Сағадиев Айтжан. Туған жер – жүректегі мәңгілік мекен
18.03.2026, 14:04

«Туған елдей ел болмас, туған жердей жер болмас» дейді дана халқымыз. Шынында да, адам баласының жүрегінде туған жердің орны ерекше. Ол – кіндік қаның тамған топырақ, балалық шағың өткен мекен, ең алғашқы қуанышың мен арман-қиялың қанат қаққан қасиетті орта. Туған ауыл – жай ғана географиялық атау емес, ол – әулет тарихының алтын арқауы, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан тағдырлар тоғысқан киелі шаңырақ.
Менің туған жерге деген сүйіспеншілігім әкемнің әңгімелері арқылы тереңдей түсті. Әулетіміздің шежіресін, өткен өмірдің өрнегін маған әкем баяндап беретін. Сол әңгімелер арқылы мен өз тамырымның қайдан бастау алатынын ұқтым.
Әкем – Сағадиев Айтжан Сапарұлы. Ол Амангелді ауылында туып-өсті. Бұл ауыл – оның алтын бесігі, балалық бал дәуренінің куәсі. Әкем туған жерін әрдайым сағынышпен еске алып, оны әулетіміз үшін аса қымбат мекен деп бағалайды.
Әкем қарапайым, бірақ өнегелі отбасында дүниеге келген. Атам Сапар Сағадиұлы – совхоз шаруашылығының меңгерушісі болған, елге сыйлы, сөзі салмақты, мінезі сабырлы жан еді. Ірі денелі, ұзын бойлы, көзі көк, келбетті кісі болған деседі. Ал әжем Шәйкен – ақкөңіл, қонақжай, кеңпейілді, мейірімі мол ана. Үйдің берекесін кіргізіп, бала тәрбиесіне ерекше мән берген жан.
Осындай тәрбиені көріп өскен әкем әке-шешесіне деген құрметті бәрінен биік қойды. Әкесінің қас-қабағына қарап, анасының ақ батасын алып өсті. Үлкенге ізет, кішіге қамқор болуды бойына сіңірді.
Балалық шағында әкем момын, жүрегі жұмсақ, жанашыр болып өсіпті. 1965 жылы ауыл мектебінің табалдырығын аттап, білім жолына қадам басады. Мектепте озат болмаса да, адамгершілігімен ерекшеленген. «Аузын ашса, жүрегі көрінеді» деген сөз дәл әкеме арналғандай.
1975 жылы мектеп бітіріп, еңбек жолына дайындық ретінде жүргізуші-тягачист мамандығын меңгереді. Көп ұзамай Отан алдындағы борышын өтеуге аттанып, ГДР жерінде әскери қызмет атқарады. Бұл – оның жігерін шыңдап, өмірге деген көзқарасын қалыптастырған кезең еді.
Әскерден оралған соң, туған ауылына қызмет етуді өзіне парыз санады. Механизатор болып еңбек жолын бастайды. Бұл сала оған жат емес еді, өйткені атасы мен әкесі үйреткен еңбек дағдылары бойына ерте сіңген. Еңбекқорлығы мен табандылығының арқасында 1979–1980 жылдары совхоздың озық механизаторы атанып, «Құрмет белгісі» орденімен марапатталады. Бұл – маңдай тер мен адал еңбектің әділ бағасы болатын.
Ерен еңбегінің нәтижесінде Польша мен Болгария елдеріне барып, шетел көру бақыты бұйырады. Сондай-ақ Мәскеуде өткен жас механизаторлар жиынына қатысып, үлкен мінберлерде сөз сөйлеу мүмкіндігіне ие болады. «Комсомол жұлдызы» газетінде суреті жарияланып, Алматы қаласындағы теледидарға сұхбатқа шақырылуы – сол кезеңдегі зор жетістік еді.
Алайда әкем үшін ең үлкен марапат – атақ не даңқ емес, туған жерге адал қызмет ету болды. Ол әрдайым аға-қарындастарына сүйеніш, туыстарына тірек бола білді. Қарапайымдылық пен кеңпейілділік – оның басты қасиеті.
1981 жылы анам Нағимамен шаңырақ көтеріп, берекелі отбасының негізін қалады. Бүгінде олар 45 жыл бойы тату-тәтті өмір сүріп, үш бала тәрбиелеп, жеті немеренің қызығын көріп отыр. Бұл – еңбектің ғана емес, сыйластық пен сабырдың жемісі.
Мен үшін әкемнің өмір жолы – табандылықтың, адалдықтың, туған жерге деген сүйіспеншіліктің үлгісі. Туған ауыл – оның тағдырының бастауы болса, әкем – біздің әулетіміздің мақтанышы. Осындай әкенің перзенті болғанымды әрдайым мақтан етемін.
Туған жердің қадірін ұқтырған, еңбектің мәнін үйреткен әкемнің өмірі – мен үшін мәңгілік өнеге.

Аяжан Айтжанқызы

Категория: История | Добавил: Admin
Просмотров: 13 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0


Всего комментариев: 0
Verify you're human *: