Өмір – қас қағым сәт, ағып өтетін судай. Әрбір адамның бұл жалғандағы ғұмыры – өзіндік бір мағыналы сапар. Бұл сапардағы әрбір қадам, әрбір еңбек – кейінгі ұрпаққа қалдырар өшпес мұра. Адам баласының басты мұраты – тек өзі үшін емес, туған жерінің, өскен елінің, тірлігін кешкен ауылының өсіп-өркендеуіне үлес қосу. Осы бір қасиетті міндетті жан-тәнімен арқалап, еңбегімен өрнектеген асыл азаматтардың бірі – Қайыр Амангелдіұлы. Оның өмір жолы – адалдықтың, еңбекқорлықтың және туған жерге деген шексіз сүйіспеншіліктің айқын көрінісі. Қайыр Амангелдіұлы әулеттің екінші перзенті. Ол дүние есігін 1947 жылдың желтоқсан айының үшінші жұлдызында Қарақұдық ауылында ашқан. Тек сол жылы қатты боран болып, ауылдық акиматқа айналған Қызылқақ ауылдық округіне (Пушкин колхозы) жете алмағандықтан, туу туралы куәлігі сәл кешіректеу істелініп, онда туған күні 1948 жылдың 2-ші сәуірі деп берілген.
1955 жылы тың игеру науқаны басталып, Амангелді ауылы құрылған болатын. Атамыз осы Амангелді ауылында ең алғаш мектеп табалдырығын аттаған екен. Ол 1-4 сыныптар аралығында орыс мектебінде оқыған, кейін Пушкинде бір жыл оқып, ауылға қайта келіп 8-сыныпқа дейін орта білім алған.
Мектепті бітірісімен арман қуып 1964 жылы Омбыға аттанады, онда Омбы құрылыс техникумына (Омский строительный техникум) оқуға түседі. Омбыда 4 жыл шамасында оқиды, оқу барысында Комсомол жолдамасымен жарты жыл бойы газ құбырының трассасы «Средняя Азия-Центрде» жұмыс істейді.
Оқуын аяқтаған соң, Отан алдындағы борышын өтеу үшін Забайкальский военный округке, яғни, әскерге 2 жылға аттанады. 1969 жылы әскери борышы жақсы атқарып жүргені үшін 10 күндік демалысқа ауылына жібереді. Дәл осы кезде ол туысқанының үйіне қонаққа келген Роза Жәкудақызын кезіктіреді. Екі жастың көңілдері жарасып, хат алмасып жүреді. Кейін әскерден келісімен, 1970 жылдың 15 тамыз күні шаңырақ көтереді.
1971 жылы атамыздың тұңғыш қызы Кадиша, 1973 жылы Бауыржан, 1975 жылы Нуржан, 1977 жылы Ержан, 1982 жылы Алия, 1986 жылы Жанар мен Жұлдыз атты балалары дүниеге келеді.
Әскерден келген бетте ауылға жұмысқа орналасты. Өзінің еңбек жолын мастер болудан бастады. Сырғыған уақытпен бірге жасы да, қызметі мен мәртебесі де жоғарылай берді. Осылайша 1970 жылдан бастап 1993 жылға дейін «главный прораб» қызметін, 1993-1998 жылдар аралығында орталық мекемеде бас экономист қызметін, 1998-2008 жылдар аралығында Карагатеевтердің жеке шаруашылығында бас бухгалтер қызметін, ал 2008-2011 жылдар аралығында СПК ашылысымен, СПК төрағасы қызметін атқарған.
Ауылды көркейту мақсатында 47 жылға жуық еңбек етіп, 2011 жылы өзіне тиесілі зейнет демалысына шықты. Каир атамыз Амангелді ауылының көркеюіне мол үлес қосқан жандардың бірі. Ауылымыздағы мектеп, балабақша, мәдениет үйі, мал, қой баздары, пост, тұрғын үйлер атамыздың басшылығымен салынған. Мадақтауларына келетін болсақ, 1970 жылы Лениннің 100 жылдығына орай «За воинскую Доблесть» медалімен, алғыс хаттар мен мақтау қағаздарымен марапатталған. Қазіргі таңда атамыз еліне елеулі, халқына сыйлы дара тұлға. Атамыздың 7 баласы, 11 немересі, 5 жиен немересі, 3 шөбересі бар.
Қайыр Амангелдіұлы 2025 жылдың 9 маусымында 78 жасқа қараған шағында дүниеден озды.
Кез келген адамның өмірі аяқталғанымен, оның артында қалдырған ізі, еңбегі мәңгілік жасайды. Адамды ұмыттырмайтын – оның өмір сүрген жеріне, халқына жасаған жақсылығы мен адал қызметі. Туған жер – әрбір азамат үшін киелі мекен. Қайыр Амангелдіұлы үшін де Амангелді ауылы тек қана туып-өскен жер емес, оның бар саналы ғұмырын арнаған, көркеюіне үлес қосқан қасиетті ортасы.Оның басшылығымен салынған мектеп, балабақша, мәдениет үйі және басқа да нысандар – оның Амангелді ауылының гүлденуіне жасаған зор еңбегінің айғағы. Ауыл тұрғындарының ыстық ықыласы, оған деген ізгі лебізі – кез келген марапаттан қымбат. Өйткені, нағыз баға – адамның жүрегіндегі жақсы естелік. Қайыр Амангелдіұлының есімі ауыл тарихында ұмытылмайтын із болып қалары сөзсіз. Ол өзінің еңбегімен, адамгершілігімен ауылдастарының жадында мәңгі сақталады.
|