Біздің кіндік қанымыз тамған қасиетті мекен – Павлодар облысы, Ертіс ауданының Амангелді ауылына қарасты Ақсу елді-мекені. Бұл – дархан даласы мен адал еңбегімен ел жадында қалған жандардың мекені. Сол топырақта туып-өскен әрбір ұрпақ туған жерін, ата-бабасының ізін, ата-анасының есімін қастерлеп, олардың өмір жолын кейінгіге өнеге ету – борыш деп біледі. Осындай ұлағатты әулеттің басында тұрған – біздің асқар тау әкеміз, ардақты атамыз Аманжолов Шарықпай мен мейірімді, пейілі кең Бейсекеева Батиха еді. Әкеміз Аманжолов Шарықпай 1912 жылы Ертіс ауданының Шолақсай ауылында қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген. Руы – құлатай қыпшақ. Өмірдің алғашқы қиын сынақтарына ерте кезден тап болды: бала жасынан жетім қалып, өзінен кіші қарындасын асырау үшін еңбекке араласты. Сол кезден бастап-ақ төзімділік пен еңбекқорлық оның өмірлік серігіне айналды.
Қиын-қыстау заманда ешкімге салмақ салмай, тағдырдың талай сынын сабырмен көтерді. Қай іске де адал, жауапты әрі тындырымды болды. Қарапайым еңбектің қадірін біліп, өмір бойы тынымсыз еңбек етті.
1941 жылы, соғыс басталар алдында, әкеміз анамыз Батихамен шаңырақ көтерді. Бірақ отбасылық бақыттың қызығын толық көріп үлгермей, сол жылы Ұлы Отан соғысы басталып, әкеміз майданға аттанды. Ол зениттік артиллерия құрамында ефрейтор болып қызмет етті. Мәскеу облысында, кейін Украина майданында шайқасып, ерлігімен көзге түсті. Көптеген алғыс хаттар мен марапаттарға ие болды, оның ішінде Екінші дәрежелі орденмен наградталған.
1945 жылы мамырда Берлинге аз ғана жетпей, қолынан ауыр жараланып, госпитальге түседі. Әкеміз өмір бойы сол Берлинге жетіп, Жеңіс туының желбіреуін өз көзімен көре алмай қалғанына өкініш білдіріп отыратын.
Майданнан 1945 жылы туған еліне аман оралған соң, ауыл шаруашылығында қажырлы еңбек етті. Күн демей, түн демей ауылдың қажеті үшін жұмыс істеп, елдің құрметіне бөленді. Әкеміз еңбекқорлығы, қарапайымдылығы және адамгершілігімен үлгі болған жан еді.
Біз үшін анамыз – мейірім мен іскерліктің символы секілді еді. «Анаңды Меккеге үш рет арқалап апарсаң да, қарызыңнан құтылмайсың» деген дана сөз бар. Сол айтқандай, ананың орны – қашанда бөлек. Біздің аяулы анамыз Бейсекеева Батиха 1925 жылы дүниеге келген. Іске өте шебер, қолы ұсынақты, жүрегі кең жан еді. Ол заманда тігін машинасы сирек болғандықтан, анамыз бар дүниені қолдан тігетін. Қолмен тіккен киімдері мен көрпелері мінсіз, ұқыпты болатын. Сонымен бірге кілем, алаша, түскиіз тоқып, үй ішін көркемдеп, ою-өрнекпен безендіретін.
Анамыздың дәмі тіл үйірер тағамдары мен иісі аңқыған қымызы бүкіл ауылдың мақтанышы еді. Биесін сауып, қымыз ашытып, келген қонақтың бәрін риза ететін. Оның қымызының дәмі мен хош иісі алыс ауылдарға дейін аңыздай тарайтын.
Өмірінің соңғы жылдарында сырқаттанып жүрсе де, анамыз үнемі балаларының болашағын ойлап, қыздарының жасауларын алдын ала дайындап қойған еді. Біз ананы ерекше жақсы көрдік. Осындай пейілі кең, мейірімі мол жанның перзенті болғанымыз үшін Аллаға сансыз шүкір айтамыз.
Дана халқымыз «Ұрпақ – өмір жалғасы» дейді. Ата-анамыздың үш ұлы мен бес қызы өмірге келді. 1946 жылы тұңғыштары Қадиша дүниеге келген, алайда соғыстан кейінгі қиын кезең мен медицинаның әлсіздігі себепті сәби ерте шетінеп кетті. Бұл – ата-анамыздың жүрегіне өшпес жара салғанымен, өмірге деген жігерлерін мұқалта алмады. Кейін 1948 жылы Халел, 1951 жылы Қазиза (Шакар), 1954 жылы Маншакар, 1956 жылы Қайролла, 1959 жылы Тойжан, 1962 жылы Даметкен, 1965 жылы кенже ұл – Қабдолла дүниеге келді. Өкінішке қарай, кенже баласы Қабдолла 2014 жылы қыркүйекте өмірден озды.
Отбасымыз 1987 жылға дейін Ақсу ауылында тұрды. Мұнда тек бастауыш мектеп болғандықтан, жоғары сыныптарды көрші Аманкелді ауылында оқыдық. Екі ауылдың арасы жеті шақырымдай еді. Қыстың қақаған аязында әкеміз бізді ат шанамен сабаққа апарып, қайта алып келетін. Ол кез – балалық шақтың ең жылы, ең естен кетпес сәттері.
Қыздардың үлкені Қазиза мектепті бітірген соң мұғалімдік мамандыққа түсіп, ұстаздық жолды таңдады. Бұл – бүкіл отбасымыз үшін зор қуаныш еді. Екінші апамыз Маншакар медицина саласын таңдап, мейірбике мамандығын алды. Барлығымыз да өмірден өз жолымызды тауып, отбасылы болып, ұрпақ өсіріп, ата-ана аманатына адал болуға тырыстық.
«Қариялар азайып бара жатыр» дейді халқымыз. Расында да, елінің ертеңі үшін еңбек еткен, отты соғыстың отын кешкен, кейін бейбіт өмірдің берекесін жасаған жандардың қатары сиреп барады. Бірақ олардың өмірі мен ерліктері – ұрпақ жүрегінде мәңгілік із қалдырған рухани мұра.
Біз үшін әкеміз Шарықпай мен анамыз Батиха – тек ата-ана ғана емес, адамдықтың, адалдықтың, сабыр мен мейірімнің өлшемі. Олардың еңбегі мен өмірлік ұстанымы бізге әрдайым бағыт-бағдар, рухани тірек болып қала береді.
Балалары мен немерелері осындай ата-ананың ұрпағы екенін зор мақтанышпен еске алады. Олар біздің жүрегімізде мәңгілік!
Жаратқан Иеміз оларды рақымына бөлеп, нұрымен жарылқап, жандарын жәннаттың ең көркем бұрышына қондырсын! Топырағы торқа, рухы шат, есімдері ұрпақ жадында мәңгі жаңғырып тұрсын!
Балалары, немерелері

 


|