Кәкім Қажмағамбетұлы
31.05.2023, 12:05

Жер бетінде адамдардың жүрегінде мәңгі сақталатын ерекше әсер қалдыратын орындар бар. Кәкім атамыз үшін осындай орын – туған жері, Павлодар облысындағы Амангелді ауылы еді. 1950-жылдардың ортасында тағдыр оны қайта осы жаққа әкелді, және дәл осы жерде оның өмірінің ең маңызды, еңбекке толы әрі бақытты кезеңі өтті.Амангелдіде өткізген жылдарға арналған естеліктер – жай оқиғалар тізбесі емес, дала шөптерінің иісімен, шексіз кең дала көріністерімен, оттың жылылығымен және ауылдастарының ізгі ниетімен өрілген тірі өмірдің әдемі көрінісі. Амангелді ол үшін тек картаның бір нүктесі емес, рухының туған жері болды. Мұнда әр күн адал еңбек, отбасыға қамқорлық және өз ісіне берілу мәнімен толы еді.Осы топырақта Кәкім ата тек өмір сүріп, еңбек қана еткен жоқ – терең тамыр жайып, өз әулет ағашын өсірді, енді оның бұтағы ұрпақтарға көлеңке беріп отыр. Оның өмір жолын ойласақ, адамның өмір сүрген жері оның мінезін, құндылықтарын қалыптастырып, жадымызда өшпес із қалдыратыны анық.
Қажмағамбеттен үш ұл: Кәкім, Махмет, Тұяқ тарайды. Олардың ішіндегі үлкені болған Кәкім атамыз 1926 жылы 9 мамырда Көкшетау облысы Қызылту ауданында дүниеге келген, руы – Қыпшақ, дәлірек айтқанда, Бұлтың руының Құлатай Қыпшақ шыққан Қозбек тармағынан. Көп қиыншылық пен ашаршылық көрген бұл ағайындар тату болып, бір-біріне қамқор болып өскен.
Кәкім атамыз жеті жылдық мектепті бітіргеннен кейін шешесі Әзинамен бірге жұмыс істеді. 1944 жылы 15 қарашада ол Қызылту аудандық әскери комиссариатына шақырылып, әскер қатарына қосылды. 1944–1950 жылдары Алматы қаласында әскери борышын өтеп, ол жерде қызмет етті.
Атамыз: "Менің қолдан жасалған ағаш чемоданым бар еді. Әскерден қайтқан жылы сол чемоданға Алматының алмасын әкелгенімде, Әзина шешем көзіне жас алып, әлгі алмаларды төртке бөліп, көрші балаларға таратып берді. «Сондай мейірімді жан болатын»,- деп анасын жиі еске алатын.
Асқар таудай әкеміз, ардақты атамыз сабырлы, жауапкершілігі мол, еңбекқор жан еді. Ағайынды бауырына тартып, әр шаңырақтың қамын ойлаған. Бауырларына әке орнында әке болып, оларды үйлендіріп, жеке отау қылып шығарған.
1951 жылы ол Павлодар облысы, Ертіс ауданы, Амангелді совхозына көшіп келді. Сол жылдан бастап ауылда жұмысшы болып, еңбек жолын бастады. 1952 жылы атамыз Сақып-Жамал әжемізбен шаңырақ көтеріп, көп қиындық көріп, өмірдің ыстығы мен суығын, ащысы мен тәттісін бірге татты. 1953 жылы олардың тұңғыш баласы Қыдырбай дүниеге келді. Әжеміз өмірге барлығы он бала әкелді: жеті қыз, үш ұл. Көп балалы ана ретінде ол «Батыр Ана» алтын медалімен марапатталды. Әзина енесінен тәрбие алған Сақып-Жамал әжеміз өте мейірімді, салмақты мінезімен адал келін болды. Екі қайын інісінің аттарын атамай, Махмет қайын інісін «Тетелес», ал Тұяқты «Мырза жігіт» деп еркелеткен. Бұл әдет оның қазақ салт-дәстүріне деген терең құрметін көрсетсе, сонымен бірге Сақып-Жамалдың нақтылы қазақ келіні екенін дәлелдеді.
1954-1956 жылдары атамыз жылқышы болды. Күні-түні жылқының соңында жүрді. Қыста қатты боранда жылқылар көрінбей кететін, талай қасқырлар шапқан күндер де болған екен. Атамыз осындай әңгімелерді жиі айтып отыратын. Әсіресе, Әзина анасының тазалығын, нанның үгіндісін жерге түсірмейтінін, сырмақ тігіп, алаша тоқитын өнерлілігін есіне алып отыратын. Атамыздың да қолынан бәрі келетін шебер еді. Ауылда үй, қора, пештерді салған, тіпті дөңгелек үстелге дейін жасаған. Атамыз көп газет, журнал оқып, радио тыңдап отыратын.
Амангелді совхозы мен Қарақұдық ауылының ортасындағы құс фермасының жанында шабандардың қыстауы болды. Кәкім атамыз 1957 жылы бір отар қой алып, шабан болды. Шабандық жұмысын жұбайы Сақып-Жамалмен бірге атқарды. Сол жылдан бастап олардың шабандық өмір жолы басталды десек те болады. Олар жұмысқа өте қатты мән беріп, қысы-жазы қойдың соңында жүрді. Атамыз: «Менің болашағым осы қозылармен бірге өскен»,- деп айтатын. Нашар туған қозыларды үйге алып келіп, массаж жасап, аузына үрлеп, жылы сүт беріп тірілтетін күндері де болған.
Жыл сайын атамыз сіңірген еңбегі үшін мақтау қағаздарымен, ақшалай премиялармен, материалдық сыйлықтармен марапатталды. Оған радиоприемник, «Алма-Ата» кір жуғыш машинасы сияқты сыйлықтар табыс етілді. Ол кезде бұл үлкен жетістік, дәреже саналатын. Адал еңбегі үшін ол «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, «Павлодар облысының үздік шабаны» медалімен, «Социалистік жарыстың жеңімпазы» белгісімен, сондай-ақ «Ұлы Отан соғысының Жеңісіне 30 жыл», «40 жыл», «50 жыл» мерейтойлық медальдарымен марапатталды. Ал мақтау грамоталарын санау мүмкін емес. Ол сондай-ақ халық депутаттарының селолық кеңесіне сайланды.
1967–1968 жылдары атамыз өз қолымен биік үй салып, барша жұртты таң қалдырды. Сол үй осы күнге дейін сақталған.
1972 жылы облыс бойынша шабандар арасында, 100 қойдан 125 қозы алып жоғары көрсеткішке жеткені үшін социалистік жарыста бірінші орынды иеленді. Амангелді совхозы басшылығының шешімімен оған ВАЗ-2101 «Жигули» автокөлігі берілді. Атамыздың бұл жетістігі отбасы үшін үлкен қуаныш болып, ауыл халқы да бірге қуанды.
1973 жылы атамызға үлкен жетістіктері үшін тағы да ақшалай премия берілді. Көп ойланбастан, ол бала-шағасына жақсылық жасап, Русская-Полянаға барып «Каскад» телевизорын алып келіп, үй ішін қуантты.

1977 жылы Алматы қаласында өткен Бүкілодақтық шабандар слетіне қатысып, мақтау грамотасымен марапатталып, сый ретінде кілем алды. Ауыл арасында атамыз өте сыйлы, беделді, құрметті азаматтардың бірі болды.
1978 жылы совхозға Сочи курортына 10 шақты путевка берілді. Сол путевка иегерлерінің бірі – Кәкім атамыз еді. Бірнеше ауылдастары – механизаторлар, шабандар, мұғалімдер, балабақша тәрбиешілері де барып, жақсы демалып қайтты. Сонда атамыздың суда жақсы жүзетінін көріп, жерлестері таң қалып, бұл туралы әңгімелеп келген.
Атамыздың бір оқиғасын айта кетейін. Бір жылдары мал шаруашылығында аштық болып, қой-қозылар өле бастады. Бұл жағдай жалғыз атамызға ғана емес, басқа шабандарда да орын алды. Сонда атамыз совхоз директорының кабинетіне келіп, өлген қойды оның алдына лақтырып кетеді. Ертесі күні Ертіс аудан орталығынан милиция келіп, атамызды алып кетіп, он бес күнге қамауға алады. Отбасы қатты уайымдап, жылап қалады. Бірақ көпке бармай, 2-3 күннен кейін атамыз босатылды. Ол ауыл басшысынан кешірім сұрап, әрі қарай жұмысын жалғастырды. Осы оқиғаға қарамастан, ауыл басшысы атамызды қатты сыйлап, әрдайым қолдап жүрді.
Алғашқы жылдары ол Тұяқ інісімен бірге жұмыс істеді. Тұяқ ата әлі күнге дейін есіне алып отырады: «Кәкім ағам ешқашан қойларын санамайтын, кешкісін бір көзбен қарап түгендеп шығатын, сонда күлімсіреп өзі риза болатын. Жұмысқа адал болған, ішкен-жеген асын жерге қоятын. Ағам өзі де, көзі де әрдайым күлімсіреп тұратын». Кәкім атамыз ақты – ақ, қараны – қара, ақиқатты айтатын, байсалды, адал әрі кешірімді еді. Терең ойлайтын, ағайын-туысына, отбасына жаны ашық жан болды.
Көп баласының арасында тентек және ерке, тұңғыш ұлы Қыдырбайды ерекше көріп, оны өте көп уайымдаған. Қыдырбайдың алғашқы мұғалімі Екатерина Васильевна Баранова да оны бөлек көрді. Ұлының бойы жерден көрінбейтіндей «ұзын» болғандықтан, оны сыныпта бірінші қатарға отырғызған. Ұл ұл ғой, тентек болған соң атамызды жиі мектепке шақыратын. Сол жылдары мектеп директоры Қабылқақ Ильяшев болған екен. Ол Кәкім атамызды құшақтап: «Ағай, ұлыңыз сізге тапталған ғой»,– деп әзілдеген. Өкінішке орай, Қыдырбай ағамыз 2009 жылы ақпан айында өмірден ерте өтіп кетті. Кімге ерте, кімге кеш, бұл өмірдің тағдыры ғой. Кәкім атамыз баласының өлімін көтере алмай, қайғыдан тұра алмай, жатып қалды. «Бұл жол менікі еді»,– деп көзіне жас алып отырған. Сол жылдан бастап атамыздың денсаулығы нашарлап кетті.
Ел азаматы атамыз өз өмір жолында ұрпақ қалдырды. Қыздары тұрмыс құрып, жан-жаққа тарап кетті. Қыз өріс деген осы. Қыдырбай ағаның отбасы, немерелері Ертіс ауданындағы Кайманачиха совхозында тұрады. Ортаңғы ұлы – Қадыр Омбы қаласында тұрады. Оның ұлы мен қызы, яғни атамыздың немерелері Алматы қаласында. Кенже ұлы Болат отбасымен, немерелерімен бірге, әкесінің шаңырағын қимай, сол атамыздың ауылында тұрып жатыр.
Иә, Кәкім атамыздың өмір жолы жайлы ұзақ жазуға болады. Атамыз бен әжеміздің орны бөлек. Олар өте қонақжай, мейірімді, көңілдері ашық, жүздері жылы адамдар болды. Атамыз жалпы кейінгі ұрпаққа үлгі боларлық, жақсы әке, өнегелі ата бола білді. Осындай адал, қажымай еңбек етіп, үлкен жетістіктерге, жоғары дәрежеге жету, әрине, оңай болған жоқ. Ол он баласын қиыншыққа мойынсындырмай, тәрбиелеп, жеткізді. Бүгінгі күні үш ұлынан тараған – Алмаз, Алтынбек, Жанат, Диас, Қанат сияқты ізбасар немерелері бар.
1986 жылы атамыз жасына келіп, зейнетке шықты. Зейнетке шықса да жұмысын тастамады.
2010 жылы атамыз дүние салды. Бірақ оның ұрпақтары, немере-шөберелері Амангелді ауылында тұрып жатыр. Жыл сайын еске алып отырады.
Бүгінгі күнге дейін атамыз бен әжемізді сағынышпен, жылы лебізбен еске аламыз. Алла Тағала оларға жұмақтан орын берсін деп, дұға жасап отырамыз.
Солай, жыл сайын, қадам сайын Кәкім атаның өмірі мен Амангелді ауылының тағдыры тығыз байланысып, бір бүтін өмір тарихына айналды. Бүгін, артқа көз тастап, оның ұзақ әрі абыройлы жолын еске алғанда, өмірбаянның әр бетін парақтап, еңбегімен, жетістіктерімен және қарапайым адам қуаныштарымен толық екенін көргенде, жүрек шексіз алғысқа толады.
Алғыс – оны паналаған, туған жерге айналған топыраққа. Алғыс – Амангелді ауылы мен оның адамдарына, қуанышта да, еңбекте де бірге болған, нан мен сый-құрметті бөліскен, жетістіктерге бірге қуанып, қиын сәтте қолдау көрсеткен халқына. Тағдыр оны осы жерде әртүрлі адамдармен кездестірді: адал жар Сақып-Жамалмен, бауырларымен, еңбек жолындағы әріптестерімен, дана қарттарымен. Осы кездесулердің әрқайсысы, бірге өткізілген әрбір сәт оның жан дүниесінде ерекше із қалдырды, өмірін байытты әрі толықтырды.
Туған ауылға, оның кең далаларына, ауылдастардың жүздеріне деген естелігі оның балалар, немерелер мен шөберелерінің жүрегінде мәңгі сақталып қалды. Бұл естелік тек құрмет белгісі емес – ол жаңа ұрпаққа күш-қуат, дана ой және шынайы өмірді, жермен және адамдармен берік байланысты үйрететін тірі бұлақ болып қала береді.

Категория: История | Добавил: Admin
Просмотров: 384 | Загрузок: 2 | Рейтинг: 5.0/5


Всего комментариев: 0
Verify you're human *: