Мұқановтар әулеті.
12.03.2023, 14:34

Адам баласы өткенін ұмытпайды, өйткені өткен – оның жадында ғана емес, жүрегінде сақталады. Өткен күндер біз үшін жай ғана естелік емес, бүгінгі болмысымыздың бастауы, ертеңгі жолымыздың бағдаршамы іспетті. Әр әулеттің, әр отбасының өзіне ғана тән тарихы бар, сол тарих ұрпақтан ұрпаққа аманат болып жетеді. Өмір көшінде бізді алға жетелейтін де, артқа қаратып ойлантатын да – сол өткеннің өнегесі. Ата-бабаның көргені мен кешкені, тартқан тауқыметі мен тапқан ырысы бүгінгі ұрпақтың бойына қан болып сіңеді. Тамырсыз ағаш өспейтіні секілді, тарихын білмеген ұрпақ та толыққанды бола алмайды. Сондықтан өткенді еске алу – сағыныш қана емес, жауапкершілік. Бұл – кейінгі буынға жол сілтеу, өз тегіңді, өз төркініңді тану. Әрбір айтылған әңгіме, әрбір хатқа түскен дерек – жоғалып бара жатқан уақыттың үзігі. Осы естелік жолдары да сол үзіктерді жинап, өткен мен бүгіннің арасын жалғау ниетінен туды.
Рас, өткен жылдардың қойнауында қаншама тарих қалды. Бүгінгі күні сол бір сүрлеулі жолдардың көбін анықтап айтып беру де, кейінгі өскелең ұрпаққа толық жеткізу де қиын. Себебі сол тарихтың тірі куәгері болған үлкендеріміз арамызда жоқ. Дегенмен бала күнімізден құлағымызға сіңген әңгімелер мен ел аузындағы деректерді жастарға жеткізсек, ол да аз олжа емес деп білемін.
Біздің тегіміз – Қыпшақ. Атам Мұқан Тоқсеркеұлы Қыпшақ ішінде Құлатай қыпшақтың Байжігіт тармағынан, Қаныс атасынан тарайды. Әкем Қасым 1928 жылғы 20 маусымда дүниеге келген. Әжеме Бикен Күдеріқызы деген кісі болған. Әкем 1947 жылы марқұм Сапармен бірге Беловодский совхозындағы МТС жанындағы механизаторлар оқуын тәмамдап, еңбек жолын тракторшы болып бастайды. Кейін заправщик, весовщик, кладовщик қызметтерін атқарып, мал шаруашылығы саласында да табанды еңбек етті.
Ұлы Отан соғысы жылдарындағы адал еңбегі үшін әкем «1941–1945 жж. Ұлы Отан соғысындағы ерлік еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Оның есімі аудандық, облыстық газет беттерінде де жарық көріп, бірнеше марапат қағаздары бүгінге дейін сақталған. 1988 жылғы 15 қарашада «Еңбек ардагері» медалін иеленді.
Әкем мен анам Күлшім Қасенқызы 1953 жылы шаңырақ көтерді. Анам Керей руының Бесқаракерей атасынан тарайды. Ол Көкшетау облысы, Қызылту ауданы, Херсон совхозының Қаратерек ауылында дүниеге келген. Анам ұзақ жылдар бойы сауыншы болып, маңдай терімен еңбек етті. 1990 жылғы 8 қарашада өмірден озды. Араға көп уақыт салмай, әкем де 1992 жылғы 24 қаңтарда дүниеден өтті.
Ата-анамыздан екеуміз қалдық: мен – Сәлияш және ағам – Қадірхан. Ағам Ахметов Қадірхан 1949 жылғы 1 ақпанда туған, Западный совхозының (қазіргі Қызылқақ ауылы) тұрғыны. Жеңгем – Қапарова Бақытжан Орынбасарқызы, 1949 жылғы 22 ақпанда дүниеге келген, мамандығы бойынша бухгалтер болып қызмет атқарған. Олар 1970 жылы отау құрды.
Ағамнан үш бала өрбіді. Үлкені – Берік (1971 ж.т.). Ол әскери борышын Ресейдің Воронеж қаласында өтеп, Шымкенттегі милиция мектебін, кейін Астана қаласындағы Қаржы полициясы академиясын тәмамдады. Отбасылы, үш баланың әкесі, бүгінде зейнет демалысында. Қызы Фариза Астанада тұрады, Венера – тұрмыста. Ұлдары Алим мен кенжесі Данияр өсіп келеді, ал Данияр қазір Жапонияда білім алуда.
Ағамның қызы Сандуғаш (1973 ж.т.) – үш баланың анасы. Үлкені Тимур ішкі істер саласында қызмет етеді, ортаншысы Даниял магистратурада оқиды, кенжесі Дильназ колледжде білім алуда. Кіші ұлы Асылхан (1976 ж.т.) Торғын Қабытаеваға үйленген. Балалары – Гүлхан, магистратурада оқып жүрген Жанна және мұғалім Сабина.
Атам Мұқан Тоқсеркеұлы да «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған. Оның бірінші әйелінен – Әбубәкір (Бөкен), Нұрмағанбет (Базарбай), Тәшім, Құдайберген; екінші әйелінен – Қасым, Әлім, Сәлім, Қапия және Сания атты ұл-қыздары дүниеге келген. Тәшім атам соғысқа аттанып, хабарсыз кеткен. Бұл жөнінде газет бетінде мақала да жарияланған, өкінішке қарай, ол құжат сақталмай қалды. Ал Құдайберген мен Нұрмағанбет соғыстан аман оралып, ел игілігі үшін еңбек етті.
Әбубәкір (Бөкен) Назымбек, Қазымбек, Жеңіс атты үш ұлдың әкесі болды. Соғыс жылдары Ақсу ауылындағы «Жаңа таң» колхозының төрағасы қызметін атқарған. Ел аузындағы әңгімеге қарағанда, аудан орталығы Ертіске қызмет бабымен барған сапарында уланған ас ішіп, қайтыс болған екен.
Осы естелікті жазған мен – Мұқанова Сәлияш Қасымқызы, 1955 жылғы 5 маусымда Ақсу ауылында дүниеге келдім. Кіндік шешем – тың игеру жылдары келген Наташа есімді фельдшер болатын. 1962 жылы мектеп табалдырығын аттап, алғашқы ұстазым Халиуллин Мұхаметқалиден тәлім алдым. Мектеп қабырғасында алған тәрбие мен білім өмір жолыма берік негіз қалады. 1973 жылы он сыныпты аяқтадым, сынып жетекшіміз Винтер Александра Александровна еді.
Мектеп бітірген соң Алматыға оқуға түсу ниетімен бардым. Алайда ата-анам телеграмма жіберіп, елге шақырып алды. Кейін Ертіс ауданында алты айлық сатушылар курсын тәмамдадым. Сол жылдары Ақсу ауылында комсомол жастарының бастамасымен комсомольский бригада құрылып, жастар сауыншылыққа жұмылдырылды. Мен сол бригадада учетчик болып еңбек еттім. Бір базада бірге қызмет еткен замандастарым мен апа-жеңгелерім – Сәрсенова Мәриям, Сағадиева Қамашкен мен Шәйкен, Мұхарова Қалипа, Аманжолова Жанкүміс, Ахметова Бәрішкен, Кәрімова Қызкен сынды жандар еді. Ал комсомольский бригадада Сұлтанова Алтын, Есмағанбетова Раушан, Мұсапирова Рауила, Сағнаева Биғаят, Сағадиева Бибігүлдер еңбек етті.
Кейін сауда саласына ауысып, ұзақ жылдар осы бағытта қызмет атқардым. Маурер Андрей, Мартышев, Сагалатова Нина секілді азаматтармен бірге жұмыс істеп, белгілі бір кезеңде рабком төрағасы қызметін де атқардым. Он жыл бойы Сүлейменова Бәгила товаровед болды. Дияш Сайфуллина, Құралай Мұрзалинова, Қалимаш Мұқанова, Катя Задубровская, Люда Моисеева, Клава Кубрина, Лариса Глушко сынды әріптестеріммен тату-тәтті еңбек еттік.
Жастық шағым еркін де қызу өтті. «Жигули» жеңіл көлігін де, «Урал» мотоциклін де жүргіздім. Бірде көшеге асфальт төселіп жатқанда тайып кетіп, рульге ие бола алмай, Сәрсенов Ілияш ақсақалдың үйінің қоршауын қағып, ауласына кіріп кеткенім бар. Сол оқиға ауыл ішінде біраз әңгіме болғаны да рас. Ауылдық кеңестің төрағасы Қабжәләлов Амантай Әжекеұлы шақырып алып, ұрысудың орнына: «Ботам, ботам, жүре бер», – деп жылы сөзбен шығарып салғаны әлі күнге дейін жадымда. Ол кездегі адамдардың кеңдігі мен адамгершілігі ерекше еді.
Кейін он жыл бойы гаражда диспетчер болып қызмет атқардым. Ол жылдары завгарлар – Саттар Сапарғалиев, Ғалы Асылбеков, ал гараждың бухгалтері Нұрашева Света болды.
1996 жылы Батыргужинов Оразбай Қазиханұлына тұрмысқа шықтым. Қазіргі таңда Ертіс ауылында тұрып жатырмын.
Ақсу – бірлігі бекем, берекесі тасыған ауыл еді. Үлкенді сыйлап, кішіні құрметтеу – елдің басты ұстанымы болатын. Біреу әскерге аттанса да, біреу оқуға түссе де, ауыл болып шығарып салатынбыз. Туған жердің орны әрдайым бөлек. Қиын сәттерде ағам Қадірхан, туған-туысым мен ауылдастарым әрдайым қолдау көрсетті. Баршасына Алланың нұры жаусын. Бүгін де ел ішіндегі ауызбіршілік пен ынтымақ сақталып келеді.
Туған жер – адамның жүрегіндегі ең қасиетті ұғымдардың бірі. Қайда жүрсек те, кіндік қанымыз тамған топырақ бізді өзіне тартып тұрады. Ақсу ауылы – менің балалығымның бесігі, жастығымның куәсі, ғұмырымның бір бөлшегі.Бұл жерде мені өсірген ел бар, еңбегімді бағалаған жұрт бар. Жерлестерімнің ақ көңілі, кең пейілі, қиын сәттегі демеуі – өмірлік тірегім болды. Ауылдас ағайынның бір-біріне деген сыйластығы мен бауырмалдығы ешқашан ұмытылмайды. Жақсылықта да, қиындықта да бірге болған сол күндер жүректе мәңгі сақталады. Туған жердің әр төбешігі мен сайы, әр көшесі, әр адамы – мен үшін қымбат. Осы елдің перзенті болғаныма, осы ортада тәрбиеленгеніме шүкіршілік етемін.Алла елімізге амандық, жерімізге береке, жұртымызға ынтымақ пен бірлік нәсіп етсін.


Сәлиаш Мұқанова

 

 

 

 

 

 

Категория: История | Добавил: Admin
Просмотров: 337 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 5.0/5


Всего комментариев: 0
Verify you're human *: