Күні кеше мынау өмір тірлікте аралас, құралас жүрген, жаныңа етене жақын адам туралы өткен шақпен айтудан қиыны жоқ, шығар. Қазір мәңгілік мекенінде болғанмен ол туралы жылы лебізіңді білдіру міндетің секілді болады да тұрады екен. Қолға қалам ұстаған уақыттан бері, бірге жүрген, қызметтес болған талай ағалар, жолдас жоралар туралы жазғаныммен, Жықаң туралы (өзім осылай атаушы едім) жазбаған екенмін.Сол олқылықтың орнын толтыру мақсатында Жылқыбай Бейсембайұлы Қадыров жайында көрген-білгендерімді, есімде қалған кездесулер қақысында кештеу болса да, көппен бөлісуді жөн көрдім.Ертіс ауданында анау билік басында отырғандардан бастап, шалғайдағы ауыл аралығында Жықаңды «білмеймін» дейтін адам кемде кем шығар-ау. Бұған ұзақ жылдар табан аудармай бір ауылда еткен қызметі де себеп, әрине. Шындығында көпшіл, ақ жарқын мінезді, «жел сөзге» мойнын да бұрмайтын жаны ашық, әр кез көңілді көрінетін жаны жайсаң азаматты «танымаушы едім» деу күпіршілік те шығар. Өз басым Жықаңмен алғаш кеңшардың бас инженері болып тағайындалған 1979 жылдан таныспын. Ол кез Ертіс ауданындағы 17 кеңшардың үшеуінің ғана бас инженерлері «қара көзділер» едік. Сол «төрттің» бірі қазір көзі тірі тұғырлы тоқсанға бет алған Сағидолла Назықбаев Сілетіде, Тоқтамыс Орынбаев Пушкинде, Жықаң Амангелдіде және 10 жылдық кеңшарының бас инженері мен едім. Жылқыбай Бейсембайұлы Қадыров Ертіс ауданының төл тумасы. Ертеректе Сілеті кеңшарының (кеңестік шаруашылық-совхоз) 3-бөлімшесі Жалтыр ауылында 1947 жылдың 31-шілдесінде ауыл ұстасының отбасында дүние есігін ашқан екен. «Әр күнін бақ деп білген, шыбықты ат қып мінген» алаңсыз балапан шағы Ерейменнің биіктеу, тау іспеттес жатаған жоталарынан басталып, Сарыарқаның терістігін қақ жарып Есілге барып құятын суы тайыз, арнасы енсіз ұланғайыр қазақ даласының жүздеген өзендері секілді Сілеті өзенінің жағасындағы сол шағын ауыл Жалтырда өткен. Есін біліп, етегін жапқан бала Жықаң, мектеп табалдырығын Сілеті ауылында ашыпты. Кейіннен Қоскөл ауылында жалғастырып, 11-сыныпты Бестөбе кентінде 1965 жылы тәмәмдаған. Мектеп бітірген соң мамандық таңдауда басын қатырған жоқ-тың. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» демекші қолына күрек ұстаған жігіт шағын ауылдың ұстаханасында өткен шаруашылықтың да, ауылдастарының да темір терсегін бүтіндеп, жамап, жасқап іске жаратып беретін, шебер қолды, темірді терідей илеген әкесі Бейсембайдың жолын таңдап, темір маңында жүретін жолды таңдапты. Сөйтіп, сол 1965 жылы қазіргі Астана, ол кездегі Целиноград қаласындағы ауылшаруашылық институтының ауылшаруашылығын механизациялау факультетіне оқуға түсті. Жылы ата-ана ошағынан алысқа аттанған ауыл баласына серік те керек. Жалтырдан сол институттың агрономия факультетінде оқып жүрген өзінен екі-үш жас үлкендігі бар, Сағындық Ақшанұлы екеуі бір пәтерде тұрды. Кейіннен олардың қасына айтылмыш қаланың медицина институтына оқуға түскен, бала жастан Жалтырдың шаңын бұрқыратып, Сілеті өзенінен шабақ аулап бірге өскен Жықаңнан үш жас кішілігі бар, кейінен Көкшетау, Солтүстік Қазақстан өңіріне аса танымал оташы Сайлау қосылды. Сөз орайында айтар болсам, осы үшеуінің екеуі Жықаң мен Сайлау өмір бойына жұптарын жазбай мәңгілік мекенге аттанғанша бірге орталарын суытпай араласып жүрді. Ақ көңіл мінезі шығар, Жықаңның өмір жолы жептей де қалмай, асып та кетпей рет-ретімен жалғасқан сыңайлы. Жоғарыда айтқан институттың экономика факультетінде оқитын ауыл қызы Күләйім Ысқаққызымен танысады. Көңілдері жарасады. Қаланың айлы кештерінде ой армандарымен, мақсат мұраттарымен бөлісетін. Мынау өмір жалғанда екеуі біріне-бірі лайық, өмірлік серік, құдайы қосақ екендерін танып, ақыры екеуі өз шаңырақтарын көтерді. Жеке отау тікті. 1970 жылы жоғарғы оқу орнын бітірген соң, сол заманғы дәстүрге сай өзінің туған өңірі Ертіс ауданының Сілеті кеңшарына жіберілді. Келген бетте кеңшардың жөндеу шеберханасында бақылаушы механик болып өзінің 40 жылға созылған еңбек жолын бастады. Кейіннен осы кеңшарда үш жыл егістік бригадирі қызметтерін абыроймен атқара білді. 1973 жылы Амангелді кеңшарына бас инженер болып тағайындалды. Сол жылдан бас-тап, қиындық пен қызыққа толы тірімізге ұзақ көрінетін, бірақ қамшының сабындай ғана қысқа ғұмыры, өмірден озғанша осы жанына жақын, жүрегіне ыстық берекелі ошағына үш бала, байсалды бақуатты өмірі сыйлаған аудан орталығы Ертістен шалғайдағы ауылда өтті. Бүгінгі күн биігінен қарасаңыз Амангелді ауылында жиырма жыл 1973-1993 жылдар бас инженер, 1993-1999 жылдар кеңшар директоры қызметтерін атқарыпты. Яғни, 47 жыл бір кеңшардың отымен кіріп, күлімен шыққан еңбекқор адам. Кеңшардың осы жылдардағы қол жеткізген толайым жетістіктерінде Жықаңның табанының ізі, маңдайдан тамған терінің тамшысы жатқанын біреу білер, біреу білмес. Инженерлік қызмет атқарған ширек ғасыр ішінде екі мәрте ауданның, бір мәрте облыстың «үздік инженері» деген қарапайымдылау ғана атағына қол жеткізген екен. Шынын айтар болсақ, Жықаң секілді азаматтар бұдан мәртебесі әлдеқайда биік, әлде қайда жоғары атаққа лайық емес пе еді?! Бірақ Жықаң, өзінің Алла берген жайсаң, жайдары, шуақты, айналасына жағымды мінезіне сай осыған еш реніш танытқан емес. Қайта жанына жақын жанның тасы өрге домалағанын қалайтын еді-ау. Айтқаныма дәлел болатын бір әңгімені еске түсіре кетейін. Ертістің 17 кеңшарының барлығы жеткен жаңа дәуірдің көлеңкесінде қалып, тіптен мүлде болмағандай ұмытылып кеткен 2018 жылдың жазында менімен хабарласты. Бір апта ішінде үйде болатынымды білген соң, «саған айтар бір сөзім бар, жолыққан уақытта айтармын, тек сенбі күні дайын бол болды»-деді. Уәделескен күні Қарақұдыққа соғып, Сілеті өңіріне аттандық. Жол бойына өткен кеткенді еске алудан әрі аспадық. Бар болғаны кіндік қаны тамған Жалтырға, осы ауылда туып, кейіннен «тұрымтай тұсына» кеткен төрт-бес азаматпен қорым болып қалған аядай, бірақ ет жүрекке ең ыстық, өзіне өмір сыйлаған ата-ананың ізі қалған туған мекен-ата мекен топырағында кезекті бас қосуға келе жатқанын айтты. Тамыздың ортасы. Ертістен Қоскөлге жеттік. Ауыл сыртындағы зиратқа соғып, ардақты әкесіне құран бағыштап, қарияның маңдайындағы қатпар әжімдей қырдың ескі сірі тартқан сүрлеу болған жолымен Жалтырға тікесінен тартып кеттік. 20-30 минуттай жүрген соң, бір биік төбенің басына келіп тізгін тартты. Төбе расында биік екен, айнала алақандағыдай анық. Көз жетерім даланың жалпақ төсінде ирелең қыр соқпағындай жасыл белдеу көрінеді. Бұл Сілеті өзенін бойлай сирек өскен алыстан қалың көрінетін тоғай екен. Өзеннің бір бұрылысында «адассаң мұнда кел» дегендейін жарқырап су айдыны көрінді. Біраз тұрып, өзен жағасына келдік. Өзеннің арғы бетіндегі Шапайдан (осы күн Қулыкөл ауылы) «Жедел жәрдем» автокөлігімен қазан ошағын арқалаған аласа бойлы қараторы жасы ел ағасына жақындап қалған адам келді. Сосын жеңіл автокөлікпен тағы екі азамат келді. Көптен бірін-бірі көрмеген бір ауылдың төл тумалары төс түйістіріп амандық, саулық білісіп, Жықаң мені таныстырды. Бір үйдің балаларындай азаматтар, төбе дөңденіп, қорымға айналған ауылдарын аралады. «Анау жерде, біздің үй, мынау жерде сіздің үй, осы маңда ұстахана болған, осы маңда бөлімшенің кеңсесі болған» деп, көңілдері ауыл маңындағы су айдынындай таза, пәк балалық шақтарын естеріне алды, мәз майрам болысып қалды. Тамылжан тамыздың екі күнін Сілеті жағасында өткіздік. Бірінші күні кешкілікте Жықаң; «Өзіңмен тел құрдас Сайлау осы Сілеті, Ақтоғай, Ертісті былай қойғанда бүтін Көкшетау облысына, тіптен Солтүстік Қазақстанға танымал оташы (хирург), марапаттардан кенде емес, Қазақстанның үздік оташысы атағы бар, дегенмен келер жылы 70-ке келетін Сайлауға Көкшетау облысының Құрметті атағы жетпей тұр. Оған лайық азамат. Өмірдерегін өзі бере жатар, Сайлау туралы көлемді мақала жазып бер, екі облыстың газеттеріне басылуын өз мойныма аламын. Кішкентайынан бірге өскен, кейіннен бір қалада бірге тұрып, бірге оқыған тумаса да туғандай ініміз Сайлаудың 70 жылдығына Сағындық екеуміздің сыйлығымыз болсын» деген еді. Басқалар не ойлайтынын қайдам, мен Жықаңның осы ұсынысын өрлігі, өрелігі, кеңдігі мен жомарт жүректігі деп қабылдаған едім... 1999 жылы аудан аумағындағы кеңшарлардың барлығы ыдырап, әркім өз күнін өзі көретін аумалы шақта, ба-уыр басқан Амангелдіден ауып кеткен жоқ. Бір ауған жүкті дәл сондай етіп, қалаудың енді еш ретін келмейтінін біліп, алғашқылардың бірі шаруа қожалығын ашты. Онысын алғашқы немересі есімімен «Марал» деп атады. 2002 жылы отыз оттасқан құдайы қосағы Күләйімнің сырқатына байланысты қалаға қоныс аударды. Қоныс аударды дегеніміз жай ғана шығарып салма сөз. Ол тереңге кеткен тамырын мәңгілік мекенге кеткен 2021 жылға дейін Амангелдіден айырған жоқ. Қалада тұрды демесеңіз әр жылдың қапа жармысынан көбі осы ауылда өтетін. Ерте көктемде егін салуға келіп, жаз ортасында біраз күн ғана қалада болады. Жаз ортасынан ауа егін орағына дайындық, сосын орақты өткізу, жиналған өнімді төкпей-шашпай жинап алу Жықаңның үйреншікті етке сіңісті жұмысы. Істің бәрін тындырып, алғашқы қар жауып, алғашқы борандар соққан қарашаның ортасына дейін ауылда болатын. Екінің біріне бұйырмайтын жарқын мінезді Жықаң, туған жерінің бір бұрышы, туған ауылындай болған, соңынан ерген ұрпағы «туған жерім» дейтін Амангелдіден бауырын айырмай кетті мәңгілікке. Бұл тағылым да шығар... Қызметіне байланысты Анар, Гүлнәр есімді екі қызы Сілетіде, Қымбат қызы, ұлдары Абзал мен Жомарт Жықаңның 47 жыл кіндігі байланған Амангелдіде туған. Балаларының алды оңын, солын танып азамат болғанда, асыл жары, жанының жартысы Күләйім бұл фәниді тастап, есіл азаматты есеңгіретіп кетті. Дегенмен, Жықаң жаймашуақ мінезінің арқасында ішінен жегідей жесе де, тысқа шығармай, күндіз күліп, түнде жылап соңынан ерген ұрпақтарының келер күнге несібесі болсын деген ниетпен жалғастыра берді. Жабыққанда жанына сүйеу, тірлігіне тіреу болған да осы шаруашылық. Қазір шаруашылықты кенже ұлы Жомарт басқарып жүр. Құдай қосқан екеуінен өрбіген ұрпақ жоғары білімді, бірі дәрігер, бірі мұғалім, бірі қаржы саласының маманы. Әрқайсысының өз отауы, өз шаңырағы бар. Күләйім жеңгей көрмеген жеті немерлер, бір шөберені Жықаң көріп кетті. Жылқыбай Бейсембайұлының 47 жыл еткен еселі еңбегіндегі марапаттарының ең сүбелісі 1 сайланған Ертіс аудандық мәслихатының депутаты, 2015 және 2021 жылдардағы ҚР Ауылшаруашылық Минстрлігінің Құрмет грамоталары. Жықаң өз өміріне өкініш білдіріп кетті ме, білдірмей кетті ме бізге беймәлім. Ал, жер басып жүрген біздер үшін орны толмас өкініш, өзінің туған жеріне ғұмырының соңына дейін еңбек сіңірген азаматтың өз ауданы-Ертіс ауданының Құрметті азаматы атанбай кетуі. Кім білсін, дәл осыны өкініш еткен де шығар...
Самат МӘНЕНҰЛЫ. "Ertis nury" Ертіс аудандық газеті номер 13 (2221) 13 сәуір 2023 жыл
|