Өмір – адамға берілген қысқа да қастерлі жол, ал сол жолдың мағынасы туған жермен, өткен күндермен және ата-баба ізімен өлшенеді. Әр әулеттің жадында ерекше орын алатын мекен болады, ол – бірнеше ұрпақтың тағдыры тоғысқан қасиетті ауыл. Атасы мен әкесі ұзақ жылдар бойы ғұмыр кешкен жерге деген ризашылық ешқашан көмескіленбейді. Өйткені ол ауыл – тек қоныс емес, еңбек пен бірліктің, қуаныш пен сабырдың мектебі. Осындай мекендердің бірі – Амангелді ауылы. Бұл ауыл талай азаматтың тағдырын шыңдап, отбасылардың берекесін бекемдеді. Амангелдіде өткен жылдар талай жан үшін өмірінің ең шуақты кезеңіне айналды. Сол ауылда адамдар бір-біріне жақын, ниеті ақ, тіршілігі тату болды. Қарапайым ауыл өмірінің өзі үлкен тәрбие мен терең мәнге толы еді. Ата-ана еңбегімен, адал маңдай термен қалыптасқан сол орта бүгінгі ұрпақ үшін өнеге. Сондықтан Амангелді ауылына деген алғыс пен құрмет жүректің түкпірінде мәңгі сақталады. Солай Амангелді ауылын әрдайым есінде ұстап өткен азаматтардың бірі Социал Мағзамұлы еді.
Мағзамов Социал Мағзамұлы 1940 жылғы 31 наурызда Павлодар облысы, Ертіс ауданы, Алтыншы ауылында дүниеге келген. Әкесі Смағзам Тастанбеков 1942 жылы Ұлы Отан соғысына шақырылып, майдан шебіне жеткенше Беларусь КСР аумағында хабарсыз кеткен. Ел аузындағы деректерге сүйенсек, ол мінген әскери эшелон өзен үстіндегі миналанған көпірден өту кезінде жарылысқа ұшырап, жолаушылардың басым бөлігі қаза тапқан.
Анасы Тастанбекова Қатира Кәрімқызы сол бір сұрапыл соғыс жылдары мен соғыстан кейінгі ауыр кезеңде екі ұлын жалғыз өзі тәрбиелеп өсірді. Тігіншілікпен айналысып, маңдай терімен күнелткен ана еңбегінің арқасында балалары аман қалып, өмірден өз орнын тапты.
1960 жылы Социал Мағзамұлы Кеңес Армиясы қатарына шақырылып, Ангарск қаласында мерзімді әскери қызметін бастайды. Қызметінің соңғы, үшінші жылында ол әскери борышын өтей жүріп, емтихан тапсырып, конкурстық іріктеуден сүрінбей өтіп, Қазақ мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтына оқуға түседі.
1962–1967 жылдар аралығында осы жоғары оқу орнында агроном мамандығы бойынша білім алды. Мемлекеттік емтихан комиссиясының 1967 жылғы 16 мамырдағы шешімімен оған ғалым-агроном біліктілігі берілді.
Социал Мағзамұлы студенттік жылдарын өміріндегі ең жарқын кезеңдердің бірі ретінде жиі еске алатын. Ол кезде Алматыны өзі «Алма-ата» деп атайтын. Бұл қала оған мәдениет пен рухани әлемнің есігін ашты: театрлар мен мұражайларды, көрмелерді аралап, өнер мен білімге жақын өсті. Сонымен қатар, студенттік өмірдің тұрмыстық әрі қаржылық қиындықтары оны төзімділікке, шыдамдылыққа үйретті. Ол достарымен соңғы бір үзім нанды бөліскен сәттерін жиі тебірене еске алатын.
Институтты тәмамдап, туған өңіріне оралған Социал Мағзамұлы Павлодар облысы, Ертіс ауданы, Голубовка ауылына агроном-тұқым өсіруші болып жұмысқа орналасты. 1969 жылы осы ауылдың тумасы Майра Садыққызы Сәбитовамен шаңырақ көтерді. Ерлі-зайыптылар бірге төрт бала тәрбиелеп өсірді.
1973 жылы Павлодар облысы, Краснокут ауданы, Карл Маркс ауылына бас агроном болып тағайындалып, екі жылдан кейін сол ауылда бас экономист қызметін атқарды. Бұл елді мекенде ол төрт жыл табанды еңбек етті.
1978 жылы Социал Мағзамұлы Амангелді ауылына қоныс аударып, 1992 жылға дейін бас экономист қызметін атқарды. 14 жыл Амангелді ауылында тұрып, араласып, тату-тәтті тұрды. Осы ауылда ұл-қыздары жетілді, кейбіреулері мектепті де бітірді. Амангелді ауылында Социал Мағзамұлының және оның отбасының ең қызықты да ұмытылмас жылдары өтті деп айтуған болады.
Кейін Тоқта ауылына ауысып, директордың шаруашылық жөніндегі орынбасары болды. Осы қызметте екі жыл еңбек еткен соң, ауылдық округ аппаратының басшысы қызметіне тағайындалып, зейнеткерлікке шыққанға дейін осы жауапты міндетті абыроймен атқарды.
Ауыл тұрғыны әрі басшысы ретінде ол ауыз су тапшылығынан бастап, әлеуметтік және тұрмыстық мәселелерге дейін елдің мұң-мұқтажын шешуге белсене араласты. Осы жылдарда өмірлік серігі Майра Садыққызы әрдайым жанынан табылып, тірек бола білді. Мамандығы есепші болған ол әр жылдары есепші, қойма меңгерушісі қызметтерін атқарды. Амангелді ауылындағы кірпіш зауытында қойма меңгерушісі болып жұмыс істеді. Бұл зауыт Ертіс өңірінде қызыл кірпіш өндіретін жалғыз кәсіпорын болып, ондаған адамды жұмыспен қамтыды. Тіпті жоғары сынып оқушылары да жазғы демалыс кезінде қосымша табыс тауып, еңбекке бейімделу мүмкіндігіне ие болды.
Социал Мағзамұлы – еңбек ардагері, көптеген алғыс хаттар мен мақтау қағаздарының иегері. Ол өзін үнемі білімге құштар, ізденістен жалықпайтын адам ретінде көрсетті. Ғалым-агроном бола жүріп, экономист, есепші, менеджер секілді бірнеше саланың қыр-сырын меңгерді.
Социал Мағзамұлы жан-жақты тұлға еді: көп оқитын, шахмат ойнауды ұнататын, түрлі той-томалақтарда тамада болған, ағаш ұсталығына әуес, ән айтатын, тіпті өлең де жазған. Оның осындай көпқырлы болмысы айналасына сыйлы, елге қадірлі азамат болуына негіз қалады.
Амангелді ауылында өткен жылдар – уақыт өткен сайын қадірі арта түсетін қымбат естеліктер. Ол кезеңдер ешқашан санадан өшпейді, қайта жылдар өткен сайын сағынышқа айналады. Осы ауылда балалар дүниеге келіп, тәй-тәй басып, есейіп, өмірге жолдама алды. Кейбірі дәл осы Амангелдіде мектеп бітіріп, үлкен өмірге қанат қақты. Ауыл көшелеріндегі балалық күлкі, мектеп қоңырауының үні, еңбекке араласқан жасөспірім шақ – бәрі-бәрі жүректе сақтаулы. Бұл жылдар отбасы үшін ғана емес, тұтас бір әулеттің тарихына айналды. Сол ортада қалыптасқан адамдық қасиеттер өмір бойы серік болды. Адам қайда жүрсе де, сол ауылдан алған тәлімін ұмытпайды. Амангелді – бір әулеттің ғана емес, тұтас бір дәуірдің куәсі. Ол жылдар – қайта келмейтін, бірақ ешқашан ұмытылмайтын кезең. Сондықтан Амангелді ауылында өткен өмір әрдайым ыстық ықыласпен, терең ризашылықпен еске алынады.
|