Қанжығалы руы Қаратілес атадан тараған Карагатеев Әмірғалы 1939 жылдың 29-шілдесінде Павлодар облысы Ертіс ауданына қарасты Кайманачиха совхозы Луговое ауылында өмірге келген. Туған жердің төсінен, яғни №5 бөлімшесінен бастауыш кластарды аяқтап, 1955 жылы Үлгілі ауылындағы 7 жылдық мектепті тәмамдауға қол жеткізген. 1956-1957 жылдары Северный ауылындағы училищеден механизатор мамандығын алып, еңбек жолының алғашқы баспалдағы Беловодский совхозының (Қостомар) №4 бөлімшесінде механизатор мамандығынан басталған. Дәл осы жерде табан аудармай 7 жыл механизатор тізгінін тізгіндеп, 1965 жылға дейін еңбегін ел алдына сіңірді.1942 жылдың 10-желтоқсанында Северный совхозының Төбелес бөлімшесінде өмірге келген Елетен Қыпшақ руынан тараған Тұрлыбекова Ізбасармен 1964 жылы шаңырақ көтеріп, Қайыр, Даулет, Даурен есімді үш ер бала мен Гүлнар, Сауле, Гүлсім және Әсем атты төрт қыз баланы дүниеге әкеліп, жұбайымен бірге қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсірген отағасы ұл-қыздарына жоғары білім беріп, бүгінде мәуелі қос бәйтеректің жапырақтары еңбектің түрлі саласында еңбек етіп, бір-бір тұлға болып қалыптасқан азаматтар мен азаматшалар.
1965 жылы отбасымен сол кездегі Кутузов совхозы, қазіргі атауы Майқоңыр ауылына қоныса аударып, 1977 жылға дейін осы ауылда жалынды жастық шақтың еңбек жолдары жалғасты.
Автогаражда «ГАЗ-53», «ЗиЛ-130» және тягач «Колхида» жүк көліктерін басқарды. 1971 жылы егін жинау орақ науқанында «СК-4» комбайнымен 1000 (мың) тоннадан артық дәнді-дақыл жинап, совхоздың жеңімпазы атанғанына кешегі тарих беттері куә. Кезектен тыс «Урал» мотоциклімен марапатталған.
1977 жылы Аманкелді совхозына қоныс теуіп, бірнеше жылдар бойы автогаражда жүк көліктерінде жүргізуші болып, ел дамуына өзінің өлшеусіз үлесін қосты. Орақ науқаны кезінде де комбайнға отыруды азаматтық парызым деп санап, бірнеше рет «Социалистік еңбек жарысының жеңімпазы» атанды. «Тың жерлерді игергені үшін», «Еңбек ардагері» медальдары мен «Знак почета СССР» орденінің иегері.
Бала тәрбиесімен қатар қоғамдық жұмыстан қол үзбеген аяулы ана Тұрлыбекова Ізбасар бірнеше жылдар бойы Аманкелді орта мектебінің қоғамдық жұмысынан қол үзбей, аталған мекемеден өмірдің зейнетін көрер 55 жасында зейнеткерлікке шықса, ал асқар тау әке 63 жасында зейнеткерлікке шықты. Балалардың барлығы Аманкелді орта мектебінде білім мен тәрбие алып, өмірге қанат қақты. Аманкелді орта мектебінің мұғалімдер ұжымы мықты болатын. Осы білім ордасы ұстаздарының адал еңбегі және өздерінің білімге деген құштарлығы арқасында балалары сапалы білім алды.
Ұрпақтарының жарқын болашағын ойлаған ата-ана балаларының бойына жақсы қасиеттер мен қабілеттерді қалыптастыра отырып, сауатты да, тәрбиелі, адамгершілік мол қасиеттерді бойларына дарытты.
Көзі ашық, көкірегі ояу әке мен ана ақпарат құралдары баспасөз басылымдары газет-журналдарға жазылуды да естен шығарған емес. Ондағы мақсат, балаларының рухани дамуына зор үлес қосу болатын. «За рулем», қазақ тіліндегі Республикалық «Мәдениет және тұрмыс», «Қазақстан әйелдері», «Жұлдыз», «Жалын», «Балдырған» «ФиС» журналдары мен «Комсомольская правда», «Пионерская правда», «Дружные ребята» газеттерінің барлығын үзбей жаздырып алып, парақталған әр бетіне шолу жасағандары бүгінгі күннің жемісіне айналып отыр. Пошташы Нина Лукиничнаны асыға күтетін. Сол кездері ауыл үлкен болатын.
Ата-ана балаларымен осы газет-журналдарды таласа-тармаса жүріп оқып, ой-өрістерін кеңейтіп, көп әсерге бөленетін. Ой-өрісті дамытатын ойын түрлерін ойнау да шетте қалған емес. Қыстың ұзақ кештері барлығы бірге үйде домино, шашки, шахмат ойнайтын.
Заман ағымына сай, бүгінгі таңда жастарымыз газет-журналдар оқудан алыстағанға ұқсайды. Балаға кітап оқуға сүйіспеншілікті ояту үшін ата-ана өздері кітапты қолға алып, үлгі көрсету керек. Міне, осындай ата-аналар кейінгі ұрпаққа өз үлгі-өнегелерін өрнектеп кеткен асыл жандар.
Салмақты мінезімен танылып, мейірімі мол ана мен өз ойын бүкпесін жеткізетін, тік мінезді, қара күштің иесі, еңбекқор әке ұрпақтарына кекшіл емес көпшіл болуды, кез-келген адаммен тіл табыса білуді, кісі киік болмауды жан-дүниелеріне сіңіріп кетті.
Карагатеев Әмірғалы арыстандай айбатты, қайсар жүректі,кемшілікке, әділетсіздікке жаны қас болатын, реті келген жерде кім болса да бет-жүзіне қарамай, өзінің пікірін бүкпесіз кесіп айтып салатын. Мінезсіз адам болмайды. Айтқанынан қайтпай қалатын кездері де бар. Бірақ ашуы тез қайтатын. Қазақ айтады: "Жақсы адамның ашуы- жібек орамал кепкенше",- деп, бұл кісі дәл сондай еді.
Көрші қақысы, Тәңір ақысы демекші бұл кісілер ширек ғасырдан астам көпбалалы отбасы Сағадиевтер отбасымен тату – тәтті өмір сүріп, балалары тайдай тебісіп, бірге ойнап,бірге мектепке барып, есейіп кетсе де сол сыйластық бүгінгі күнге дейін жалауын құлатқан емес. Бір төбеде 1977 жылдан бері өмір сүріп келеді.
Балаларының аяулы анасы 1999 жылдың 1 желтоқсанында, асыл әкелері 2005 жылдың 14 наурызында келместің кемесіне ерте мініп, өмірмен қош айтысты. Асыл әке мен аяулы ана екеуі де Қарақұдық зиратына жерленген.
 
|