Әке-тірегің, ана-жүрегің
01.02.2023, 22:04

Шалғайдағы ауылдан келген екі жігіт  Целиноград көшелерін кезіп Жеңіс көшесін іздеп келеді. Оларға ауылшаруашылық институтының бас ғимараты қажет. Жігіттің біреуі әр түрлі бағытта келе жатқан адамдардың ағымына таңданып, екіншісінен: "Жықа, мұналардың бәрі ағылып қайда барады? Неге үйде отырмайды?!». Оған Жықа күлімсіреп: "Екеуіміз де жүрміз ғой, сол сияқты олардың әрқайсысының өз істері бар шығар!»-деп жауап береді. Ақырында олар өздерінің армандаған институтын табады. Жұмыс уақыты әлдеқашан аяқталғанын және ғимаратта ешкім жоқ екенін түсінеді. Бас ғимараттың кіреберісінде қайда барарын білмеген  Жылқыбай мен Сағындық ішке кіруге бел буады. Өз жағдайын түсіндіріп, осы үлкен қалада баратын жері жоқ екенін айтады. Түсіністікпен қараған вахтер балаларға бір аудиторияда түнеуге рұқсат береді. Бұл Жылқыбай Қадыров пен оның досы Сағындық Ақшановтың есте қаларлық түндерінің бірі болатын...

Бұл Қадыров Жылқыбай Бейсенбайұлының ересек өмірінің бастауы болатын.  Жылқыбай 1947 жылы 31 шілдеде Павлодар облысы Ертіс ауданы Сілеті ауылдық округінің Жалтыр ауылында дүниеге келген. Ұста Бейсенбай мен совхоз жұмысшысы Батиманың отбасында тәрбиеленген Жылқыбай әртүрлі мектептерде оқыды. Сілеті орта мектебінде білім ала бастаса, Қоскөл мектебінде жалғастырды, ал 1965 жылы Бестөбе орта мектебін тәмәмдады. Әр адамның өз арманы, қиялы болады. Жылқыбайдың да армандарының бірі жоғары білім алу, маман болу болатын. Ата-анасы оны қолдап, батасын беріп жолға шығарып салады.....



Жылқыбайдың арманы орындалды, ол Целиноград ауылшаруашылық институтына инженер-механик мамандығына түсті. Бес бақытты студенттік жыл өте шықты, 1970 жылы диплом алумен қатар Жылқыбай сол институтының экономика факультетінде оқитын ақмолалық Күләйім атты қызға үйленді. Институтты бітіргеннен кейін Жылқыбай өзінің туған Сілеті совхозына жіберілді. Онда совхоз бөлімшелерінің біріне бригадир, механик - бақылаушы  болып тағайындалды. Бұл кезде Күләй 1971 жылы экономфакты бітіріп, тұңғыш қызы Анарды Целиноград қаласында туады. Содан кейін 1972 жылы екінші қызы Гүлнар Сілеті ауылында дүниеге келеді.



Жылқыбай Қадыров отбасының тарихы 1973 жылдан бастап Амангелді совхозында жалғасады. Онда Жылқыбай бас инженер болып тағайындалады. Бірақ Жылқыбай далаға барғандай болған жоқ, ол ауылда жездесі Еділбаев Шорман мен әпкесі Магрипа (Марпа) тұратын. Қоныс аударып барған кезде жас отауға осы кісілер үлкен қолдау көрсеткен болатын. Жылқыбайдың айтуы бойынша ауылға келген бетте қонақжайлылығын танытып, көршілерден бірінші болып үйіне шақырған  Каленов Дайкен ата мен Қалима аптай болған екен. Ол кісілер Кадыровтар отбасымен көрші болып тұрған. Сол үйдің қымызы, Қалима аптайдың күнде ыстық болып пісіп тұратын бауырсағы, тоқаштары, дәмді тамағы, мұнтаздай үйі, бақшасындағы көкөністері туралы ауылда білмейтіндер кем де кем шығар. 



1976 жылы Жылқыбай Сілетіден ата-анасы Бейсенбай ата мен Батима апаны, нағашы әжесі Нұржамиляны,  1977 жылы інісі Тілеуді (Тілеш) және келіні Қасиетті балаларымен: Әсел (1975 ж.), Гүлдей (1976 ж.),  1979 жылы ағасы Қайыржан мен жеңгесі Қалиманы (Мәпіш) балаларымен: Сағындық (1964 ж.), Бауыржан (1968 ж.), Нұржан (1970 ж.), Салтанат (1974ж.), Сағат (1975 ж.) Бұланбай ауылынан Амангелдіге көшіріп алады.  1978 жылы Бейсенбай ата, 1980 жылы Нұржамиля нағашы әжесі, 1994 жылы Батима анасы қайтыс болады. 



