеп, құран кітабын оқып, араб тілінде жаза білді. Ұлы Отан соғысының ардагері, ұлағатты ұстаз.Анам Шәйінке 1928 жылғы, сегіз бала тәрбиелеген ардагер ана. Мен бала кезімнен әкем сияқты ұстаз болуды армандайтынмын. Сол арманыма жеттім.
Мен, Асылбекова Жібек Шажанқызы 1958 жылы Ертіс ауданы, Қостомар ауылында тудым. Үлгілі ауылында бақытты балалық шағым өтті. 1965 жылы Ертіс ауданы, Үлгілі ауылының сегіз жылдық мектебінің бірінші сыныбына оқуға бардым. 1973 жылы сегіз жылдық мектепті жақсы аяқтап, 1973 жылы Павлодар Воровский атындағы педагогикалық училищесіне оқуға түсіп, 1977 жылы аяқтадым. Сол жылы Үлгілі сегіз жылдық мектебіне жұмысқа орналастым, бастауыш сынып мұғалімі болып. 1978 жылы сол ауылдың жігітіне, Әбілманов Төлеген Ықласұлына тұрмысқа шықтым. Жаңа оқу бітіріп келген жас маман ауылда малдәрігері санитар болып жұмысқа орналасты. Екі кішкентайымыз бар. Ықлас Айзат Төлегенұлы 1980 жылы дүниеге келді. ППУ бітіріп, қазір Павлодар қаласындағы 9 лицей мектебінде дене шынықтыру пәнінің мұғалімі. Әбілманов Ринат Төлегенұлы 1983 жылғы Алматы МВД академиясын бітіріп, следователь, қазір Каспий банк меңгерушісінің орынбасары. Біз жас маман, жаңа оқу бітіріп келген ауылда жұмыс болмады. Жан- жақтан жұмыс іздей бастадық. 1980 жылы Панфилов совхозына қоныс аудардық. Панфилов орта мектебіне орыс сыныптарына қазақ тілі пәнінен беретін мұғалім болып орналастым. Жолдасым Панфилов совхозында малдәрігері болып орналасты. Осы совхозда бес жыл тұрып жұмыс істедік. 1984 жылдың күзінде Амангелді совхозына, Әбілманов Төлеген Ықласұлы, жас маман Ертіс ауданының жолдамасы бойынша малдәрігерлік-зоотехниктік мамандығы бойынша жұмысқа орналасады. 1985 жылы Амангелді совхозына қоныс аудардық.
Мен Амангелді орта мектебіне бастауыш сынып мұғалімі болып жұмысқа орналастым. Мектеп директоры Асылбаев Намыс Мұқатайұлы болатын. Совхозда қазақ сыныптары жаңа ашылып
жатқан кез, ата- аналармен көп жұмыс істедік, балаларын қазақ сыныбына бергендей. Ең бірінші қазақ сыныптары балабақшада ашылды. Бала бақша меңгерушісі Безухова В.И., орыс тәрбиешілеріне қазақ тілін үйрену үшін факультативті сабақтар өткіздім. Қазақ сыныптары ашылуына өз үлесімді қостым. Келесі жылы ата- аналар да, балаларын қазақ сыныбына
бере бастады. Енді қазақ сыныптарына жаңа кітаптар блок-блокпен шығарылған мектепке келе бастады. Мектепте бірінші сыныптар үшін, үш бөлме тағайындады, сабақ оқитын, ойнайтын,
ұйықтайтын бөлмелер. Жылдан жылға ата- аналар балаларын қазақ сыныптарына берді, бірте- бірте орыс сыныптары жабыла бастады. Қазақ ауылында бірыңғай қазақ сыныптары бой
көтерді, іс шаралар қазақ тілінде жүргізілді. 1993 жылы тұңғыш рет елде Наурыз тойы өтті. Сценарий құрып ауыл адамдары, оқушылар, әжелер тобы өздерінің өнерлерін көрсетіп, ауылда болатын Наурыз тойына белсене қатысты. Сагадиева Мінкеш, Салиқа апай домбырамен өлең
айтқанда тойды көтеріп жіберуші еді, Мусапирова Кукла, Баймышева Қағира өздерінің әндерімен елді тамсандырып, талай салт- дәстүрді мағынасына келтіріп көрсетіп, талай сайыстарда жүлделі орындарға ие болды. Әжелер тобына Мукашева Қапия, Қабжалялова Тоты да өз үлестерін қосты.
Наурыз той, елдегі Сабан тойға да мұғалімдер, оқушылар, ауыл адамдары атсалысып бірге тойлап, қуаныштарында шек болмады. Ертіс аудан орталығында Наурыз тойы өткенде киіз үйді әшекейлеуге, Мукашева Қапия, киіз үйдің сыртының оюын тігіп, әжелер тобы концерттік нөмірмен аудан орталығынан бірінші орын, мақтау қағазымен,ақшалай сыйлықпен оралған болатын. Мектептен тыс тәрбие жұмыстарын өткізуге совхоз мәдениет үйінің меңгерушісіне сценарий құру жағынан көмектесіп жүрдім. Сол кезде совхоз директоры Кадыров Жылқыбай Бейсембайұлы болатын. Сонымен қатар тағы да қызық жағдай Құрбан айт кезінде,айт шалып бір үйде ет жесек,
екінші үйде шай ішіп соңы Салиқа апайдың қолдауымен ән айтып, би билеп, Сейфуллина Диаш апай үнді биін нақышына келтіріп билейтін. Сол кездегі тамаша күндер - ай десеңші. Ауылдағы той-думанды да өткізіп жүрдім. Көршім, Әйткен Бейсембайұлының Шолпан қызының тойын, Әмір Қарағатейұлының Айнагүл қызының тойларын мен өткізген болатынмын. Өзім журнал, кітаптардан ізденіп сценарий құрып, шығармашылық іздену жолында болдым. Ең нағыз қызықты да, шығармашылық шағым Амангелді ауылында өтті. Амангелді орта мектебінің мұғалімдері өте ұйымшыл, білімді мұғалімдер көп болатын. Қабжан Шорманұлы бір жылдары мектепте араб тілі әліпбиін танытудан қосымша сабақ өткізді. Оқушылармен бірге мен де қатысқан болатынмын. Арабша әріптерді танып, үздік аяқтап шықтым. Қазір арабша оқып,жазып білемін. Мен оқушыларыммен, араб тілінде факультатив сабақ өткіздім Иса Байзақов ауылындағы, Максим Горький орта мектебінде, екі оқушым Мусиндар әулетінен бас иман болып шыққан, жан- жақта имам болып жұмыс істейді. Мусин Дархан Түркиядан араб медресесін бітіріп, Шымкентте қазақ медресесінде ұстаз болып істейді. Мен сол балалардың арабша әліпбиін танытып, арман қарай
өздері оқып кетті. Ата- анасы осы уақытқа дейін маған рахметін айтуда. Қабжан Шорманұлы менің ұстазым болған, араб тілінен маған дәріс берген. Мен сол кісіге рахметімді айтамын. Амангелді ауылында мен оқытқан оқушыларым қаншама Асылбаев Еркебұлан, Якушева Ира т.б білдей маман иелері. Сондай ақылды, саналы оқушыларым барына мақтан етемін. Амангелді ауылында өмірімнің бір бөлшегіқызықты, қуанышқа толы болды деп айтамын. Өткен өмір ешқашан қайтып келмейді. Сол кезде өмір сүрген адамдардың көбі қазір жоқ,бақилық болып кетті. Амангелді ауылының адамдары сондай қонақжай, қазақи, бір- біріне сыйластықпен қарап, келген қонақты жақсы күтіп, сыйластықпен шығарып салатын. Мына өлең жолын арнағым келеді.
Қайда жүрсем де, Амангелді ауылын айта жүрем,
Сағыныштан өзіңе ән салып жүрем, ауылым.
Ауылымның адамдары қымбат маған,
Қымбат маған белдері-ай, күн қақтаған туған жер.
1997 жылы жұмыс бабымен Иса Байзақов совхозына қоныс аудардық. Максим Горький атындағы орта мектепке бастауыш сынып мұғалімі болып жұмысқа орналастым. Сол ауылда 12 жыл тұрдық, мектеп аралас орысша- қазақша сыныптар. Жалпы ауыл орысшаланып кеткен. Адамдарында бір- бірімен қатынас жоқ. Менің балаларым сол ауылға әзер үйренді, осы Максим Горький орта мектебін жақсы аяқтап, жан- жаққа оқуға түсті. 2005 жылы совхоз түгелі жойылып, халық жан- жаққа көше бастады, біз де Павлодар қаласына қоныс аудардық. 2005-2009 жылдар аралығында Павлодар дарынды балаларға арналған музыкалық мектеп-интернатының бастауыш сынып мұғалімі болып жұмысқа орналастым. Бұл мектепте оқушылар сабақ музыкамен байланысты,орта буынды аяқтап, 9-сыныптан кейін оқушылар музыкалық колледжге түседі, әртүрлі музыкалық
аспапты игеріп шығады. Осы мектеп ашылуына көп еңбегім сіңді. 2009-2018 жыл аралығында Павлодар қаласының No 17 орта мектебіне жұмысқа орналастым бастауыш сынып мұғалімі болып.
Осы аралықта оқушыларым Абай оқуларына, олимпиадалық ойындарға, арақашықтық сайыстарға белсене қатысып жүлделі орындарға ие болды. Оқушыларым мемлекет аралық бақылау жұмыстарын да 100%-ға орындады. Осы мектепте жұмыс істеп зейнеткерлікке шықтым. Қазір мектепте мерекелер болса, қарттар күніне міндетті түрде зейнеткерлермен бірге қонаққа шақырып тұрады. Қазір бастауыш сынып арасында, No 25 мектеп оқушыларымен репититорлық жұмыспен айналысамын. Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға-, деп, мұғалімдік жолым әлі де жалғасуда. Ұстаз бейнесі- шәкірт үшін адамгершіліктің ең жоғарғы үлгісі. Ұстаз болу, кез келген адамның қолынан келе бермейді. Шәкірт тәрбиелеу, оны биікке жетелеу, қанаттандыру, жаны мен тәнін, болмысы мен барын беру тек ұстаздың қолынан келетін қасиеттер. Әрбір көзі ашық адам
сауатын ашу үшін ең бірінші ұстазға жүгінеді. Ал ұстаздың міндеті ештеңеден хабары жоқ шәкіртті, тұлға дайындау. Тарыдай болып кіргеніңізден бастап мектеп қабырғасында еркелігіңді көтеретін де, қателіктеріңді көтеретін де, сабақ бере отырып сүйіспеншілікке баурайтын да, махаббатқа
тәрбиелейтін де, өмір сүрудің қыр сырын үйрететін де ұстаздар қауымы. Таудай болып шыққан күніңізден де талабыңызға тілекші болып отыратын тағы да ұстаз. Мейлі сіз ғалым болыңыз, жұлдыз, тіпті беделді азамат, президент болып кетсеңіз де, сізді осы өмірге жетелеген, осы шыңға жетуге себепші болған Ұстазды ұмытуға болмайды. «Адамның адамшылдығы жақсы ұстаздан», деп Абай хәкім айтпақшы, әрбір ісіңіз жеңіске жетіп жатса,оның артында ұстаздың еңбегі барын есте сақтаңыз.
Жібек Шажанқызы |