Өмір деген – бірде баяу, бірде жүйткіп өтетін ұзақ жол екен. Адам артқа бұрылып қарағанда ғана әр қадамының мәнін, әр кездейсоқ кездесудің тағдыр сыйы болғанын түсінеді. Жас күнімнен бері менің өмір жолым талай соқпақтан өтті, талай жақсы адамдармен жүздестірді. Солардың ішінде жүрегіме ерекше жақын болып қалған орын – талай жыл еңбек еткен, жастық жігерім мен күш-қайратымды арнаған Амангелді ауылы. Бұл ауыл мен үшін тек қызмет орны емес, өмір мектебі, ел мен жердің қадірін тереңірек ұқтырған қасиетті қоныс болды.
Мен 1949-жылы 1-қазан айында Қызылжар ауылында дүниеге келдім. Сол Қызылжар ауылының бастауыш мектебін бітіріп, содан кейін совхоздың 8 жылдық мектебінде оқыдым. Ол мектеп ауылымыздан 3-шақырым жерде болатын. Бір-екі жылдай жаяу барып оқыдық. Қысты күндері бізді МТЗ-5 тракторы арбасымен таситын. Арбасы ашық, үсті тек тақтаймен қоршалған. Келесі жылы ГАЗ-51 машинасымен тасыды. Ол да ашық болатын. 1967-жылы Ертістің № 2-қазақ мектебін бітірдім. 2 жылдай туған ауылымда әуелі кеншардың № 2-бөлімшесінде жұмысшы, сосын ауыл-шаруашылығының ғылыми саласында жұмыс істедім.
1969 жылы Семей қаласының зоотехникалық мал-дәрігерлік институтына түсіп, 1974 жылы зоотехния мамандығы бойынша бітіріп шықтым. Ғалым-зоотехник деген квалификация берілді. Институт қабырғасынан келе салысымен, бірден ауданымыздың Амангелді кеңшарына бас зоотехник болып тағайындалдым.
Облыстық ауыл-шаруашылық басқармасының ережесі бойынша, кеңшардың бас мамандарын, облыстың ауыл-шаруашылық басқармасы бекітеді. Ертіс аудандық ауылшаруашылық басқармасы мені Ертіс аудандық партиясының және аудандық райсполкомының қабылдауына апарды.
Ол кезде аудандық райкомның 1-ші хатшысы Кило Виктор Петрович, райсполком төрағасы Сыздықов Уахап Бекович болған. Мен ол кісілерге тәжірибе алуым керек, бөлімшеге жіберіңіз дедім. Сонда Уахап Бекович тәжірибені сол совхоздан бастайсың, білімің бар деді.
Амангелді ауылының тоғандары, бекеттері суға толы, жайылымы отты, халқы тұрғылықты деп мақтады. Практиканы 4 ай Қашыр ауданындағы Песчан племзаводында істепсің ғой, деді. Сол жылдары Амангелді кеңшарында 11-12 мың қой, 2-2,5 мың қара мал болған.
Содан не керек, жұмысыма кірісіп кеттім. Қой қырқу науқаны жаңа басталып жатыр екен. Қой қырқушылар саны аз болса да сапалы қырқады екен. Сагадиева М., Аманбаева С., Манапова Ж., Баймышева К., Асылбекова Ж., Анисимова В., Мамбетов Қ. тағы басқалары болды.
Слесарь-қайрақшы Асылбеков Ғ., электриктер Момынов А., Нургалиев С. өз жұмыстарын тиянақты істейтін. Бөлімшенің зоотехнигі Кизицкий Антон Максимович жүннің классировщигі болды. Ол кісі ең жауапты жерде істеді. Жүннің сапасын реттеп 1-ші, 2-ші, 3-ші класс және ең жоғарғы сапаға бөліп, прессовать етіп отыратын. Қырқылған қойдың жүнін жинауды, қырқатын орынды тазалауды Мұқашева Қапия балаларымен істейтін.
Ахметов Ғазиз Ахметұлы директор болғаннан кейін 1-2 жылдай 6-7 қой қырқушыларын Кутузов ауылынан әкеліп отырдық. Бір жылдары 4-5 қой қырқушыларын Көкшетау облысының Елтай совхозынан Бахтияров Таскен шопыр екеуміз күнде барып тасып жүрдік. Олар жастар, байламай күніне 30-35 қойды жылдам қырқатын.
1980-жылдары Павлоград районының Южный совхозында қой қырқатын бригада бар екен. Олар Қарашай-Черкес автономиялы облысынан келіп, күніне 600-дей қой қырқады екен. Өзім барып келісіп, 13-адам әкелдім. Ұлты қарашайлар, тілдері қазақшаға ұқсайды екен. Таза қырқылса, келісім шарт бойынша әрбір қойға 1 рубль береміз дедік. Олар өз жұмыстарын жақсы істеді. Екінші жылы олар тағы да келді. Біз олардан пышақты қалай таңдайтынын үйрендік. Жүнді қырқатын пышақтар екеу болады екен. Үлкені (гребенка) деп аталатын. Бізге пышақтар жәшікпен келеді. Жәшікте жүздеген пышақтар болатын. Пышақтардың арасында жарамайтыны болады екен. Қарашайлар қызыл кірпішке әрбір пышақты жонады. Егер қызыл кірпішке көнбесе, онда пышақтың майысқаны немесе түзу болмағаны. Ондай пышақтарды олар пайдаланбайды. Олар әрбір қой қырқушыға 7-8 пышақ дайындайды.
Біздің қойлардың тұқымы Совет мериносы, биязы жүнді, орташа. Әрбір қойдан 3,8-3,9 кг. алып жүрдік. Қойдың таза қой талшығының шығымы 41-45% болатын. Яғни базис Қазақстанда 39% (Выход чистого волокна овец).
Саулықтарды қолдан ұрықтандырамыз, одан қалды 300-ден аса саулық қойды Алтай өлкесінен, Родинск ауданынан әкелдік. Бұл қойлардың салмағы 50-55 кг. Әр қой 5-5,5 кг. жүн береді екен. Осы әкелген жақсы тұқым қойларды шопан Жүрсінов Құндақбайға бердік.
Сол кезде жақсы көрсеткіштерге жеткен шопандар ағайынды Қажмағамбетовтар Кәкім, Тұяқ, ағайынды Бейісов Шонбай, Кеңесов Құнанбай, Зиняков А., Нұргалиев Құдайберген, Темірбеков Қайыржан, Кудеринов Мами, Ахметов Зайкен, Исалин С., Жүрсінов Қ., Жүрсінов Е, Балтабаев А., Көккөзов Ескендір, Сеиітов Әубәкір, Шарманов Қабиден, Жумагулов Е., Орынбаев А., және тағы басқалары.
1980- жылдан бастап совхоз етті малға көшуіне байланысты, мал қораларын сала бастадық, одан қалды мал іздей бастадық. Мен өзім Семей облысының аймақтық тайпалық жануарлар бірлестігіне (Племенное животноводческое объединение) барып, оның төрағасы мені Абай ауданына жіберді. 2-3 совхозда қазақтың ақ бас сиыры бар деп, көріңіз, ұнаса кейін доверенность жазып берем мал алуға деді.
Күзде Амангелді ауылына 180 құнажын әкелдім, Одан кейін Аягөз ауданы, Таскескен ауылынан 200 бас әкелдім, 20-күн жүріп, шопырым Жаркенов Ермек, машина болмай тосып қалдық. КамАЗ машиналары келіп, соған артқаннан кейін, жол тайғанақ, яғни тауға қарай жүре алмадық.
Сонда совхоздың директоры К-700 беріп жолға шығарып салды. Бір жылы мал алатын болдық келісіп, Семей облысынан. Машиналарды дайындадық және бензовозда барды. Ғазиз Ахметовичке айттым, маған бір бухгалтер беріңіз, таразыға малды өлшеп тұруға дедім. Айткен Бисембаевичпен келістік. Ол кісі бірінші рет жолға шығып тұр екен.
ЗИЛ машинасымен шықтық. Қазақы жер ғой, қонақты жақсы күтеді. Содан мен айттым, аға алдыңа не қояды тамақ па , әлгі ащы суы да бар, бәрін тауысып отырыңыз дедім. Содан үйге келе жатырмыз, сонда айтқаны, мен сізді басқаша ойлап едім, қателесіппін, бәрі жақсы болды деп мәз болды.
Мамандар туралы айтсам, бөлімшенің мал дәрігері Аманбаев Майкен болды, оқу бітірген, сол мамандықта қызмет етті, бас дәрігер де болды. Ветеринарлық жұмыстар екпе егу, мезгілінде малдардан қан алу, қой тоғыту сияқты.
Ауылда қой тоғытатын жер болды, онда 20-куб су бөшкесі, қой моншасы яғни қотырға арналған ванна. Таңғы сағат 5-те от жаға бастайды. Резина, солярка соларды жағады. Суды жылыту үшін Майкеннің көмекшісі, санитары Мұқанов Тілеміс болды, ол жігіт мықты болды, бүкіл қара жұмысты сол атқаратын, тіпті дәрігердің де сумкасын арқалайтын.
Купка болатын күні бүкіл ауыл білетін. Себебі қара түтін будақ-будақ болып тұрады. Содан бір күні Майкен аға айтты, осы армяндар асфальтты екі трубамен қыздырады яғни трубаға солярка тамып тұрады, ол дүрілдеп тұрып жанады, трубаны ваннаға орнатады, трубаның ішкі диаметрі 125 немесе 200 мм болады, қаншама дизельдік отын үнемделеді, бізге де неге солай жасамасқа деді. Және тез арада қой моншасына соны орнатты. Тамаша болды. Механизация жасадық, бірақта қой итергіш қойды зақымдайды екен, оны тоқтаттық. Қойлар қой моншасына өздері бармайды, әрбір қойды ұстап лақтырамыз, оған көп кісілер керек, күніне екі отар жіберуіміз керек, неге десеңіз келесі күні креолин суы жарамсыз болып қалады.
1974- жылдың күзінен 1976-жылдың тамыз айына шейін малдың бас дәрігері Мелков Геннадий Александрович болды. Ол жігіт ветеринария факультетін бітірген, Семей облысы, Үржар ауданынан. Қазақшаны да жақсы білетін, білімді жігіт еді. Оны малшылар доктор Гена дейтін. Сол бір күні купкаға кісілер жетпей жатыр еді. Ауылда егін науқанына солдаттар келген болатын.
Жаңбыр-жауын кезде солдаттар үйде болатын. Бас дәрігер офицерлерімен келісіп, 10-аса солдаттарды 2 күн купкаға салды. Шолақсайда 2-отар қой болды. Валухтар 1600-ге жуық. Қырқып болған соң тоғыту керек, кісілер аз, содан доктор Гена тоққа барып, сондағы жұмыскерлерді алып, онда әйелдер болатын. Олар қызық көріп лақтыра берген ғой, жұмыстары тез бітеді, сонда біреуі айтыпты, тағы қойларың барма, лақтырамыз деп. Ұйымшылдық деген осы ғой! Айта кетейін, әрбір қой 22-секунд ваннада малтау керек және арнайы айырмен басын 2-3 рет батыру керек, сонда сапалы болады, ал қойға кедергі жасамасаң ол 10-12 секундта ваннадан шығып кетеді.
Совхоздың ішіндегі бөлімшеде қарамалда зоотехник болып Безухов В. И. істеді. Ол кісі менің алдымда бас зоотехник болған. Бір себептермен директор оны шығарып тастаған.
Бірақта ол кісі бөлімшеде жұмысын атқара білді. Қалтасында кішкентай книжка болатын, сонда бүкіл малдың санын, жоғарыдан келетін тапсырмаларды, қанша сүт алынғанын, керекті мәліметтерді, малдың қозғалысын, парақтарын жыртпай жазып қоятын.
Менде ол кісіден көп тәжірибе үйрендім. Ол кісі жұмысқа ерте барып, слесарь келгенше, сиырлар су ішкендей суды жоғарғы бөшкеге толтырып қояды. Кейде насос істен шықса өзі оңдап та қояды. Малшылар да ұқыпты болды, бұзаушылар Сидоренко, Морозова, малшылар Нұрғалиев Аманбай, Сенбі (фамилиясы есімде жоқ) Каралюс т.б.
Сауыншылар Евдокимова Т., Иманжанова М., Амиленова Н., Малышева Т., Исалина Б., Айдосова С., Бабыкина Н., Баймышева К.
Бөлімшеде сол кездері маман болып Беспаев Нұраш, Қамшыбаев Жасқайрат істеді. Ақсу ауылы совхоздың 1-і бөлімшесі болды. Мұнда ірі қара малмен айналысты.
Ең көп сауын сиырлар, 200-ге жуық құнажындар болды. Осы бөлімшені басқарған Рахметов Шұғай, зоотехнигі Жұмасанов Барлыбай, веттехник Морозов Николай, бухгалтері Алкенова Сара, завхозы Сағадиев Сапар істеді. Шұғай ағайдың білімі бухгалтер болған, шаруашылықты жақсы білді. Жұмысына ұқыпты қарайтын.
Бөлімшеде 1000-нан аса ірі қара мал болды. Жұмасанов Барлыбай зоотехник мамандығы бойынша Омбы қаласында сырттан оқитын. Жылына 35-40 күнге сессиясына 2-рет барады. Ал көмекшісі болған жоқ, яғни малдың бригадирі. Содан бір күні Есмағамбетов Қайратпен сөйлестім, сені бригадир қылам, қабылетің бар, малшылар сені жақсы біледі, сен оларды жақсы білесің дедім. Қандай мәселе болса да мен көмектесем дедім.
Содан ол кісі ойланып қалды, барғысы келмейді, сосын айттым, енді сен істемесең кім істейді, малшылардың ішінде ең жасы сенсің, болашағыңды ойла дедім. Содан не керек, ол көнді. 2 жылдан аса істеген соң арыз жазды, малшы болам деп, сосын босаттық.
Оның орнына малдың бригадирі қылып Бекжігітов Слямды қойдық. Ол кісінің ұйымдастыру қабілеті бар екен, бірден жақсы істеп кетті. Сол кездегі сауыншылар Сагадиева, Каримова К., Сарсенова М., Сагнаева Б., Ахметова Б., Мухарова К., Есмагамбетова Р., Макушева К., Султанова А. т. б. Лаборант Санияш (учетчик) болды. Малшылар Омар Ахметов, ағайынды Олжиндер, Султанов Т., Мусапиров Қайкен т. б.
Машинамен сүт таситын Жұмасанов Бекен, ауылдың трактористері Ахметов Айып, Сәуірбаев Мұқаметәлі т. б.
2010-жылдары Амангелді ауылына бардым, дұғаға, бәрімен амандасып жатырмын, Марьям апаға амандасып сіз мені танисыз ба дедім, сонда ол кісі, танимын үйге апаратын 2-3 литр сүтті ұстап алушы едің, бірақ біз басқа амал тауып, бәрібір сүтті үйге алып кетуші едік деп, күлді. Жанындағы адамдар бәрі күліп жатыр. Міне қараңыз, қарапайым адамдар!
Бір күні ауданнан УАЗ машинасымен малдың бас дәрігері Ткач Б. Р келді. Машинаны жаңа алған кезі екен. Ол кісі жиналыстарда айтатын, бұқаларды жақсы күтіңдер, оның тамағы жақсы болу керек деп. Дұрыс күтпейсіңдер, сосын қайдан бұзау болады деді. Содан біз сол кісімен Ақсу ауылына келіп мал қораның қасына тоқтадық. Мамандар, малшылар жұмыс істеп жатыр екен. 2-3 бұқа далада жүр екен. Малды аралап, мамандармен сөйлесіп тұрғанбыз, бірдеңе сарт ете түсті. Қарасақ, екі бұқа сүзісіп жатыр. Бір бұқа екінші бұқаны УАЗикке итеріп жіберіпті. Содан машинаны қарасақ, кузовта сызық із қалыпты. Содан көңілі бұзылып, бізді орталыққа апарған соң, Ертіс қайда деп кетіп қалды.
1980 жылдары Жумасанов Барлыбайды зоотехник-селекционер болып тағайындадық. 2 жыл істемей жатып, партком хатшысы, кеңшардың директоры мені шақырып Барлыбайды босат жұмыстан, біз селсоветтің төрағасына ұсынып отырмыз деді. Үлкендер айтып отырғасын көндім.
Малдың қаның ауыстыру үшін, Омбы облысы Нововаршавка ауданы Новороссийск кеңшарынан 15 мал Герефорд асыл тұқымды бұқалықтарды алып келдім Аксуға. Қазақтың ақбас сиыры, осы Герефорд бұқасын қазақ, қалмақ сиырларын бұдандастыру арқылы 1932-1950 жылдары Қазақстанмен Ресейде шығарылған. Қалмақ сиыры аз болған.
Бір жылдары Омбы облысы Шарбақкөл ауданынан халықтан ірі қара мал жинадық, шопырым Абишев Кеңес, ЗИЛ машинасына мал таситын «скотовоз» дейтін прицепті тіркеп алдық су жаңа, оған 24-28 мал сияды. Кеңес аға ол жақты жақсы біледі екен, қазақ ауылдарына келдік, кеш болып қалды, бір үйге қондық, мал көп екен, адамдар келіп жатыр, Қазакстаннан мал жинауға келген деп.
Оларда бір кг салмағына 1,17 руб., бізде 1,30 руб. Ақшасын аударамыз пошта арқылы.
Әнгімелесіп жатырмыз сол үйдің отағасымен, олардың айтуынша тұрмысымыз жақсы, бірақта біз сағынамыз қазақша кітап, газет, журналдарды, осы жағы қиын болып тұр дейді.Қазақстанға барғанда газет, журналдарды, кітапті алып келеміз. Әйелі де араласып шіркінай, пластинкадағы әншілердің өлеңі қандай тамаша деді.
1978 жылы қарашаның аяғында Новоивановка кеңшарынан 17 бас құнан алдық, ат қылуға. Әкелуге Бектас Сарсеновтың машинасымен бардық, 2 ат салып алдық. Жылқышылар Есмағамбетов Қайрат, Сағадиев Байкен. Бөліп болған соң құнандарды, сонда қондық. Таңертең Новоивановка жылқышысы Кашкенов Қазымның үйінде тамақ іштік, ол кісі Ертіс ауданы, облыс бойынша атақты жылқышы болатын. Ол кезде кеңшарда 1000-ға жуық жылқы болатын. Бізді шығарып салды жол көрсетіп. Кешеден бері Қайрат жылқышы өзін ыңғайсыз сезініп, ауырыңқырап жүрген еді, кетер алдында мазасызданып ауырғандықтан, Бектас екеуіміз оны уақытша көліктің кабинасына отырғыздық, ал мен оның атын тізгіндеп, өзім міндім. Шамамен бір сағаттан соң Қайраттың жағдайы біршама түзеліп, өзін жинақтады да, қайтадан өзі атқа отырды.
Содан келесі күні уйге жеттік, түнде Аксу ауылына. Түнде малды кезекші малшыларға тапсырдық. Құнандарды әкелетінін білетін малшылар, сонымен ағайынды Олжиндер түнімен жақсы өздеріне ұнайтын құнандарды ұстап, бөліп қояды басқа базға (малқораға). Таңертен бөлімше бастығы Рахметов Шұғай әкелген құнандарды көрем деп барса, орнында жоқ. Маған рация арқылы хабарласты, құнандар шығып кетіпті деп. Жігіттер құнандарды бөлу үшін басқа базға айдаған. Солай ағайынды Олжиндер бізді шошытып жібергені бар.
1983 жылы Панфилов кеңшарынан 260-тан аса жылқы сатып алдық. 1985 жылдың аяғында жылқымыз 460 басқа жетті, оның ішінде 130 бие болды, сол жылдары бие саудық, сауыншысы Әбелдинова Сапия болды.
1979 жылдың жазғы айында Сапарғалиев Саттардың үйіне досы, балалық шағын Аксу ауылында өткізген Бусурманов Жұмабек келді. Туған жері Онжылдық кеңшары. Содан Саттар үйінде болдық қонақ боп. Ертенгі күні жұмысқа бардым. Кешке жақын естимін: Қарлығаш, Әсия, Люба Момынова, Дияш Сейфуллина сосын Жұмабек бәрі көшеге шығып өлең айтып жүріпті. Аманжолдың үйінде шәй ішкен, сондай қызық болған. Үлкен адамдар Жұмабекті таныпты. Студент кезінде «Жастар» ансамбілінің жетекшісі болған. Жұмабек 1976 жылы Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. Мамандығы заңгер, ғалым-заңгер, алдағы уақытта заң ғылымының докторы, профессор, академик болады. Қазақстан Республикасының Академиясының академигі боп сайланады 2008 жылы.
1979 жылы егін бітік шықты. Өкіметке бір миллион пуд астық тапсырдық. Біздің ауылда Ленин элеваторының филиалы болған, астық далада төгіліп жатыр, орын жоқ, және жаңбыр жауса рәсуа болайын деп тұр. Содан Қазақстанның транспорт министірлігінің орынбасары және облисполкомның бірінші орынбасары Таниев М.Р., ауданның райсполком төрағасы Дармадехин келді. Олар Русская Поляна ауданының элеваторына барып бидайді элеваторға өткізу үшін келісім шарт жасап, жеті КамАЗ прицебімен қырмандағы барлық астықты екі-үш күнде күні-түні тасып, астық тапсырылды. Келген азаматтар біздің үйде қонып шықты. Министрдің орынбасары қарапайым адам екен, қазақша сөйлеп, әнгіме айтты, бізгі төсекті еденге салсаныздар жетіп жатыр деді.
Әу баста мен Амангелді кеңшарына жұмысқа тағайындалғанда Байниязов Қажат ақсақалдың үйіне орналасқан едім. Ол кісі бригадир болған егістіктің, елдің сыйлы азаматы болған. Маған, балам жұмысынды таза істе деп айтып отыратын еді. Сол кездегі кеңшардың директоры Багдашин В.В., кішкене жұмысқа жуастау, алдында директор Мищенко болған екен, ол халықпен жақсы істеді, он жылдай істеген болу керек. Егер пәленшенің баласы жұмысқа салғырт қараса, әке шешесіне барып, қал жағдайын сұрап, не керек деп сұрайды екен, сұраған заттарын қолма-қол орындайды екен. Ал кетерде, балаңызды тәртіпке келтіріп, бас-көз болыңыздар деп айтады екен. Содан әке-шешесі балаға айтады ғой, директор келіп ұн, шәй жазып берді, жұмысынды дұрыс істе, маған ұят болады, міне осылай директор осындай тәсілге көшкен.
Малдарда шығын болса не қозғалыс болса, күнделікті қалта кітапшасына тіркеп қоямыз. Көбінесе малдын бас дәрігері өлген малды тексеріп қарайды, кейде өзім де қараймын, бірақ дәрігерге айтам, осындай отардан шығын болды деп. Одан қалды белгі саламыз, яғни құлағын кесеміз. Бір жылдары (ертеде болған оқиға), бір шопан кескен құлақты тігіп көрсеткен ғой, мына қой үш-төрт күн бұрын өлген деп, бірақ біліп қойыпты.
Бір күні отарларды аралап жүріп, келесі бір отарға келдім. Бұл жерде кілең бөлінген қозылар ғана екен. Жағдайды сұрап-білген соң, шопан: «Екі–үш күннің ішінде бес тышқақ қозы шығын болды, әрі иттер жеп быт-шытын шығарып кетті», – деді. Қарасам, шынында да сүйектер бөлшектеніп жатыр. Мен шопанға: «Ертең мал дәрігері келіп, жағдайдың нақты себебін анықтайды», – деп ескерттім. Кейін бас мал дәрігері Г.А. Мелковқа барып: «Мұнда бір шикілік бар, шопан бұрынғы қозыларды тастап жіберген сияқты. Сүйектерін жинасын, сонда нақты неше қозы шығын болғаны белгілі болады», – дедім. Айтқанымдай, сүйектерін жинағанда, бар болғаны төрт қозы ғана шықты.
1972 жылы гой деймін, қыста совхозда Ертіс аудандық ауылшаруашылығының басқарма төрағасы Карпенко А.В. келді. Директордың кабинетінде шаруашылық тұралы сөйлесіп отырмыз. Бір заманда шопан Куккузов Ескендір келді кабинетке, қойларымды қырып кетті, ит пе, қасқыр ма білмеймін, мен сүрлем алуға кетіп едім, көп болса бір сағаттың шамасында болған оқиға, сағат оннан кете болған, қойлар тоқты болатын, аранда шөп жеп жатқан деді. Содан бәріміз бардық, ол кісінің қорасы жеке, птишниктен оңға қарай бөгет бар, бөгеттен 360 м. дей Карпенко аңші болатын, ізге түсті, ізді тауып 1 қасқыр болған деді. Сонда отыздан аса қойды бауыздап, қарындарын жарып және арқаларын аттап, тісін батырып жіберген, қойлар мөлейіп тұр, ертеде үлкен адамдар айтатын, қасқыр қойды аттаса, мал болмайды деп. Содан қойды соя бастадық, барлығы 50-ге жұық тоқтылар сойылды, сонда қасқыр қойларды шетінен бауыздай берген.
Амангелді ауылының оңтүстік жаңында Қызылқақ көлі жайылған, ол көлдің аумағы 172-ден 188. Тұзді көл. Батыс жағында қазір Қызылқақ ауылы орналасқан (кезінде Западный кеңшары). Сол көлдің орта кезінде, кішірек «Барса келмес» аралы бар дейді. Сол арал туралы ешкім нақты ештеңе білмейді. Ертеде бір жылқышы сол аралға барған деседі, онда құстың мекені болған, көп сүйектер жатыр деген екен. Түнде көптеген ауылдың адамдары сол аралдың ортасы от жанып тұрғандай жарқырап тұрғанын көрген, себебі сүйекте фосфор бар.
Накты барған адам ауданың ауылшаруашылық басқармасының төрағасы Карпенко А.В. самолетпен (Кукурузник) төмен ұшып көрген деп естідім, ол адам да көптеп сүйектер мен құстарды көрген екен дейді.
Шакиров Ертісбек 1985 жылдан бастап Амангелді совхозынның бас мал дәрігері болды. Ауылда не көп, ол иттер, өздері бос жүреді, бармайтын жерлері жоқ, әсіресе мал қораларының айналасында, өлімтік малды тастайтын жерде жүреді, яғни бүкіл ауруды адамға жұқтыратын осы иттер, одан қалды түлкі, қарсақтар келеді ауыл маңайына, оның ішінде аурулары болады, міне осылармен иттер араласады. Сондықтан мал дәрігері мылтығын ала жүреді, итті көрсе атып тастайды, ал малшыларға айтады, иттерінді байлаңдар деп, ескерту жасайды. Анда санда көшеге де шығады, атуға ыңғайы болса, яғни адамдар маңайда жоқ болса, итті атып тастайды. Бір күні балам жүгіріп келді, әне охотник келе жатыр деп, балалар білген ғой, ит бос жүрсе, атып тастайтының, және балалар иттерін қораға қамап қояды екен.
Бір күні аға прораб кабинетіме келді, қолында қағазы бар директордың, бір қой босат шаруашылыққа деп. Жақсы, қазір есеп бөліміне жазып берем, накладной алған соң, қай отардың алатының жазам дедім. Сол кезде аға прораб, мен асығып тұрмын, артынан бәрін реттеп, қағазын берем деді. Содан жазып бердім қойды, айдың аяғында зоотехник А. Кизицкий келіп тұр, аға прораб алған қойдың қағазын бермепті, сондықтан мен отчет жасай алмай отырмын деп.
Содан не керек екі ай өтті қағаз жоқ, сұрасам қағазды берем дейді. Бір күні құрылыстын есепшісі Еділбаев Шорман ағаға жолықтым, мән-жәйді айттым қой тұралы. Ол кісі үндеген жоқ. Айдың аяғында А.Кизицкий келіп, қойдың қағазы бөлемшенің есеп бөліміне түсіпті дейді, яғни қой бөлемшеден, құрылыс шаруашылығына алынған бір қой. Жақсы болған екен, және қызық болып тұр, енді қойымыз тақтай, цемент, шеге, кірпіштің арасында жүретін болды ғой.
Бір күні савхоз директоры Ахметов Газиз Ахметович, бір мәселені көтерді. Машина тұратын гараж ескірді, жылу жоқ шопырлар бейнет көріп жүр, осыны қара мал тұратын бетон баз (малқора) болатын, төбесі биік соны гараж қылайық. Елтас ол базды береді, ал Жылқыбай сен ол гаражға котельный саласын, плитамен жан жағын қоршайсын деп айтты. Содан гараж күзді күні дайын болды, шопырлар мәз болды. Кочегарлар болды, енді күзетші олар машиналарды қай орынға қою керек, бәрін реттеп отыратын, танертен шығатын машиналарды бөлек ыңғайлы орынға қоятын. Есімде қалғаны, осы Шарықбаев Қалел кочегар болды т.б.
Бір жылдары күзге таман ғой деймін, бөлімше бастығы Шұғай ага рациямен хабарласты, сол күндері қатты суық жаңбыр жауған. Менің конторымда Новосанжаровка кеңшарының директоры Кошкин отыр. Малдары құнаншыгарлары загонды сындырып екі гүрт егістік алкабында келіп, батып жатыр деді. Олардың малдары Сегізпішеннен үш км. Жуков ауылынның манайында, және олардың бөгеті болған, соны су шайып кетіпті. Директор малды іздеп шыққан гой, машинасы далада қалған. Ол кісі Аксуға келіп бөлімше менгерушісіне жолығып фуфайка сурапты, соған Шұғай аға менен рұқсат сұрап отыр екен, біздін бөлімшеде спец киімдер аяқ киім болатын. Мен айттым, босатыныз, тағы көмек керек болса техника жағынан беріңіз дедім, бірақта ақы сұрамаңыз. Кошкинды бір рет Новосанжаровканың қырманында көргем, сөйлескем, неге десеніз, Шұғайдын туысы Даиргельдинов Естайды, сол кеңшардан мен көшіріп алғам. Ол кісі қой баққан, енді келейін десе Амангельды кеңшарына, директоры рұқсат бермеген, қалдық қойы 70-ке жұық болған, оны ешкім алмаған. Содан біздің кеңшар сатып алды. Мен барып үлкен машинамен қойларын артып, оның салмағын қырмандағы таразыда өлшеп тұрғанда, кеңшардын директоры Кошкин келіп, машинанын кузовына шығып қойларды байқады. Айтайын дегенім, машинанын кабинасына бала шаға бәрі сиып кетті және менің машинам болған. Тағы не бар артатын деп едім. Енді тарт Ақсу ауылына деді Естай аға. Сонымен Естай аға Ақсу ауылында малшы, жолдасы Бықия (Сары кемпір) бұзаушы болды.
Бір жылдары сүт тапсырып жатырмыз Артемовка сүт заводына. Біздің орталықта кішігірім сүт ағызатын цех болды, кейде жол болмай қалғанда, не кышқыл сүт болса, сүтімізді қайтарып жібереді, сонда сүтті ағызып, қаймақ жасаймыз, одан қалды еріткен май жасап, сол Артемовкаға тапсырамыз. Бір күні август аяғында өзіміздің сүт цехына бардым кешке жақын, лаборанты Семенова В. Бөлімшеден келетін молоковозды тосып отыр екен. Келген соң сүттін анализын жасады, яғни майлылығын, сүттін майлылығы 4,2% болды, жақсы көрсеткіш, ал базис 3,7 болатын, егер 1800 кг сүт тапсырсақ майлылығы 4,2% болса 2043 кг болады. Келесі күні мәлімет бойынша, тапсырған сүттін мемлекетке, майлылығы 4,2% емес 3,7% болған. Содан сүт заводына бардым, оның мастері Журавлева, мән жайды айттым, ереже бойынша анализды алған сүтті бір тәулік сақтау керек заводта. Ол сүт сақталмаған, содан мен Ертіс ауданының инспекциясына хат жолдадым, деректерді жазып және анализдың сүт заводында сақталмаған деп. Бір жұманын ішінде инспекциянын бастығы Битюковтын қолы қойылған қағазы келіп, яғни Амангелді кеңшарынан жіберілген сүттің майлылығы дұрыс деп біздің пайдамызға шешті. Содан не керек, сүтімізді дұрыс алатын болды.
Көктем айында Артемовка май заводының айналасында батпақ болады 1 км-дей, ол батпақ 10 күн тұрады кеппей. Содан бас инженер Жылқыбай Бейсенбайұлы тұрып былай істейік деп ұсынды, ДТ тракторын маслозаводқа қояйық, ал трактористты үйіне молоковоз апарып, әкеліп тұрсын деді, міне осылай дұрыс шешім шығардық, қаншама жанармай үнемделді.
Ертеде селсоветтің төрағасы Жакетов деген азамат істеген. Ол кісі жұмысын жақсы атқарған, тәртіпті қолға алған, бірақ аудан басшыларына ұнамаған сондықтан жұмысынан босатылған екен дейтін.
1978 жылдары, кеңшардың орталығынан Шолақсайға шейін, грейдер жол салынды. Оған шейін Ақсуға баратын жолды су шайып кеткен, ал Шолақсайға дейін жол грейдер болған жоқ. Шолақсай тұрғындары боран басылғанда, орталыққа келу үшін Новосанжаровканың жерлерін басып, жол салып келетін, ол жақтың жерлері тегістеу болатын. Жол салынғаннан кейін Шолақсай тұрғындары қатты қуанды, директорге алғыстарын айтып жатты. Шолаксайда бөлімше бастығы, әнде бригадир Жұмалинов Елеш болды.
1974 жылдан Амангелді кеңшарында бірге істеген мамандарды атап өткім келеді:
бас инженер: Қадыров Жылқыбай Бейсембаевич;
бас агрономдар: Палий, Жүнісбеков Әмір Карагатеевич;
бас экономисттер: Әлжанов Темірхан, Мағзамов Социал Мағзамович;
экономист: Қадырова Күләй;
бас бухгалтер: Свольский Геннадий Николаевич, Иманқұлов Жақсылық Карменович, Қалижанов Бақыт Қалижанович, Дәулетпаева Мақпұза;
старший прораб: Амангельдинов Қайыр;
мастер: Дүйсенов Әбділман, Кажикатов Жүніс;
бөлімше мамандары: Скрипко В., Бейсов Базархан, Кузмицкая, Ярославцева Зоя;
механик завгар мамандары: Бондаренко, Сапаргалиев Саттар, Токушев Жумабай, Мальцев А.
1984 жылы қыркүйек айында денсаулыгыма байланысты жұмысымнан шығып зоотехник-селекционер болып ауыстым. Орныма бас зоотехник болып Тулеев Муқажан келді. 1987 жылы маусым айында Новоивановка кеңшарына бас зоотехник болып тағайындалдым. 2015 жылға шейін істеп зейнетке шығып, Павлодар қаласына көшіп келдім.
Қазір сол жылдарды ой елегінен өткізсем, Амангелді ауылы мен үшін бір ғана жұмыс орны емес, бүкіл өмірімнің алтын арқауына айналған үлкен мектеп болған екен. Бұл ауыл маған өмірлік тәжірибе, еңбекке деген адалдық, елге қызмет етудің мағынасын үйретті. Сол жерде өткен әр күн, бірге қызмет еткен әр адам – жадымда мәңгі сақталған қымбат бейнелер. Тағдыр түрлі соқпаққа салса да, жүрегімнің бір түкпірі әрқашан Амангелдіге қарай бұрып тұрады. Сол жерде өткен жақсы жылдарым, маған сенім артқан басшылар, бірге маңдай терін төккен әріптестерім, маңғаз даланың мінезін бойына сіңірген ауыл тұрғындары – бәрі-бәрі менің жүрегімде мәңгі қалды.
Мен үшін Амангелді – өткен күннің ғана естелігі емес, бүкіл өмірімді байытқан рухани қазына. Сол ауылға, сол адамдарға деген ризашылық сезімім ешқашан өшпейді.
|