Қайыржан ағасы совхоздың атақты, еңбегін сіңірген шопаны болса, Мәпіш жеңгесі сахман, совхоз тогында еңбек етті. Балалары барлығы Амангелді мектебін тәмамдады. Ұзақ сырқаттан кейін Қайыржан ағасы 1995 жылы бұл дүниеден өтіп кетеді. Қазір Мәпіш жеңгесі балаларымен Павлодар қаласында тұрады.



Тілеште Амангелді ауылында ұлы Азамат (1979 ж) және қызы Әлия (1981 ж.) туады. Кейін  Қасиетпен жұбы жараспай ажырасып кетеді. Қасиет келіні балаларымен қазіргі таңда Омбы қаласында тұрады, қатынасып тұрады. 1985 жылы Тілеш Сагадиева Шолпанмен отбасын құрады. Шолпаннан көрген балалары Ризат (1985 ж.) және Самал (1987 ж.).  Тілеш 2007 жылы кенеттен жүрегінен қайтыс болады. Қазіргі таңда Шолпан келіні баласы Ризатпен Павлодар қаласында, Самал  Астана қаласында тұрады. 



Кадыров Жылқыбай Бейсенбаевич Амангелді совхозының бас инженері лауазымында 1973 жылдан 1992 жылға дейін атқарған болатын. 20 жылға жуық бас инженер қызметін атқару барысында еңбекте жауапкершілігі мол, білікті маман болып таңылып елеулі еңбегі үшін мақтаулар да, марапаттаулар да алды. Бірақ біреуін де атамайтын. Екі мәрте аудан бойынша үздік инженер атағына ие болса, бір рет облыстық деңгейде үздік инженер атанды (жылдары белгісіз, грамоталар сақталмаған). Коммунисттік партия мүшесі ретінде еңбекшілерге коммунисттік тәрбие беру жөніндегі белсенді қызметі үшін облыстық партия комитеті хатшысының құрмет грамотасымен марапатталды (1976 ж). 2015, 2021 жылдары Ауыл шаруашылық күніне орай сіңірген еңбегі үшін Қазақстан Ауыл Шаруашылық Министрлігінің құрмет грамоталармен марапатталды.  1992-1999 жылдары Амангелді совхозының директоры болып қызметін атқарды.  І -сайланған Ертіс аудандық мәслихатының депутаты болып сайланды. 2014 жылы Қазақстан Республикасының мәслихаттарының 20 жылдық мерейтойына орай Құрмет грамотасымен марапатталды. 1999 жылы барлық совхоздар реформаларға ұшараған соң, «Марал» (тұңғыш жиен немересінің құрметіне) атты шаруашылық қожалығын құрастырып басқарды.



Күләйім Ысқаққызы  Амангелді совхозының орталық конторасында экономист лауазымында 1974 жылдан бастап 1993 жылға дейін қызмет атқарды. Өте білімді және білікті, жұмысына жауапты, тиянақты маман болып таңылған. Бастығы – бас экономист Магзамов Социал Магзамович болатын. Ол кісі Күләйім Ысқаққызына жақсы тәлімгер бола тұра, осы саладағы құнды білім мен мол тәжірибе  бере білді. Сонымен қатар, Магзамовтар отбасы Жылқыбай мен Күләйдің жанұялық жолдастарының бірі болған. Күләйім Ысқаққызы көпбалалы ана ретінде ерте зейнетке шыққан болатын. Күләй аққұба, бойшаң, өте ажарлы жан болатын. Көңілі тау суындай мөлдір, көпшіл адам болған. Ақылды, сабырлы адам еді. Тумысынан турашыл, ғұмыр бойы ар-намыс пен адамгершілікті тағдырына ту етіп ұстана білген. Көзі ашық, көкірегі ояу Күләй кітап десе, асын жерге қоятын. Газет, журнал, кітапқа қаражат аямай үздіксіз жазылып отыратын. Балаларында да осы қасиетті тәрбиелей білген. Асқа да, іске де шебер болатын. Ауылда кішігірім бақша егіп, көкөністерін өсіріп, неше түрлі тіл үйірер салаттар жасайтын. Әлі күнге дейін барлық көршілер, ауылдастар Күләйім Ысқақызының қызанақтарын ауызынан тастамай айтып отырады. 



Қадыровтың саналы да сапалы өмірі Амангелді ауылында өтті. Амангелді ауылында 1976 жылы - қызы Қымбат, 1980 жылы - ұлы Абзал, 1981 жылы- кенже ұлы Жомарт дүниеге келді. Барлық балалары Амангелді орта мектебінде білім алып, сол мектепті тәмамдаған. Ардақты асқар таудай әкелері Жылқыбай мен аса мейірімді аналары Күләй өзінің күнделікті ісімен де, өмірге деген құштарлығымен де балаларына үлгі-өнеге бола білген. Еңбекқорлық, жауапкешілік, әділдік, адалдық – тәрбиенің басты құндылықтары болған.  Екеуі де сауатты, жоғары білімді болған Жылқыбай мен Күләй әр ата-ана сияқты  балаларының жоғары білім алуын қалаған. Барлығы жоғары білім алған, бір-бір маман иелері. Анар 1988 - 1994 жылдары Семей мемлекеттік медициналық институтында «Педиатрия» мамандығы бойынша дәріс алды. Біраз уақыттан соң «Психиатрия» мамандығы бойынша қайта даярлықтан өтті. Қазіргі таңда Астана қаласында «BestDoktor»,  «Ayala» озық клиникаларында балалар психиатры болып қызмет етеді. Гүлнар 1990-1995 жылдары Павлодар педагогикалық институтында «Математика және информатика» мамандығы бойынша білім алды, 27 жыл бойы Амангелді жалпы орта білім беру мектебінде мұғалім болып жұмыс істеді, бүгінгі күні Ертіс ауылында мұғалімдік еңбегін жалғастыруда. Амангелді ауылының тумасы Алкенов Даулетпен тұрмыс құрған. Қымбат, Абзал, Жомарт әр түрлі жылдары Павлодар университетінде (қазіргі ИнЕУ)  білім алған, Қымбат бухгалтер-экономист мамандығына ие болып «Асыл ағаш» жиһаз фабрикасында, «Бастау» зауытында  бухгалтер қызметін 2003 жылына дейін атқарды. Қазіргі таңда сырқаттануына байланысты үйде отырады. Ұлдар жеке кәсіппен айналысқан, қазір Жомарт «Марал» шаруашылық қожалығын басқарып әкесінің ісін жалғастыруда.



Туысқандары мен қатар туыс сияқты болып кеткен көршілерін де айтып кеткен жөн. Көп жылдар бойы Кабжалялов Амангелді (Амантай) Әжікенұлы мен Тоты Борамбайқызының, Асылбаев Намыс Мұқатайұлы мен Майшарап Наурызбайқызының, Калижанов Бақыт Калижанұлы мен Ақлима тәтенің, Каленов Дайкен ата мен Қалима аптай, кейін баласы Халиолла мен келіні Құралайдың, Овечкин Александр Артемьевич пен Надежда апайдың отбасыларымен көрші болды. «Ауласы бірдің ауасы бір» демек, көршілермен тату-тәтті, қызық оқиғаларға мол өмір сүрді. Қызықта да, қайғыда да бірге болды. Асылбаева Майшарап Наурызбаевна Кадыровтар әулетінің үш бірдей баласының алғашқы ұстазы болған: Гүлнардың, Қымбаттың және Абзалдың. Осы кісіден үшеуі де бастауыш сыныптарда тәлім-тәрбие алған. Кейін Гүлнар әріптес те болып кеткен. 



2001 жылы Күләйім Ысқаққызының ауырғанына байланысты Кадыровтар отбасы Павлодар қаласына қоныс аударады. 2002 жылының 27 желтоқсан күні ұзақ сырқаттан кейін Күләйім Ысқаққызы бұл дүниеден мәңгілік еліне аттанады. Күләйімнің ақылдығы, шыдамдылығы, ержүректілігі, өмірге деген сүйіспеншілігі, адалдығы мәңгі есімізде қалады. 



Жылқыбай Бейсенбайұлы 1999 жылда «Марал» атты қожалығын құрып, 2001 жылы қоныс аударғаннан бері өзінің соңғы күндеріне дейін қалада тұрса да, Амангелді ауылында тереңге кеткен тамырын үзген жоқ. Жылдың жартысын ауылда өткізетін. Егіншілікпен айналысатын. Көктемде егін егіп, жазда арам шөпті уландырып, күзде егінді орып, барлығын үйлестіргенше Амангелдіде болатын. Үздіксіз еңбек еткен, ауыл шаруашылық саласына еңбегі сіңген асыл адам еді. Жауапкершілігі мол, өз сөзінде әрдайым тұратын, ұйымдастырушылық қасиеттері зор басшы бола білген Жылқыбай Бейсенбайұлы өз ұжымында өте беделді, абыройлы адам болған. Адами қасиеттерінен адалдықты, әділдікті, мейірімділікті атап айтуға болады. Әріптестері үнемі жылы сөзбен естеріне алып отырады.



