Асылбаев Теміртөлеу Мұқатайұлы. Өлеңдер.
21.05.2020, 12:44

Марқұм әкем Теміртөлеу Мұқатайұлы Асылбаев 1945 жылы 27 қыркүйекте Железинка ауданы Железинка аулында дүниеге келді. 7-сыныпқа дейін Ертіс ауданы Октябрь мектебінде және Максим Горький орта мектебінде оқыды. Отбасылық жағдайға байланысты Шымкент қаласына көшіп, сонда 8-10 сыныпты Жамбыл атындағы №26 орта білім беру мектебінде оқып, білім алды. Әкемнің айтуы бойынша, 1958 жылдан бастап футбол жанкүйері болған. Тіпті, өзімен бір мектепте оқыған Темірәлі Қожақметов пен Құралбек Ордабаевтарды еске алып, айтып отыратын. Әкемнің футболға әуес болғаны соншалық 1960 жылдардан бастап Кеңес үкіметі ыдырағанға дейінгі әлем , европа чемпионаты және Кеңес үкіметінің өз ішіндегі чемпионатын бәрін қалың дәптерге кестеге сызып, жазып қоятын.  1965 жылы Қорғалжын ауданында Сабынды аулында электрик болып жұмыс істеді. Ал 1970 жылы өзінің балалық шағы өткен Ертіс ауданына келіп, одан кейін 1976 жылы Амангелді аулында плотник болып жұмыс істеп, бір жылдан соң 1977 жылы Амангелді мектебінің интернатында тәрбиеші қызметін 1986 жылға дейін атқарды. Осы уақыт аралығында талай балаларды тәрбиелеген. Анамның айтуына қарағанда, әкем өз жұмысына адал, адамгершілігі, таным түсінігі мол адам болған. Өйткені біздің ауыл Амангелді сол кезде бірнеше бөлімшелерден тұрған. Жаңағы интернатта тұрып жүрген балалардың барлығы І, ІІ бөлімшелерден келетін. Кейбір уақыттарда әкем өзі автобустың жүргізушісі ағамыз Ермек марқұммен бірге апарып жүріпті. Шәкірттері барлығы есейіп, отбасы құрғаннан кейін, көбі әкеме келіп, өздерінің алғысын, ризашылықтарын білдіріп, өткен өмірдің естеліктерін еске түсіріп, әңгімелесіп отыратын.

1982 жылдың күзінде әкемнің өмірінде елеулі сәт орын алды. Ертіс ауданының тумасы Бақытжамал Борамбайқызы, яғни анама үйленіп, шаңырақ көтерген болатын. 1986-2002 жылдың аралығында Амангелді мектебінің кітапханашы болып жұмыс жасады. Ал 2005 жылдан бастап 2010 жылға дейін мектептің күзетшісі болып істеген.

Әкемнің кітапқа деген құмарлығы өте күшті болғандықтан, өлең шығаруға деген қабілеті болған. Бірақ та өзін ақынмын деп санамаған. Оны мына өлең жолдарынан байқауға болады: Өзімді санамаймын ақынмын деп, Олармен ешқандай да жақындық жоқ. Арманым болмас еді өтсем егер, Тілімнің қамын жейтін азамат боп. Әкемнің өлеңдері әлеуметтік-қоғамдық мәселелерге, тілге, туған жерге, спортқа және т.б. тақырыптары бойынша жазылған. Шығармалары аудандық, облыстық басылымдарда жарияланып тұрды. Өзі мойындамай кеткен ақындық өнері: ол кісінің өмірге деген, Отанға деген, адамзатқа деген сүйіспеншілігін нығайтып, жүрегін кеңейткендей еді. 2008 жылы зейнеткерлікке шығып, соның 3 жылын ғана көрді.

Ажал айтып келмейді дегендей, әкемізден 2011 жылдың 25 шілдесінде айырылып қалдық.

Әкемнің маған және қарындастарыма берген адал да өнегелі тәрбиесі мәңгілік ұмытылмайды. Бойында тозаңдай тәкаппарлық табылмайтын, үлкен мен кішіге кішіпейілділігін танытқан әкем, ел жүрегінде нұрлы бейнесімен сақталады.

Еркебұлан Теміртөлеуұлы

 ӨЛЕҢДЕР

Левитанның дауысы

 

Мың тоғыз жүз қырық бірдің, жиырма екісі маусымның,

Жердің жүзі естіді ғой Левитанның дауысын.

«Тыңдаңыздар, тыңдаңыздар, сөйлеп тұрған Москва,

Сұм фашистер Совет елін таптамақшы астына.

Сұм фашистер біздің елге соғыс өртін ап келді,

Таңғы сағат төрт кезінде аш қасқырдай тап берді.

Жерде танкі, көкте ұшақтар, әскерлері қаптады,

Шекараны бұзып өтіп, жерімізді таптады.

Қорғау үшін елімізді аттаныңдар бәріңде,

Аттаныңдар жастарыңда, аттаныңдар кәріңде.

Аттаныңдар бәрің қалмай елімізді қорғауға,

Көп қалалар қалып қойды жау тылында қоршауда

Біздің жақта бар әділдік, біз жеңеміз түбінде

Қайрат та бар, ыза да бар, үміт те бар үнінде».

Левитанның осы сөзін, естіген соң көп халық,

Ұлы Отанды қорғау үшін, кетті олар аттанып.

Тылда әйелдер, жас балалар, кәрі шал мен кемпірлер,

Еңбегімен жеңіс күнін, бір сәт бұрын келтірер.

Әр күн сайын үзбей есітіп Левитанның дауысын,

Ұлы Отан бір сәтке де тоқтатпады тынысын.

Алып елдің соғып тұрды бірқалыпты жүрегі,

Әділдіктің бізде екенін, бүкіл әлем біледі.

Ал әділдік әрқашанда жауыздықты жеңеді,

Бар адамзат еш күмәнсіз бұған кәміл сенеді.

Бірде жеңіп, бірде жеңіліп жауменен біз айқастық,

Ұрпақ үшін, өмір үшін жауыздықпен шайқастық.

Левитанның дауысын естіп, қалтырады немістер

Левитанның әрбір сөзі, снаряд боп елестер.

Осылайша төрт жыл бойы, үнін естіп диктордың,

Үміт отын жүрекке жалғап, бүгілмедік тік тұрдық.

Левитанның даусы шықты «Жау жеңілді, жау қашты,

Ұлы елді жеңемін деп ойлады ма албасты».

Күл талқан боп жау жеңілді, Берлинге ту тігілді,

Алшаң басқан фашистердің тізелері бүгілді.

Мың тоғыз жүз қырық бестің тоғызында мамырдың,

Айбалтамен шаптық қой біз, фашизмнің тамырын.

Радиодан «Біз жеңдік» деп хабарлады Левитан,

Фашизмнің күні батып, жерімізге атты таң.

Іске аспады Гитлердің ойға алған бұл ісі,

Содан бері құлағымызда Левитанның дауысы.

«Тыңдаңыздар, тыңдаңыздар сөйлеп тұрған Москва

Орнаттық біз ақырзаман, Гитлердің басына»!

 

Т.М. Асылбаев, «Ертіс нұры» газеті, 7 мамыр 2005 жыл.

 

 

Жүректе мәңгі сақталар

 

Қаншама жылдар өтсе де,

Аңыз боп бізге жетсе де.

Алдағы бейбіт күн үшін,

Жандарын қиып кетсе де.

 

Ұмытылмай жатталар,

Жүректе мәңгі сақталар.

Соғыста қалған әкелер,

Болашаққа жетелер.

 

Алдағы жарқын күн үшін,

Тамылжып тұрар түн үшін

Жандарын қиған ағалар,

Ұрпағың сені бағалар.

 

Отан үшін, ел үшін,

Ұлан байтақ жер үшін.

Өмірін қиған апалар,

Бақыт күнге апарар.

 

Салыңдар құлақ біздерге,

Сөзіміз жетсе сіздерге.

Бас иіп тағзым етеміз,

Армандарыңа жетеміз.

 

Ұмытпай есте сақтаймыз,

Борышымызды ақтаймыз.

Соғыс өртін болдырмай,

Бейбітшілікті жақтаймыз.

 

Т.М. Асылбаев, «Ертіс нұры» газеті, 15 мамыр 2004 жыл.

 

Осылай өмір сүремін!

Ен байтақ туған жеріме,

Әрқашан адал жүрегім.

Қонақжай, момын еліме,

Ашық аспан тіледім.

Жамандық бізге тілейтін,

Жауыздар барын білемін.

Шаттанып мен де күлемін.

Әрқашанда айнымай,

Халқыммен бірге жүремін.

Осы менің тілегім,

Осы менің білерім,

Осы менің мақсатым,

Осылай өмір сүремін.

Т.М. Асылбаев, «Ертіс нұры» газеті, 10 сәуір 2004 жыл.

 

Ол –Абай

 

Зар қағып қазағым деп зарлаған кім,

Ұлтының болашағын барлаған кім,

Қолына қалам алып тынып таппай

Біздерге асыл сөзін арнаған кім?

Өзіне шапан-шекпен алмаған кім,

Зорлыққа, зомбылыққа бармаған кім,

Басына талай таяқ тисе дағы

Шындық үшін күрестен талмаған кім?

Қасына кедей-кепшік жинаған кім,

Үлкенді де, кішіні сыйлаған кім,

Мыңмен жалғыз алысып тіршілікте,

Өз жанын жұрттан бетер қинаған кім?

Байларды ащы тілмен түйреген кім,

Халықты жарық күнге сүйреген кім,

Түсінбейтін заманда өмір сүріп,

Ақ жанын құлазытып күйреген кім?

Қол созып біздерменен сырласқан кім,

Қамығып көңіл күйі мұңдасқан кім,

Артына өшпейтұғын із қалдырып,

Мәңгілік сөнбейтұғын нұр шашқан кім?

Ол Абай , ұлы Абай, дана Абай,

Ұрпағы ұмытады оны қалай,

Тіршілік сақталса егер жер бетінде,

Абайдың тойы болар талай-талай!

Т.М. Асылбаев, «Ертіс нұры» газеті, 6 қараша 2003 жыл.

 

Наурыз тойы

 

Наурыз келді, жаңа жыл да басталды,

Кәне достар, жасайық біз бастаңғы.

Қарындастар, жайыңдаршы дастархан,

Мол болсыншы қазағымның астары.

 

Әжелердің ақ сандығы ашылсын,

Ақ баталар шашу болып шашылсын.

Жекпе-жекте айтыстағы ақындар,

Бір-бірінен өнерлерін асырсын.

 

Келіңіздер шаттық әнін басталық,

Ренішті артқа сырып тасталық.

Жылқы жылын шабылуда өткіздік,

Қой жылында тату болсын бар халық.

 

Біле білсең шаттанатын күн бүгін,

Ашып қойшы киіз үйдің түндігін.

Туады әлі алда талай жақсылық,

Тарқатайық  көңілдің бар күдігін.

 

Бұдан артық табылады той қандай,

Ырысымыз нөсерлетіп жатқандай.

Қуанышты түрін көрдім халқымның,

Жаңа өмірдің жаңа таны атқандай.

 

Т.М. Асылбаев, «Ертіс нұры» газеті, 17 сәуір 1991жыл.

 

 

Өз тілім

 

Ана тілім – ардақтым,

Туды, міне, ғажап күн.

Ұмытатын болдық қой

Не екенін қазақтың.

 

Таңырқамай қайтерсің,

Жерімізде тұрсақ та.

Тілімізден айрылдық,

Тумай жатып құрсақта.

 

Келімсектің бәрін де

Пір тұтып –ақ  келдік қой,

«Маңдайымызға жазған» деп

Көрмегенді көрдік қой.

 

Ат тұяғы баспаған,

Қанша  жерім жыртылды.

Ана тілім – ардақтым,

Көз алдымда қырқылды.

 

Бір жағынан жерімнің

Тарс-тұрс бомба жарылды

Бір жағынан елімнің,

Аралға көр қазылды.

 

Батаңды бер ерлерге,

Аталарым ардақты.

Қайыспасын белдері,

Көтерер жүгі салмақты.

 

Т.М. Асылбаев, «Ертіс нұры» газеті, 1 наурыз 1991жыл.

 

Ертісім

 

Ертісім, Ертісім, Ертісім,

Сен биыл тағы да ерледің.

Жылытып жанкүйер жүрегін,

Намысты қолыңнан бермедің.

 

3:0, 4:0, бесте бар,

Талайды жеңгенің есте бар.

Қарсылас өзінше тырмысқан,

Шаң қауып, қалды артта көште олар.

 

Дамылсыз лап қойып қақпаға,

Гол соғу «Ертістің» дәстүрі.

Жанкүйер қиқулап қолдасы,

Қалаға сыймайды тасқыны.

 

Кім шыдар бұл күнгі қарқынға,

Қолдаған халқың бар артында.

Жыл сайын көрейік тұғырдан,

Жарқылда, «Ертісім» жарқылда.

 

Жарқылда, «Ертісім» жарқылда,

Өрлей бер биікке, тартынба.

Жас ұрпақ көшіңе ілессін,

Ұмтылсын жеңіске, алтынға.

 

Т.М. Асылбаев, «Сарыарқа самалы» газеті, 6 желтоқсан 2003жыл.

Санат: История | Добавил: Moder | Теги: темір, Темир, Амангелді, Амангельды, Асылбаев, Amangeldy, Темир Мукатаевич, Теміртөлеу Мұқатайұлы
Қараулар: 936 | Загрузок: 2 | Комментарии: 1 | Рейтинг: 5.0/5
Всего комментариев: 1
0  
1 Aza   (30.01.2023 21:32) [Материал]
Қандай керемет өлеңдер

Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]