Ата-ана – әрбір адамның өміріндегі ең қастерлі ұғым, мәңгілік тағзым ететін асыл бейне. Олардың маңдай тері, адал еңбегі мен мейірімі баланың болашақтағы өмір жолына бағыт-бағдар береді. Әке – отбасының тірегі, ал ана – шаңырақтың шырағы. Сол екі ұлы ұғым адам баласының жүрегінде өшпес із қалдырады. Уақыт өтсе де, ата-ананың өнегелі өмірі, адамгершілік қасиеттері ұрпақ жадында жаңғырып тұрады. Бұл естелік – әке мен ананың қарапайым да мағыналы ғұмырына деген перзенттік құрметтің көрінісі. Төменде сол асыл жандардың өмір жолы мен жарқын бейнесі баяндалады.
Әкем Магмуров Теміржан Романович 1953 жылғы 1 мамырда дүниеге келген. Балалық шағы Павлодар облысы, Шарбақты ауданының Алексеевка ауылында өтті. 1971–1973 жылдары Отан алдындағы азаматтық борышын абыроймен өтеп келді. Әскери қызметтен соң Шарбақты ауданы, Галкино ауылындағы техникумды механизатор мамандығы бойынша тәмамдап, еңбек жолын Суворова ауылында бастады. Кейін Амангелді ауылына қоныс аударып, осы елді мекеннің сыйлы әрі құрметті азаматына айналды.
Әкем адамдармен тез тіл табыса білетін, ашық мінезді, жора-жолдастары көп жан еді. Көрші-қолаңмен, ауылдастарымен әрдайым тату-тәтті қарым-қатынаста болды. Құрдастары мен туған-туыстары әкемді бүгінге дейін жылы лебізбен еске алады. Ол қолы шебер, ісмер адам болатын, ауыл балалары велосипедтерін жөндету үшін әкеме жиі келетін. Ешкімнің көңілін қалдырмауға тырысатын, қолдан келген көмегін аяған емес. Жұмыстан шаршап келсе де, бізге сабақ орындауға көмектесіп, қамқорлығын үзбейтін.
Әкем 2006 жылдың қараша айында дүниеден өтті. Оның Шарбақты ауылында қалған жолдастарымен бүгінге дейін араласып тұрамыз. Олар бізге әкемнің көзіндей болып көрінеді. Жолымыз түсіп бара қалсақ, ерекше ықыласпен қарсы алып, асты-үстімізге түсіп жатады. Әсіресе Рая тәтеміз әкем туралы әсерлі әңгімелер айтып, оны сағынышпен, жылылықпен еске алады.
Қадірлі, мейірімді анам Амиленова Назкен Айтмағамбетқызы 1954 жылғы 10 қазанда Павлодар облысы, Ертіс ауданы, Амангелді ауылында, қарапайым еңбек адамдары Айтмағамбет пен Рақияның отбасында дүниеге келген. Бала күнінен-ақ сабырлы, арманшыл, болашақтан үміт күткен қыз болып өсті. Анам кітап оқуды ерекше жақсы көретін, сол қасиет бүгінгі ұрпаққа да дарығандай. Үлкен қызымның білімге құштарлығы соның бір дәлелі деп білемін.
Анам 1962 жылы мектеп табалдырығын аттап, 1–8 сыныпты Амангелді ауылындағы орта мектепте оқыды. 9–10 сыныпты Омбы облысы, Русская Поляна ауданы, Калинин орта мектебінде жалғастырып, 1972 жылы тәмамдады. Орта мектепті бітірген соң Амангелді ауылының 2-бөлімшесінде мектеп кітапханасында еңбек етті. 1973 жылы Омбы қаласындағы №1 Омбы медициналық училищесіне оқуға түсіп, 1976 жылы фельдшер-емші мамандығын алып шықты.
Оқуды аяқтағаннан кейін Омбы облысы, Русско-Полянская ауданы, Алабота ауылдық ауруханасында фельдшер-акушер болып қызмет атқарды. 1977 жылы туған ауылы Амангелдіге оралып, жергілікті ФАП-та 1980 жылға дейін жұмыс істеді. Кейін Ертіс ауданының Суворова ауылына ауыстырылып, сол жерде болашақ жары Теміржанмен танысып, шаңырақ көтерді.
Анам Назкен Айтмағамбетқызы өмірде ақжарқын, қайырымды, әрдайым көмектесуге дайын жан еді. Ел-жұрттың алғысын алып, адал еңбегімен құрметке бөленді. Өкінішке қарай, анам 1995 жылы ұзақ науқастан дүниеден өтті.
Ата-анамыздан екі ұл қалды: тұңғышы – 1981 жылы туған Магмуров Қайрат, одан кейін 1985 жылы туған Магмуров Еламан. Әкемнің қол шеберлігі маған дарып, бүгінде Павлодар қаласында жиһаз жинау саласында жеке кәсіпкер ретінде еңбек етудемін. Ал інім Еламан анамыздың жолын жалғап, Павлодар қаласындағы №4 емханада офтальмолог-дәрігер болып қызмет атқарып жүр.
Өкінішке қарай, ата-анамыз бұл жалған дүниеде қысқа ғұмыр кешті. Олар немерелерінің қызығын толық көре алмай кетті. Бүгінде үлкен немерелері – Риза, Дария, ал Еламаннан тараған ұл – Закир өсіп келеді. Балаларыма, жұбайыма ата-анамның қандай адал, еңбекқор, мейірімді жандар болғанын жиі айтып отырамын. Кейде балалық шақтағы қызықты сәттер мен естеліктер де ойыма оралады. Егер ата-анамыз көзі тірі болса, немерелерін көріп, мақтаныш етер еді деп ойлаймын. Біз олардың берген тәлім-тәрбиесін, үлгі-өнегесін өмірде қолдануға тырысып, сол аманатқа адал болуды парыз санаймыз.
Қайрат Теміржанұлы
|