Өмір деген ұзақ жолға қарасаң, әр аялдамасы көз алдыңа кино лентасындай қайта оралады екен. Адам кейде артқа бұрылып, жүрген жолын бағамдағанда, көңілге ерекше бір жылылық орнайды. Мен де өткен өміріме көз жүгіртсем, тағдырдың талай белесінен сүрінбей өтуіме себеп болған ең бір қастерлі мекен – Амангелді ауылы. Бұл ауыл маған жай ғана жұмыс орны емес, өмірімнің үлкен мектебі, еңбек пен адамдықтың қасиетін ұқтырған алтын бесігім болды. 1971-жылы маусым айында әкем мен шешем Омбы облысы, Ново-Варшавка ауданы, Черлак совхозынан Амангелді совхозына қоныс аударды. Сол жылдар менің де жаңа өмірге қадам басқан шағым еді. Келе салысымен совхоздың қырманында таразышы болып жұмыс істей бастадым.
Ол кезде Амангелді совхозы нағыз қауызы толған, еңсесі биік, шаруасы дүркіреп тұрған дәуренін кешіп жатқан: жылда жаңа үйлер салынып жатты, ауыл көшелеріне асфальт төселді, бірнеше жыл қатарынан бітік егін шықты, ауылда үлкен кірпіш зауыты салынды т.б.1971-жылдың күзінде мені және Көккөзова Бәтима екеумізді совхоз атынан Павлодар қаласына бухгалтерлік 1,5 жылдық курсқа оқуға жіберді. Оқуды аяқтап келген соң, бухгалтерияда статист болып еңбек жолымды жалғастырдым. Бұдан кейін Шолақсай ауылында екі жыл есепші болып істедім. Кейінірек орталықтағы 3-бөлімшеге ауыстырып, сол бөлімшеге есепші етіп бекітті. Бұл – совхоздағы ең үлкен бөлімше еді. Ол жерде шопандар, малшылар, механизаторлар, қырманшылар – ауыл шаруашылығының барлық негізгі күші жұмыс істейтін. Сол жылдары бас бухгалтер болып Свольский Геннадий еңбек етті.
1976 жылдан бастап бас бухгалтер қызметін Иманқұлов Жақсылық Карменұлы атқарды. Оның орынбасары Муқашев Дүйсенбі Таңірбергенұлы болды. Құрылыс бөлімінің есепшісі – Еділбаев Шорман ағай, материалдық столдың есепшісі – Тұяқов Бекеш Қырықбесұлы еді. Кейін Бекеш аға кеткеннен кейін бұл жұмысты Нұржамила Дәндібаева жалғастырды.
Расчётный столда Майманова Бану Қабжалалқызы, Ақсу ауылының есепшісі Рахметов Шұғай аға, Алкенова Сара, 2-бөлімшенің есепшісі Нұрғалиева Қаншайым секілді білікті мамандар жұмыс істеді. Сол заманда бүкіл совхоздың қаржы-шаруашылық есеп-қисабын осы азаматтар арқалап жүрді. Мен ол кезде жас болсам да, жылдар өте келе осы жандардың бойынан адамдықтың биік қасиеттерін, адалдық пен парасаттылықты, өз ісіне деген берілгендікті терең сезіндім. Олар – сол заманның нағыз элитасы еді!
Иманқұлов Жақсылық ағайдан кейін, бас бухгалтерлік қызметке Қалижанұлы Бақыт келді. Бас экономист болып Мағзамов Социал Мағзамұлы еңбек етті. Осы екі кабинеттен бүкіл совхоздың экономикалық тамыры байланып, әрбір есеп-қисап, жоспар мен талдау қағазға түсіріліп отырды.
Сол кездегі заманның өзі бір бөлек еді – адамдар арасындағы сыйластық, бірлік, еңбекке деген құрмет ерекше болатын. 1983 жылдың жазында Амангелді ауылдық кеңесінің төрағасы Жұмасанов Барлыбай мені ауылдық кеңеске есепші болып жұмысқа шақырды. Осы қызметті 1987 жылдың шілде айына дейін атқардым.
(Сельсоветте істеген жылдардағы ерекшеліктер: жергілікті халықтың мәселелерімен жұмыс, құжаттарды ресімдеу, ауыл шаруашылығы мен әлеуметтік бағыттағы есептерді жүргізу, бюджеттік жоспарлау – бәрі де үлкен жауапкершілік талап ететін.)
1975-жылдары ауылдық кеңестің депутаты болып сайландым. Бұл – ауылдың тыныс-тіршілігін тереңірек ұғып, елмен етене араласуыма ықпал еткен ерекше кезең болды.
Құрылыс бөлімін айтсақ, ол түгелдей жеке бір шағын «қала» тәрізді еді. Мұнда бухгалтер болып қызмет еткен Еділбаев Шорман ағайдың еңбегі ерекше. Бір оқиға есіме түседі: Шорман аға айдың қорытынды есебін бәрінен бұрын жасап, орталық бухгалтерияға – Дүйсенбі Таңірбергенұлына тапсыратын. Шорман ағаның жазуы каллиграфиялық, маржандай тізілген, бірде-бір түзету болмайтын. Біз кейде есепті кешіктіріп жатсақ, ол кісі сабырмен: «Қағазға түсір істеген жұмысыңды, айын-күніңді жаз, қолыңды қой. Құрылыс бөліміне қалдыр, келесі айда өткіземін», – деп бағыт беретін.
3-бөлімшедегі жұмыс тіпті көп еді. Бүкіл шопандар, малшылар, сауыншылар, механизаторлар, қырман жұмысшылары – бәрінің еңбек ақысын есептеу, құжаттарын рәсімдеу менің мойнымда болды. Екі зоотехник – Кизицкий Антон Максимович және Безухов Вячеслав Иванович – өз есептерін жасап, маған тапсырып отыратын, ал мен оларды тексеріп, жалпы айлық есепке қосатынмын.
Бір жылы ауданнан ревизор Зиновьев келіп, жұмысымды тексерді. «Объём работы слишком большой» деп, сол кездегі бас бухгалтер Свольский Геннадий Николаевичке айтып, маған көмекші ретінде Шредер Валентина деген маманды бекітті. Расында, жас адамға үлкен бөлімшенің еңбек ақысын толық есептеу – қыруар жұмыс еді.
Егін егу, астық ору науқаны басталғанда Шолақсайдың механизаторлары біздің үшінші бөлімшеге де жұмысқа келетін: Горновский, Кузмицкий, Жүкенов Асқар, Соколов және басқалар. Еңбек ақыларын нақты білу үшін малшылар мен механизаторлар көп келе бермейтін, ал сауыншылар ай сайын келіп, өз еңбегін нақтылап кететін. Ол – дұрыс, адал еңбектің бағасын білу қажет қой.
Кассир болып жұмыс істеген жылдары Ертіске іссапармен жиі барушы едік. Сондай күндердің бірінде боранға ұрынып, таңғы алтыдан түнгі он екі–бірлерге дейін жолда қалған кездер де болды. Қар күшті болғанда К-700 тракторы таңертең жолды ашып беретін. Сол – нағыз 1970-жылдардың аумалы-төкпелі, бірақ бір-біріне демеу бола білген адамдардың заманы еді…
Уақыт өз дегенін алып, жылдар жылжып бара жатқанымен, Амангелді ауылы мен сол кездегі адамдардың бейнесі жүректен өшпейді. Бұл ауыл – менің еңбек жолымды шыңдаған, өмірлік ұстанымымды қалыптастырған қасиетті мекенім. Әр бөлімшедегі әр әріптесім, бірге қызметтес болған басшылар, есепшілер, малшылар мен механизаторлар – барлығы да менің өмірімде өшпес із қалдырды. Сол жылдары бір нанды бөлісіп жеген, бір жұмыстың ауырын бірге еңсерген, қуанышты да, қиындықты да қоса көтерген адамдарға деген алғысым да, құрметім де ешқашан өзгермейді. Тағдыр мені әр кезеңде түрлі жандармен жолықтырды, солардың әрқайсысы жүрегімде бөлек із қалдырды.
Амангелді ауылы өмірімнің ең құнды беттері жазылған елді мекен деп айтуға болады. Сол ауылға, сол адамдарға деген алғысым мен сағынышым ешқашан сарқылмайды.
|