Бану Қабжәләлқызы
05.12.2025, 21:16

Ана – адамның ғана емес, бүкіл әулеттің тағдырын қалыптастыратын ұлы тұлға. Ананың мейірімі – жанға жылу, ананың ақылы – жолға бағдар, ананың еңбегі – ұрпақтың баянды болашағының негізі. Өмірде қанша асу, қанша бұрылыстар болса да, адам баласын жетелеп, демеп, алға бастаушы күш – ана жүрегі. Әрбір перзент үшін анасының өмірі – өнеге, оның үні – сағыныш, бейнесі – мәңгілік шамшырақ. Ана тағдыры көбіне үнсіз еңбекпен, көзге көрінбес жанқиярлықпен өріледі. Ол отбасының берекесін бекемдеп, ұрпағының рухани тірегіне айналады. Ананың әрбір ісі мен сөзі баланың бойына адамгершілік дәнін сеуіп, өмірге деген сенімін қалыптастырады. Осындай асыл қасиеттерімен ана бейнесі әрдайым биік, әрдайым қастерлі болып қала береді. Бәну Қабжәләлқызының өмір жолы да дәл осындай мейірімге, еңбекке, парасат пен төзімге толы шырайлы ғұмыр болды.
Бәну Қабжәләлқызы 1939 жылдың 20 наурызында Павлодар облысы Ертіс ауданының Пушкин  ауылында дүниеге келген. Ол кезде әкесі осы ауылда ұйымдастырылған Пушкин ұжымшарында есепші болып еңбек етіп, кейіннен сол ұжымшардың төрағасы қызметін атқарған. 1946 жылы әкесі өзінің туған Ақсу ауылындағы «Жаңа таң» ұжымшарына төраға болып тағайындалуына байланысты отбасы туған ауылына қайта көшіп келеді. Бастауыш білімді Бәну апай сол жерде Хамза ұстаздан алып, 4-сыныптан кейін оқуын Ертіс ауылында жалғастырады.
Әкесі ерте дүние салғаннан кейін, 9-сыныпты бітірген Бәну Қабжәләлқызы анасына және бауырына қолдау көрсету мақсатымен Ақсуға қайта оралады. Тың игеру жылдарында жаңадан құрылған Амангелді кеңшарында есепші көмекшісі болып еңбек жолын бастап, өзінің тындырымдылығы, ұқыптылығы арқасында кейін білікті есепші, жауапты қызметкер атанды.
1960 жылы тұрмыс құрып, Ертіс ауданының Беловодск кеңшарына қоныс аударады. Мұнда 1967 жылға дейін есеп бөлімінде қызмет етіп, адал еңбегімен абыройға бөленді. Осы жылдары бір қыз, екі ұлды дүниеге әкеліп, отбасының ұйытқысы, шаңырақтың тірегі болды.
1967 жылы отбасы Павлодар облысы Май ауданындағы «Спутник» кеңшарына көшіп барады. Ал 1976 жылы туған жері – Ертіс ауданы Амангелді ауылына қайта қоныстанады. 1976-1992 жылдар аралығында осы кеңшарда есеп бөлімінде үздіксіз еңбек етіп, ұжымның сенімі мен құрметіне ие болды. Оның кісілігі, адамдық парасаты, әділдігі, сабырлы мінезі, кісілерге деген мейірбандығы мен ізгі ниеті әріптестерінің ғана емес, бүкіл ауылдастарының жүрегіне жол тапты. Бәну апайды еңбек жолында да, күнделікті тұрмыста да жанашыр, адал, қайырымды жан ретінде барша жұрт қадірледі.
Ұзақ жылғы маңдай тері мен табанды еңбегінің арқасында ұл-қыздарын өсіріп, оқытып, жоғары білім алуларына жағдай жасап, олардың саналы азамат болып қалыптасуына зор үлесін қосты.
1992 жылы зейнетке шығып, Екібастұз қаласына қарасты Солнечный кентіне қоныс аударады. Зейнет жасында да қоғамнан шет қалмай, Солнечный мешітінде қызмет атқарып, елдің рухани өміріне белсенді араласты. Немере сүйіп, шөбере көріп, үлкен әулеттің ақылшысы, береке дарытқан ақ жүректі анасы атанды.
Өмір бойы айналасына шуағын шашып, кімді көрсе де мейіріммен қарайтын, жан баласына жақсылық тілеп жүретін Бәну Қабжәләлқызы 2022 жылдың 6 қазанында 83 жасында дүниеден өтті.
Оның ғұмыры – адамгершілік пен ізгіліктің, маңдай тер еңбектің, отбасыға деген шексіз сүйіспеншіліктің жарқын үлгісі.
Ана – адам жүрегіндегі ең киелі орын. Перзент үшін ананың орны – ешқашан толмайтын, уақыт та өшіре алмайтын, ойдан да, сезімнен де жоғалмайтын ерекше кеңістік. Бәну Қабжәләлқызының артында қалған ұрпағы оның аманатын жалғап, өмір жолын жалғастырып келеді. Өйткені ана – өлмейтін ұғым, жүректе жасайтын жарық сәуле. Уақыт алға жылжыса да, оның мейірімі, сөзі, нұсқаған жолы, үйреткен үлгісі – бәрі-бәрі ұлдары мен қызының жүрегінде мәңгілік сақталады. Балалары үшін ол әрдайым – тіршіліктің мәні, өткеннің естелігі, бүгіннің қуаты, болашаққа жол нұсқайтын шырақ болып қала береді.

 

Мұрат Сабырұлы
 

Категория: История | Добавил: Admin
Просмотров: 39 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 5.0/5


Всего комментариев: 0
Verify you're human *: