Бір әулеттің сыйлы адамы болса,
оны сендер де сыйлаңдар!
- Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбар
Туған жер – адам баласының өмір жолындағы ең алғашқы әрі ең қасиетті ұғымдардың бірі. Ол – ата-бабаның табаны тиген, ұрпақтың ізі қалған киелі мекен. Әр адамның тағдыры туған жерімен, өскен ортасымен, сол ортада ғұмыр кешкен үлкендермен тығыз байланысты. Туған ауыл – тек қоныс емес, ол – тұтас бір әулеттің тарихы, сан тағдырдың тоғысқан алтын бесігі. Сол ауылдың әр төбесі мен жотасы, әр көшесі мен қора-жайы үнсіз ғана өткен күндердің куәсіндей сыр шертеді. Адам есейген сайын туған жердің қадірін тереңірек сезінеді, оның әрбір сәті сағынышқа айналады. Өйткені туған жер – ата-ана үні естілген, бабалар ізі қалған рухани кеңістік. Сол жерде қалыптасқан мінез, алған тәрбие адамды өмір бойы жетелеп отырады. Ата-бабаның шежіресін білу, олардың өмір жолын зерделеу – өткенге тағзым, келер ұрпаққа аманат. Бұл жазбаның да мақсаты – сол қасиетті борышты өтеу. Өткен өмірге көз жүгіртіп, ата-бабаның өнегелі істерін кейінгі буынға жеткізу. Туған жермен тамырлас тарихты қағаз бетіне түсіру – ұрпақ жадын жаңғыртудың бір жолы.
Халық даналығы : «Тамырсыз жусан өспейді, өзіңнің шыққан тегіңді білмеу- ол бабаларды сыйламау»,- деп айтқан екен. Шыққан тегімді зерттеп, еске алып, тамыры терең кеткен ата-бабаларымның өшпес іздерін парақ беттеріне түсіріп, балалық шаққа көз жүгіртіп, сағынышымды бассам деп отырған жайым бар. Артында қалған ұрпағы ата-бабаларының шыққан тегі мен жасаған игі істерінен хабардар болса деген ниетпен жазып отырмын.Үлкен атамыз Орта жүз - Қыпшақтан тараған Байжігіт руынан шыққан Сағади Оңғарұлы 1878-1961 жылдар аралығында өмір сүрген екен. Әжеміз Қыпшақ руынан тараған Сәбила Сатыбалдықызы 1897-1953 жылдар аралығында өмір сүрген жарына адал, баласына мейірбан жан болған екен.
Қамшының сабындай қайран тірлік бір күні шарт сынары бәрімізге аян. Өмірдің өзі күшті болғанымен, өтетіні өкінішті… «Тумақ бар жерде, өлмек те бар» дейді шариғат сөзі. Шіркін, бәрі орнымен, бәрі ретімен келсе – өкініштің өзені тасып, қайғының қара жаңбыры жаумас еді ғой деген ой туады. Әжеміз төрт ұл, екі қызды дүниеге алып келген алтын құрсақты ана болған екен. Тұңғыш баласы Қайролла революция кезінде жоғалып кеткен. Артында ешбір із қалдырмаған жан еді. Екінші ұлы Сайфолла 1924жылы дүниеге келген 1985 жылы бақилық болды. Жастық шағы Ұлы Отан соғысының зардабымен тұспа-тұс келген. 1943 жылы Белоруссияда алдынғы қатардағы барлаушы дивизиясында өз борышын атқарған. Сол кезде сұм соғыстың зардабынан мина өрісінде жауды әкеле жатып, аяғын жаралап алған. Жауды апаратын жерге апарып, өзі госпитальға түсіп бір аяғынан айрылып соғыстан қайтып келді. Отанына оралып бірнеше орден медальдармен марапатталынып. Соғыс ардагері атына ие болған.
Ауылдың қадірлі, құрметті азаматы болды. Қамарбану Бисәріқызына үйленді. Отбасында үш ұл, екі қыз дүниеге келді: Жаппар, Бауржан, Сабыржан, Айман, Айгүл. Ұл-қыздарын оқытып, білімді етіп тәрбиеледі. Өкінішке орай, Жаппар, Сабыржан, Айман өмірден ерте кетті.
Сапарғали Сағадиұлы дүниеге 1926 жылы келді. Қиын заманда, жоқщылық тар заманда өмір сүрді. Өмірдің ащы мен тұщысын көрсе де, еңбекқор, адамгершілігі мол, мінезі ауыр салмақты адам болды. Шайкен Мұқанқызымен бас қосып, дүниеге төрт баланы әкелді. Балалары: Саттар, Шолпан, Айтжан, Бибігүл. Сағадиұлы Сапарғали жұмысына беріліп, істейтін жауапкершілігі мол, бірнеше құрметке ие болған. Коммунистік партиясының мүшесі болды.
Байзолла (Сабыр – құжат бойынша, Байкен – ел арасындағы лақап аты) Сағади атамыздың кенже баласы. 1936 жылы үшінші мамырда дүниеге келген. Руы Қыпшақ (Байжігіт). Балалық шағы Ақсу ауылында өтті. Бастауыш мектеп бітірген. Еңбек жолын ерте бастап, тың игеру жылдары тракторшы болып жұмыс атқарған. Жылдар өте келе Байзолла кәсіби жүргізіші болып қызмет атқарды. Совхоз меңгерушісі (управлящий) А. И. Журавлевтің көлік жүргізушісі болған.
1950-ші жылдарың ортасында Амангелді совхозына «тың игеру» (целина) туралы кітап жазып жатқан жазушы Ә. Нұршайықов келіпті. Жазушы егін алқабындағы жұмыскерлермен таныспақ болып, өріске келіп ағайынды Сагадиевтармен кездескен. Үлкен ағасы Сапарғали трактор бригадасының бригадирі, інісі Байзолла тракторшы. Сол кездері комбайын жүргізушілері Ленинград медицина институтының студенттері екен. Кездесуде журналистер комбайнер А. Конопельченкоға келіп сұраған:
– Кім тракторшы?
– «Незаменимый Байкен», он отличный тракторист, – деп қасында «Көзімнің қарасын» өлеңдетіп тұрған қара-торы жас жігітті көрсеткен. Ол біздің – Байзолла ата еді.
– Өлеңді кімге арнадың, – деп сұрағанда, Байкен атамыз:
– Әйеліме. Сағындым. 27 күн көрмедім. Сүйіктімді үйге әкеліп, той жасап, екінші күні өріске жұмыска кеттім. Жас жігіттің жарқыраған көзінде мұң да бар екені байқалған.
– Жарың қай жақтан еді?
– Көкшетаудыкі.
– Қалай әкелдің?
– Түйемен әкелмеймін ғой енді (күліп)
– Совхоз көлік берді ме?
– Жоқ. Ағам екеуміз көлік сатып алғанбыз, сонымен. Байып жатырмыз - депті Сапарғали аға әңгімеге қосылып.
– Орыстар байыса үй салады, қазақ байыса үйленеді.
– Мен орыс боп кеттім: үш бөлмелі үй салып жатырмын, – депті Сапарғали.
Жазушымен болған бұл оқиға Ә. Нұршайықовтың «Портреты» деген кітабынан алынды.
1960-шы жылдары Амангелді совхозына отбасымен көшіп келіп, жаңа жерде жаңа өмір бастайды. Сол кезде совхоз директоры А. Мищенко деген азамат болған еді. Сол тұста атамыз Амангелді совхозының көтерілуіне зор үлес қосты.
1967-1970-шы жылдары совхозда құрылыс жүріп жатты. Атамыз кұрылыста жүргізуші болды. Сол кезеңде Ресейдің Магадан қаласынан құрылыс студенттер бригадасы келіп үйлер салды. Сол жылы отбасында ұл бала өмірге келген. Әкеміз баласына Магадан деп атын қойды. Студенттерді үйге шақырып қонақ қылатын. Адал, жұмысқа тиянақты, жауапкершілігі мол болған. Қай салада жұмыс істесе де, шаруада бірінші қатарда тұратын.
Жылқы жануарын аса жақсы көретін. Кейінірек совхозда жылқышы болды. Жұмысын жақсы көретін. Асау атты жалғыз өзі алып соғатын. Жылқыны кісінегенінен түсінетін ат танығыштығы да бар. Асаудың құлағында ойнатын. Көп жылдар қасында көмекшісі Қайрат Есмагамбетов деген азамат болған. Атамыз оны жылқы бағу тәжрибесіне үйретіп кетті. Аскар таудай әкеміз мейрімді, қонақжай, адамгершілігі мол, ешкімді алдамаған, кіші-үлкенге қатар құрмет көрсететін адам болған. Балаларына жақсы тәрбие беріп, мәпелеп, қиын заман болса да жоқшылықты көрсетпей өсірді.
Өкінішке орай 1985 жылы 24-ші желтоқсанда саналы ғұмыры аяқталды.
"Ағайын - ағайынның айнасы" - деген сөз бар. Атамыздан қалған үш ағайын тату-тәтті өмір сүрген. Қиын кезде бір біріне көмектесіп, куаныш кезінде бірге куанып жүрген. Ақсу ауылында бір щаңыракта түрған. Ағайынға - ''сіз" ''біз'' деген жарасар.
Ұрпақтарынан:
Біздер үшін асқар едің, шың асқақ
Сенсіз қалды жанымыз да тым ақсап.
Жанарларды жәудіретіп мәңгілік,
Кеттің әке жанымыздан алшақтап.
Әліқызы Мінуара – 1938 жылы 28 сәуірде Көкшетау облысы Қызылту ауданында қарапайым отбасында дүниеге келген. Анасынан ерте жастан қалып, балалық шағы ағасының отбасында өтті. Мектепті үздік бітірген. Уақыт өте келе отбасын құрып, Амангелді ауылына келін болып келді. Он бір бала дүниеге әкеліп, «Батыр ана» атағына ие болған. «Алтын алқа» медальмен марапатталған.
Ананың жүрегі теңізден де терең. Мінуара апа бойында ең жақсы қасиеттер болған. Өте мейірімді, қонақжай, жүзінен күлкі кетпейтін. Балаларын мәпелеп өсіріп ұлын ұяға, қызын қияға қондырды. Балалары әке-шешесінің үмітін ақтап, жан-жақта өмір сүріп жатыр.
Апамыз сегіз қырлы адам болған. Бармағынан өнер тамған шебер. Домбыра шертіп, ән айтатын. Шабыты келген мезетте, қолына қалам алып, қағаз бетіне түсіре бастайтын. Той-думан, мереке кезінде, тек төрден көрінетін. Сол кездерді суреттен қарап, сағынышпен еске аламыз.
Жүн түтіп, оны ұршықпен иріп, қолғап, шұлық тоқитын, іс тігетін. Жанұясын өз өнерімен асыраған анамыз, барлығын үлгеретін. Үй шаруасын тиянақты тындырып, жанұяның әр мүшесіне уақыт бөліп, сонымен қатар балабақшадағы жұмысын да істеп үлгеретін. Науқан кезінде бидай қоймасында да жұмыс істеген. Апамыздың өнері немере-шөбересіне жұғысты болған.
Жиеншар Абылайханның әжесіне арнап жазған өлеңі.
Әжеме
Менің әжем дара ақылды мол дана.
Домбыра алса қолына,
Шаттандық біз куана.
Домбырада ойнаған,
Ақындығын қоймаған,
Әжем менің ақ адам,
Парасаттан жаралған.
Дәл осындай әжемнің,
Болғанына қуанамын,
Шаттанамын, мақтанам!
Ана деген сөз үш әріптен құралса да мәні өте зор. Ана десе елжіремейтін жүрек, босамайтын көңіл жоқ шығар әлемде. Дүниеде ана махаббатынан қасиетті нәрсе жоқ. Ананың алақаны - біз үшін ең жылы ұя.
Қызы Гүлжанның арнауы:
Аяулы ана
Аяулы ана біздер үшін қымбатсың,
Жыр жазылып жүрегімнен сүйіп шын.
Өтсе жылдар арамызда алшақтап,
Асыл бейнең жадымызда әрқашан.
2013 жылы мамыр айында аяулы анамыз фәни дүниеден өтті.
Іштегі назым
Қолыма аз ойланып, алдым қалам,
Өмірді өткен-кеткен ойға салам,
Отырып ойлағанда өткен күнді,
Шыдамай амалсыздан өлең жазам.
Анамнаң жетім қалдым алты жаста,
Аллажан аямады әуел баста,
Анамның өңі-түсі есімде жоқ,
Әйтеуір өсіп, өндік тәрбие жоқ.
Анасыз өмір сүру қиын болды,
Әйтеуір әкем тірі, қөнілім толды,
Қиындық көрді, талай біздер үшін,
Жылаған мені, уатып күні болды.
Жолдастан жесір қалды елу жаста,
Оңай ма, жесір қалу осы жаста.
Алмады екінші әйел, ол біздерге,
Болмас деп, сендерге ол туған ана.
Әліқызы Мінуара ( 1995ж. )
Уақыт алға жылжыған сайын өткен күндер алыстай бергенімен, олардың ізі жүректен өшпейді. Сол бір кезеңдер, сол ауылда өткен жылдар естен ешқашан шықпайды. Туған ауыл – талай қуаныш пен қайғының, үміт пен арманның куәсі болған киелі мекен. Ол жерде дүниеден өткен үлкендеріміздің әрқайсысы артында өшпес із, өшпейтін өнеге қалдырды. Олардың еңбегі мен адамгершілігі туған жердің тарихына айналды. Бүгінгі ұрпақ сол кісілердің аты аталғанда, туған ауылмен бірге еске алады. Өйткені ауылдың рухы – сол жерде өмір сүрген адамдардың жүрегінен бастау алады. Дүниеден өткен ардақтыларымыз үшін туған жер әрдайым сағыныштың, тыныштықтың мекені болып қалды. Олардың жүрегінде туған ауылдың орны мәңгілік еді. Біз үшін де солай болып қала бермек. Туған жерді еске алу – өткенге тағзым, үлкендерге құрмет. Сол арқылы біз олардың рухын тірілтіп, аманатын жалғаймыз. Өйткені туған жер мен сол жерде ғұмыр кешкен жандардың орны ешқашан ұмытылмайды.
|