Жылқыбай Бейсенбайұлы өмір бойы балаларына, одан қалды немере, жиендеріне қорған, аса мейірімді болатын. Алға ұмтылғыш, заманауи технологияларды меңгеруге тырысатын, гаджеттерді тез арада игеріп алатын аталарын немерелері мақтан тұтатын. Әр бастаманы қолдап, үнемі ақыл-кеңесін беретін, балаларының, немерелерінің үздіксіз білім алуын, дамуын, елдерге саяхатқа шығуын қалайтын әке, ата болды. Осы жерде немере-жиендері туралы айтып кеткен жөн. Тұңғыш қызы Анардан көрген екі жиен немересі бар: Акбар мен Камила. Акбар Астана қаласында Евразиялық Ұлттық университетін бітірген, бірақ сырқаттануына байланысты еңбек етпейді, Камила Чехия елінде Брно қаласында қаржы саласының мамандығына ие болып, Прага қаласында еңбек етуде. Екінші қызы Гүлнар мен күйеу баласы Даулет үш қыз тәрбиелеуде: үлкені Марал «Астана» Медициналық университетін тәмамдаған, қазіргі таңда декреттік демалыста, атасына Хамза атты шөбересін сүйгізді. Екінші қыздары Даяна Павлодар Мемлекеттік университетін бітіріп мемлекеттік қызмет атқаруда. Үшінші қыздары Жансая №2 Ертіс мектеп оқушысы. Жомарт баласы мен Әсем келінінен Жылқыбай екі немересін көрді, үшіншісі іште болғанын біліп, туғанын көре алмай кетті. Немерелерінің үлкені, атасының еркесі Назерке, Назарбаев Зияткерлік мектебін бітіріп Astana IT University –інде оқып жатыр. Академиялық мобильдік бойынша Оңтүстік Корея елінде оқып келді, жаңа оқу жылын Латвия елінде бастайтын болады. Екінші немересі Аяла балабақша тәрбиеленушісі, Бекназар немересі 1 жасқа енді келді. 



 Жылқыбай әр баласының, немересінің қамын соңғы күндеріне дейін ойлап келген. Басынан әр түрлі жағдайларды кешкен Жылқыбай өте төзімді, шыдамды болғанымен жүрегі шыдай алмады, денсаулығы сыр берді. Жүрегіне ота жасатты. Салауатты өмір салтын ұстанушысы болды. Бірақ істен шыққан тамырлары коронавирусқа төтеп бере алмады... Жылқыбай туған жеріндей болған Амангелдіден бауырын айырмай 2021жылының 13 қарашасында мәңгілікке кетті. 



Артында қалған ұрпақтары Жылқыбай мен Күләйдің берген тәрбиесін, мейірімдерін, әр бір ісін, жылы сөзін сағыншпен еске алып отырады. Тұңғыш немересі Маралдың сол қайғылы күні Instagram парақшасындағы жазғаны: «Ата. Барлығы үшін саған рақмет. Біздің бақытты балалық шағымыз үшін. Шексіз махаббатың үшін. Барлық мүмкіндіктер үшін. Барлық балалық шағым көз алдымда, сол қайтып келмес бақытты күндерім...Күзгі мезгілде егінін аяқтап қалаға кеткен кезде үйден жылулық, жайлылық кеткендей болатын, бір түрлі сезімде болатынмын. Енді Павлодарға үйіңе келгенде алдымнан сен шықпайсын, елестету мүмкін емес. Атам маған геометрия сабағынан жиі көмектесетін, тым болмағанда далаға шығып асфальтта немесе  жаңбырдан кейін жерде таяқпен сызба салып түсіндіретін...Астананы, Алматыны, Омбыны бірінші танытқан да атам болатын. Кезекпен немерелерін сапарға, демалысқа алып шығатын. Ол жалықтыратын шал емес еді. Бізбен ойы бір, мықты әзіл сезімі бар атамен біз «сен» деп сөйлесетінбіз. Біздің саяхатқа шыққанымызға қуанып, үнемі қолдап отыратын, өзі де саяхаттауды жақсы көретін. .....Барлығымызды бірдей жақсы көретін, оның мейірімі барлығымызға жететіндей болды. Қалай қиын болса да, айтарым, Ата, жаның жәнәттә болсын, мәңгі менің жүрегімдесін. Наш современный и крутой аташка!»    



 «Сайына қарай – саласы, әкесіне қарай – баласы» демек, Жылқыбай әкесінің ісін жалғастырып, шаруашылық қожалығын басқарып отырған - ұлы Жомарт. Екінші жыл егіншілікпен айналысып тіршілік жасап жүр. Амангелді мектебіне біраз демеушілік жасайтын жайы бар. Туыстары Жомарт әкесінің ісін абыроймен жалғастырады деп үміттенеді. 




 



 



 



Әлкенова Гүлнар, қызы.



 



 



 

Категория: История | Добавил: Admin
Просмотров: 7 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0


Всего комментариев: 0
Verify you're human *: