Жүніспеков Әмір Қарағатейұлы
16.03.2023, 12:51

Өмір – адамға берілген ең үлкен аманат, ал сол аманаттың мәні адал еңбекпен, мағыналы жолмен айқындалады. Әрбір адамның тағдыры өзі жүріп өткен сүрлеуімен, елге сіңірген еңбегімен өлшенеді. Біреулер уақытша тіршілік қамымен ғана ғұмыр кешсе, енді біреулер артында өнеге болар із қалдырады. Осындай азаматтардың өмір жолы – кейінгі ұрпаққа үлгі, ел жадында сақталар тағылымды шежіре.Туған жердің топырағын қасиет тұтып, жер-анамен тілдесе еңбек еткен жандардың орны қашанда бөлек. Өйткені жердің тілін білген адам елдің де қадірін терең түсінеді. Адал еңбекті өмірлік ұстанымына айналдырған азаматтар ғана халық құрметіне бөленеді.
Солардың бірі – бүкіл саналы ғұмырын ауыл шаруашылығына арнаған Жүніспеков Әмір Қарағатейұлы. Оның өмір жолы – маңдай термен келген табыстың, табандылық пен жауапкершіліктің айқын көрінісі. Елге қызмет ету мен жерге жанашыр болу бұл ғұмыр жолының басты қағидасына айналды. Осындай тағдыр иесінің өнегелі өмірі терең тағзыммен баяндалуға әбден лайық.
Жер қадірін, өсімдік атаулының қасиетін бала күнінен танып өскен Жүніспеков Әмір 1946 жылдың 9 тамызында Луговое ауылында дүниеге келді. Жеті сыныпты аяқтаған соң, бала қиялындағы арман құс оны Павлодар ауылшаруашылық техникумына самғатып әкелді. Осы оқу орнын агроном мамандығы бойынша тәмамдаған жас түлек еңбек жолын 1966 жылы Ертіс ауданына қарасты Кутузов совхозының (қазіргі Майқоңыр ауылы) №1 бөлімшесінде агроном болып бастады.
Жазиралы алқаптың қыр-сырын терең меңгерген жас маман бес жылдан соң, яғни 1971 жылы, аталған бөлімшенің меңгерушісі болып тағайындалды. Өзіне сеніп тапсырылған жауапты міндетті ол алты жыл бойы абыроймен атқарып, ел сенімін толық ақтады. Білімді, салмақты, істің көзін таба білетін білікті маман партия басшыларының да назарынан тыс қалмады.
1977 жылы аудан басшылығының шешімімен Қызылқақ теңізін бауырлай қонған Аманкелді совхозына бас агроном болып тағайындалды. Бұл қызметте ол түгін тартсаң майы шығатын шұрайлы жердің өнімділігін одан әрі арттыруға бар күш-жігерін жұмсады. Ол кезеңде Аманкелді совхозының жалпы жер көлемі 42 400 гектарды құрап, соның ішінде 19 800 гектары жайылым, 14 800 гектары дәнді дақылдар егілетін егістік алқап болатын.
Он төрт жыл қатарынан астық көрсеткіші белгіленген межеден асып, жыл сайын гектарына орта есеппен 9,4 центнер өнім тапсырылып отырды. 1979 жылы астық шығымы рекордтық деңгейге жетіп, гектарына 21,5 центнер өнім алынды. Ал 1982 жылы бұл көрсеткіш гектарына 19,4 центнерді құрады. Жыл сайын мемлекет қамбасына 10 400 тонна астық жөнелтіліп отырды. «Жер қадірін еккен білер» деген халық даналығының шын мәнінде дәлелденген кезеңі де – осы жылдар еді.
Өз ісінің шебері Әмір Жүніспеков Аманкелді ауылында қызмет атқарған жылдары дала төсінде күнмен таласа жайқалған егіннің сапасын жоғары деңгейде ұстай білді. Мұның бәрі – уақытпен санаспай, тынымсыз еңбек еткеннің нәтижесі. Ол егін өнімділігін арттыру үшін түрлі тыңайтқыштарды, агротехникалық шараларды және жер өңдеудің озық технологияларын тиімді қолданды. Сол жылдары Аманкелді ауылының егін шаруашылығы аудан көлемінде алдыңғы қатардан көрінді. Жазиралы алқапта қаздай тізілген комбайндардың егін орып жүрген көрінісі көздің жауын алатын.
Дихан еңбегі сол заманда лайықты бағаланды. Елдің ауылшаруашылық өнімдерін дамытуда, Отан қамбасын толтыруда Аманкелді ауылының қосқан үлесі орасан зор болды. Кешегі күн бүгінде тарихқа айналды. Әмір Жүніспековтей еңбек майталмандарының сара жолы – бүгінгі жас мамандарға адастырмас бағдар.
Сонымен қатар, Әмір Қарағатейұлы бірнеше жыл бойы Аманкелді совхозының партия ұйымына жетекшілік етті.
1992 жылы Қызылқақ кеңшарына ауысып, бұл ауылда 1998 жылға дейін басшылық қызмет атқарды. Кейін шамамен он жылға жуық Ертіс ауданы ауылшаруашылық басқармасының бастығы қызметін абыроймен атқарды.

Ертіс ауданының Құрметті азаматы Әмір Қарағатейұлы өмірлік серігі Баян Мамайқызымен бірге бес бала тәрбиелеп өсіріп, қыздарын қияға, ұлын ұяға қондырған бақытты әке атанды. Ақ жаулығы жарасқан Баян Мамайқызы – он саусағынан өнер тамған, ою-өрнектің қыр-сырын жетік меңгерген, Аманкелді ауылында бірнеше жыл қойма меңгерушісі болып қызмет атқарған еңбекқор жан еді. Өз ісіне адал, адамдармен тіл табыса білетін Әмір Қарағатейұлы мен Баян Мамайқызы ауыл тұрғындары арасында зор құрмет пен беделге ие болды. Өкінішке қарай, 2024 жылғы 10 тамызда Баян Мамайқызы дүниеден өтіп, артында өнегелі ғұмырдың жарқын ізі мен асыл естелігін қалдырды.
Спортты жанына серік еткен Әмір Жүніспеков жастық шағында шаңғы спортымен, шахмат ойынымен шұғылданып, аңшылықты да серуенге айналдырды. Қазіргі таңда ол Павлодар қаласы ардагерлер кеңесі президиумының және Павлодар қаласы билер кеңесінің мүшесі.
Бүгінде абзал ата жеті немере, бір шөбере сүйіп отыр. Үлкен қызы Гүлмира медицина саласында еңбек етсе, екінші қызы Айнагүл Қарағанды мемлекеттік университетін тәмамдап, банк саласында қызмет етеді. Қыздары Әлия – Павлодар қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде, Айдана – Павлодар облысы бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» коммерциялық емес акционерлік қоғамында абыройлы еңбек етіп жүр. Атұстар ұлы Әділет – еңбекті қорғау және қоршаған орта жөніндегі халықаралық құрылыс компаниясында жетекші инженер.
Кешегі еңбек адамдары бүгінде сол адал еңбектің жемісін көріп, Павлодар қаласының тұрғыны атанып, бала-шағасының ортасында ақылшы ата ретінде ғұмыр кешіп отыр. Әмір Қарағатейұлы Аманкелді кеңшарында өткен өмір кезеңін ерекше жылылықпен еске алады. Өміріндегі көптеген жақсылықтар бір кездері гүлденген осы совхозбен тығыз байланысты.
Уақыт алға жылжығанымен, адал еңбекпен өрілген ғұмыр ешқашан ұмытылмайды. Әмір Қарағатейұлы Жүніспековтің өмір жолы – соның айқын дәлелі. Ол үшін мансаптан бұрын маңдай тер, атақтан бұрын жауапкершілік қымбат болды. Елге қызмет етудің ең биік үлгісін ол үнсіз еңбекпен көрсете білді. Жерге деген жанашырлық пен адамдарға деген құрмет оның болмысының ажырамас бөлігіне айналды. Осындай азаматтардың арқасында ауыл тіршілігі жанданып, ел еңсесі көтерілді. Бүгінгі бейбіт күннің берекесі – кешегі қажырлы еңбектің жемісі. Өмірден өз орнын тапқан, ұрпағына өнеге қалдырған жан ғана шын мәнінде бақытты. Әмір Қарағатейұлы мен Баян Мамайқызының ғұмыры – еңбекпен келген абыройдың, бірлік пен берекенің жарқын көрінісі. Бұл өмір жолы – кейінгі буынға бағыт-бағдар, жас ұрпаққа тағылым. Осындай тағдырлар ел тарихының алтын парақтарында мәңгі сақтала бермек.

Гүлмира Жүніспекова

  

Категория: История | Добавил: Admin
Просмотров: 323 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 5.0/5


Всего комментариев: 0
Verify you're human *: