Бауыржан Сейфуллин
07.06.2023, 20:07

Туған жер – адам өміріндегі ең алғашқы әрі ең қасиетті ұғымдардың бірі. Ол – балалықтың бал дәмі қалған, жүрекке жылу сыйлайтын, санада мәңгі сақталатын мекен. Қайда жүрсең де, қандай белестерді бағындырсаң да, туған ауылдың аты аталғанда көңіл толқып, ой алыста қалады. Өйткені туған жер – тек географиялық ұғым емес, ол – тағдырдың бастауы, өмірдің іргетасы. Әрбір адамның өмір жолында ауылдың орны айрықша, себебі сол жерде мінез қалыптасып, адамдық қасиеттер бойға сіңеді. Туған жердің әр сайы мен жотасы, әр үйі мен көшесі – өткен күндердің үнсіз куәгері. Ол жерлерде қуаныш та, мұң да, үміт пен арман да қатар өріледі. Ауыл тіршілігі қарапайым болғанымен, оның мәні терең, тағылымы мол. Осындай мекендерде өскен адам өмірдің қадірін ерте түсінеді. Ақсу ауылы да – талай тағдырға куә болған, талай адамның жүрегінде өшпес із қалдырған қасиетті мекен. Бұл ауылдың тарихы – сол жерде ғұмыр кешкен адамдардың өмірімен, еңбегімен тығыз байланысты. Сол күндердің елесі бүгінгі естелікке айналып, өткенге деген сағынышты оятады.
Туып-өскен жерім – Ақсу ауылы. Кезінде осы ауылдың негізінде «Жаңа таң» колхозы болған екен. 
Мен 1950 жылдың қазан айының 10  күні туыппын. Ата-анамның руы Қыпшақ – оның ішінде Құлатай тармағы, бергі атамыз Байжігіт. Атам Сағади марқұм кезінде бір атадан жалғыз қалған азамат. Үш ұл, екі қыз бала көріп, солардың ұрпағын сүйген. Ұлдары Сайфолла, Сапарғали, Байкен (Файзолла, Сабыр деп атаған), олардан немере  көріп кетті.   Өз әкемнен бес ұрпақ – үш ұл, екі қыз болған едік. Солардан қалған мен және қарындасым Айгүл. Ағам Жаппар 1983 жылы  дүниеден өтті. Інім Сабыржан 2010 жылы дүниеден озды, ал қарындасым Айман 1996 жылы науқастан қайтыс болды. 
1955 жылы совхоз құрылып, оның орталығы Амангелді деп аталды да, ауыл Ақсу атауымен сақталып, жаңадан құрылған Амангелді кеңшарының бірінші бөлімшесі болып қалды. Бір кездері үлкендерден «Неге ауыл Ақсу деп аталады?» деп сұрағаным бар. Оның себебі мынадай екен: жазғытұры қар еріген кезде сай-салалармен аққан қар суы Қызылғақ көліне құяды. Су ағысы қатты болып, бұрқ-сарқ қайнап, беті ақ көбіктеніп, сарқырап ағатындықтан, ауылды Ақсу деп атап кеткен.
Елуінші жылдары ауылда қазақ пен орыс аралас қырық шақты жанұя тұратын. Қазақ тілінде бастауыш мектеп (4 сынып) болды. Балалардың басым бөлігі қазақтар еді, арасында аздаған орыс балалары да оқыды. Ұстазымыз Халиуллин Мұхаметқали атты азамат болатын. Ол – білікті, өз ісінің шебері, мінезі байсалды, көбіне ашық-жарқын жүретін адам еді. Ауылда үлкеннің де, кішінің де алдында абыройы жоғары, сыйлы ұстаз болды. Біз 4-сыныпты сол кісінің алдынан оқып бітірдік.
Содан кейін Амангелді ауылының 8-жылдық орталық мектебіне көшірілдім.  Амангелді 8-жылдық мектебі орыс тілінде оқытатын, ал біз төрт жылдық сыныпты қазақ тілінде оқығанбыз.  Сондықтан орыс тілін жете білмейсіңдер деп, қайтадан 4-сыныпты орыс тілінде оқытты. Амангелдінің  8-жылдық мектебін 1966 жылы бітірдім.
Орта мектепте білім алу үшін көрші Ново-Санжаровка ауылындағы орта мектептің 9-сыныбына барып оқыдым. 1968 жылы мектепті тәмамдап, сол жылы Омбы қаласындағы СИБАДИ институтына оқуға түсу үшін құжаттарымды тапсырдым. Алайда, өкінішке қарай, конкурсынан өте алмай, туған ауылға қайтпай, Омбы қаласында қалып, жұмысқа орналастым.
60-жылдары ауыл өмірінде де елеулі өзгерістер болды. Орыс ұлтының өкілдерімен қатар, бірқатар қазақ отбасылары орталық – Амангелді ауылына қоныс аудара бастады. Олар көбіне шофер, механизатор сияқты мамандықтар бойынша жұмысқа орналасты. Соның салдарынан Ақсу ауылының тұрғындар саны біршама азайды. Ауылдағы жалғыз сауда орны – домлавка болатын. Онда алғашында әкем Сайфолла, кейін Болатов Дәйкен есімді қария сатушы болып еңбек етті.
Сол жылдары ауылда монша да, клуб та болмаған. Кино немесе концерт келсе, ескі қоймада өткізілетін. Бұл қойма Бекжігітов Сіләм мен Жұмасанов Беке үйлерінің қарсы бетінде орналасқан еді. Кейін шымнан қаланған сол ескі қойма құлап қалды. Ал монша мен клуб тек 1962–1963 жылдары ғана салынды. Монша теміржол өткелінің маңында, ал клуб ауылдың ортасына таман, Амангелдіден ауылға кіреберістің оң жағында орналасты. Клуб қамыстан салынған болатын. Оның меңгерушісі кім болғаны нақты есімде жоқ, себебі ол кезде кадрлар жиі ауысып тұрды, біз өзіміз де бала едік.
Дегенмен дәл сол клубта біз ер жетіп, сол кезде өз күшімізбен көркемөнерге әуес жастар тобын құрып, концерттер ұйымдастырып жүрдік. Бұл бастаманы бізден кейінгі жастар да жалғастырды. Аптасына екі-үш рет кино көрсетілетін, фильмдерді аудан орталығынан әкелетін. Киномеханик болып Лесной Василий Григорьевич жұмыс істеді, кейін оның орнын бірнеше адам алмастырды. Кей кездері сол клубта ауыл тұрғындарының қуанышына айналған үйлену тойлары да өткізілетін.
1969 жылдың мамыр айында әскер қатарына шақырылып, Отан алдындағы борышымды екі жыл бойы абыроймен атқардым. 1971 жылдың маусым айында туған ауылым Ақсуға қайта оралдым. Азаматтық еңбек жолымды сол жылы ауылдағы бастауыш мектепте мұғалім болып бастадым. Мектепте жұмыс істеп жүрген кезімде, 1977 жылдың қаңтар айында шаңырақ көтердім.
1976 жылы клуб жарамсыз болып қалды. Жөндеуге қаражат болмаған соң, оны басқа жерге ауыстырды. Ол да бұрын халық үй ретінде пайдаланған, саман кірпіштен қаланған төрт бөлмелі ескі үй еді. 1977 жылы отбасыммен орталыққа, яғни Амангелдіге қоныс аудардым. Орталықта директор бізге клубқа қарама-қарсы үй берді. Ол кезде парторг Халел Халимуллович Жетпісов болатын. Сол кісі маған клуб меңгерушісі болуды ұсынды. Мен көп ойланып, әрең дегенде келістім. Бас тартуға да мүмкіндік болмады, себебі ол уақытта менің арнайы мамандығым жоқ еді, тек ауылдағы 6 жылдық бастауыш мектепте мұғалім болып істеген тәжірибем ғана бар, оның өзінде тиісті құжатым болмады.

Менен бұрын клуб меңгерушісі болып Бухтоярова Александра жұмыс істеген. Ол Бухтояров Николайдың жұбайы болатын. Осылайша менің өмірімнің келесі бір белесі ашылып, мәдени-ағарту саласындағы жұмысқа кірістім. Клубта көлемі едәуір үлкен кітапхана болды, ондағы қызметкерлерді аудан тағайындайтын. Біз клубта өнерпаздарды жинап, вокалды-аспаптық ансамбль (ВИА) құрдық, бірінші топ Бабиковтар отбасының ұлдарынан құрылды, кейін ансамбльдің құрамы өзгеріп, жаңарып отырды. Мерекелерде концерттер қойып, би кештері мен ойын-сауық шараларын ұйымдастырдық.
Клубтың фойесінде теннис үстелі тұрды, жастар сол жерде ойнап, уақыттарын өткізетін. Бильярд үстелі де болатын, кешкілік үлкен кісілер де келіп ойнап кететін. Сонымен қатар парторг маған комсоргтың міндетін атқаруды да жүктеді, бірақ бұл жұмысқа ақы төленбеді. Осылайша екі жылдай шыдадым. Бұл жұмыс маған жастарға тән іс сияқты көрініп, өзімді жасым ұлғайып қалғандай сезіне бастадым. Сондықтан тиянақты бір мамандық игеруді қаладым.
Ойымды парторгке айтып, ақылдастым. Ол түсіністікпен қарап, бас инженермен сөйлесетінін айтты. Ол кезде бас инженер Жылқыбай Бейсембаевич болатын. Сол жылдары совхоздағы бас мамандардың барлығы дерлік қазақ азаматтары еді: бас инженер – Жылқыбай Қадыров, директор – Ғазиз Ахметов, бас агроном – Әмір Жүніспеков, бас зоотехник – Елтас Бултыков және басқа да мамандар.
Олармен қарым-қатынасымыз жақсы болды. Конторада кездескенде «қай мамандықты таңдадың?» деп сұрайтын. Мен токарь болғым келетінін айттым. Кейбіреулері күліп, «сен техниканың маңына жоламаған адамсың, болт пен гайканы ажырата аласың ба?» дейтін. Ал кейбірі қолдау көрсетті. Сөйтіп мені үш айлық токарь оқушысы ретінде Опытная станциясына жіберді. Оқуым 1979 жылдың желтоқсанынан 1980 жылдың ақпанына дейін созылды. Одан кейін МТМ-де токарь болып жұмыс істедім.
Ол кезде комсорг қызметін Қабидолла Иманжанов атқарды, ал клуб меңгерушісі Камогорова-Тезекбаева Зейнель болды. Осылайша біз жастар қатарынан үлкендер ортасына ауыстық.
Комсомол жұмысы туралы да айта кету керек. Өзім комсорг болған кезімде жастармен біршама жұмыс атқардық. Комсомол жастарының арасынан шопандар бригадасын ұйымдастырып, қой өсіру ісімен айналыстық. Ұстазымыз Темірбеков Қайыржан ағамыз болды. Бұл бригада үш жыл еңбек етті. Сонымен қатар қыз-келіншектерден механизаторлар бригадасын құрып, жүгері өсіру, жинау және түрлі дала жұмыстарын атқардық. Бұл бригада 7–8 жыл бойы жұмыс істеді.
Бір күні директор Ғазиз Ахметұлы мені шақырып алып, совхоздың көшелерін жөндеу мәселесін көтерді. Жастарды жинап, көше тазалау мен жөндеу жұмыстарына көмектесуді сұрады. Біз жұмысты клуб тұрған көшеден бастадық. Жаз бойы сенбіліктер ұйымдастырылып, совхоз техникасы бөлінді. Нәтижесінде бұрын не жаяу адам, не техника өте алмайтын көшеге щебень төселіп, жөнделді. Бұл іс ауыл көшелерін ретке келтірудің бастамасы болды. Осы жұмыстардың арқасында клубқа совхоз бен кәсіподақ тарапынан көмек көрсетіліп, ВИА-ға аспаптар мен қажетті құрал-жабдықтар алынды.
Жұбайым Дияш – өзім шамалас, Русская Поляна ауданы, Целинный совхозының тумасы. Көпбалалы отбасынан шыққан: бір ағасы, бір апасы, екі інісі, екі сіңлісі бар. Мамандығы – сауда кооперативін бітірген. Мінезі ашық-жарқын, турашыл, кейде артық кетіп қалатын, бірақ тез қайтып, өз қателігін мойындайтын. Жұмысына ұқыпты еді. Өзінен үлкен жеңгелеріне жақын болып, оларды «подружкаларым» деп атайтын. Дияш орталыққа көшкеннен кейін сатушы болып істеп, кейін рабкооптың төрағасы болды. 1997 жылы біз Екібастұз қаласына көшіп келдік, бұл жерде де ол сатушы болып жұмыс істеді. Өкінішке орай, өмірден ерте кетті, 2025 жылғы 27 шілдеде дүниеден озды.
1980 жылы ауылымызда кірпіш зауыты ашылды. Директоры болып Овечкин Александр Артемьевич тағайындалды, ал Шорман Еділбайұлы бухгалтер болды. Мен сол кезде токарь болып жұмыс істеп жүрдім. Біз екі токарь едік, қасымдағысы – тәжірибелі, жасы үлкен орыс азаматы, негізгі токарь болатын. Ол кейде мені кірпіш зауытына оператор ретінде шақыратын. Зауыт сәуірден қыркүйекке дейін жұмыс істеді. Ол кезде жастардың көбі жұмыссыз болатын. Қыз-келіншектер де зауытқа жұмысқа кіруге тырысатын, себебі табыс жақсы еді – 500-ден 1000 рубльге дейін жететін.
1990 жылға дейін совхоздың техникалық қызмет көрсету шеберханасында жұмыс істедім. Күз сайын комбайнда еңбек еттім. 1990 жылы Боранбай Байниязов келіп, кірпіш зауытын өзіміз жүргізейік деп ұсыныс айтты, себебі зауыт иесіз қалған еді. Менің орнымда С. Квасных қалды. Боранбай екеуміз зауытты қолға алдық. Ол кезде директор Жылқыбай Бейсембайұлы болатын, ол бізге сенім артты. Боранбай Қажатұлы директор, ал мен мастер-бухгалтер болдым. Павлодарға барып, бір айлық курстан өтіп, «кірпіш өндірісінің мастері» деген мамандық алдым. 1990–1991 жылдары кірпіш өндіріп, жоспарды орындадық. Алайда 1992 жылы Ресей мен Қазақстан арасындағы шекара жабылып, кірпіш өткізу қиындаған соң зауыт жабылды. Себебі өнімнің 90 пайызы Ресейге сатылатын. Осыдан кейін бұрынғы жұмысыма қайта оралдым.
1992 жылдың күзінде егін науқаны кезінде комбайнда жүргенімде, бригадаға Ниязов Темірбай ақсақал келіп, ауыл кеңесінің төрағасы болуды ұсынды. Алғашында келіспедім. Бірақ ол кісі басқа адамдар арқылы да үгіт жүргізіп, үй-ішіме дейін айтып, әйелімді де араластырды. Жылқыбай марқұм да қолдап, «тәжірибең бар» деді. Кейін белгілі болғандай, бұл орынға бірнеше адам таласыпты. Сайлау екі турмен өтті. Екінші турда маған көбірек дауыс берілді. Бір жылдан кейін әкімшілік басшысы, одан соң әкім болып тағайындалдым. 1996 жылға дейін қызмет атқардым.
Менің әкімдіктен кетуіме Қабылқақ Ильяшевич себеп болды. Ол аудандық әкімдікте кадр бөлімінің бастығы болып істеп, диплом талап етті. Мен дипломды сатып алмайтынымды айттым. Ол кісі ауылға келіп, жиналыс өткізіп, мені қызметтен босатуға қол жеткізді. Ауыл халқы мені жақтады, бірақ мен сабырға шақырып, кеткен қателіктерім болса кешірім сұрадым. Осылайша Амангелдідегі әкімдік қызметім аяқталды.
Үйде бос отырған жоқпын, кәсіподақ төрағасы қызметіне шақырылып, бір жыл Алма қарындасыммен бірге жұмыс істедім. 1997 жылы Амангелдіден көшіп кеттік, себебі ауыл біртіндеп тарқап, тұрғындары азая бастады. Сол жылы қоныс аударып, Екібастұз қаласына көшіп келдік. Бұл қалада еңбекті ПТШ-18 деген училищеде «мастер по токарным делам»  болып істедім. 2000 жылы Ақсу қаласына қоныс аудардық.  Осы қаланың АЗФ зауытында токарь болып жұмыс істедім. 2014 жылы зейнетке шықтым. Зейнетте жүргенде Ақсу қаласының горкомхоз ұйымында тағы да үш жыл токарь болдым. 2021 жылы екі қызым өздеріне жақындатып көшіріп алды.Олар есейіп ер жетіп,  екеуі де кезінде Амангелді орта мектебін бітірген. Сонан соң жоғары оқу орнын бітірді. Тұрмыс құрып жеке отау болды. Қазір өзім Астана қаласының маңындағы Қосшы қаласында  тұрып жатырмын.
Уақыт өткен сайын сол бір кезеңдерге деген сағыныш тереңдей түседі. Ақсу, Амангелді ауылдарында өткен жылдар – қайта оралмас шақ, бірақ ешқашан ұмытылмайтын кезең. Ол күндердің әр сәті жүрек түкпірінде сақтаулы. Балалықтың бал күлкісі, жастықтың жалынды шағы, еңбекке араласқан алғашқы қадамдар көз алдына келеді. Сол ауылда қалыптасқан орта, адамдар арасындағы сыйластық пен бірлік өмір бойы жадымызда қалды. Туған ауылда басталған өмір жолы адамды қайда жүрсе де жетелеп отырады. Ауылдан алған тәрбие мен тәлім ешқашан жоғалмайды. Қанша жыл өтсе де, туған жердің орны жүректе бөлек болып қала береді. Өйткені ол жер – алғашқы арманның, алғашқы үміттің мекені. Ақсу мен Амангелді ауылдары – өткен өмірдің айнасы, жүректегі мәңгілік сағыныштың символдары. Сол кездер естен ешқашан шықпайды. Туған ауыл әр адамның жүрегінде мәңгі сақталады.

Категория: История | Добавил: Admin
Просмотров: 61 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 5.0/5


Всего комментариев: 0
Verify you're human *: