Әке – асқар тау, ана – бұлақ. Бекжігітовтар отбасы
20.02.2023, 15:09

Шаңырақтың тұтқасы қашан да үйдің отағасы. Әйел – сол отаудың отанасы, барыңды баптайтын, жоғыңды табатын, пейілі кең, жаны жайсаң, ағайын-тумаға мейірімді – шамшырағың. Ана құдіретін тілмен айтып жеткізу мүмкін емес. Солай болса да отағасынан бастайын. Әкем – Бекжігітұлы Сләм 1924 жылы (құжаттары бойынша 1928 жылы) туған, көп балалы отбасынан ашаршылық заманында ата-анасынан жалғыз қалып, ағайын, жерлестер арасында әр үйде балалық шағы өткен екен. Ертіс жетім балаларының үйінің босағасын да көрген. Ертіс қаласында жетіжылдық мектепті бітірген. Содан бір келеңсіз жағдаймен Қарағандыдан бірақ шыққан екен. Не себеп болғаны құпия болып кетті, тек айтқаны соғыс кезінде бір басшылар өз баласының орнына жетімді Қарағандыға ФЗО-ға жіберіпті жасын азайтып. ФЗО – фабрично-заводское обучение. Сонда оқып помощник машиниста деген оқуды бітірген. Соғысқа бара жатқан составтарды айдаған. Ең қиыны сол жұмыста азық-түлік составтарын айдаған дейтін. Паровоздың тіркеуінде сондай груз бар екенінде, аштықтан неше түрлі ой келеді екен дейтін, бірақ шыдаймыз, ұрлық-кылмысқа барған жоқпыз. Көмір, әскери составтар болғанда жүйкеміз тыныш дейтін. Соғыстан кейін көмір шахтасына жұмысқа ауысып навалоотбойщик болып істеген, біраз уақыттан кейін шахтада авария болып қолынан жарақат алып жұмыс атқара алмағансын шахтада машинист вентилятора, одан вахтер болып жұмыс атқарған. Сол қиын жағдайда анам Зиядаға үйленген 1949 жылы. Анам Батыс Қазақстан Орал облысынан, сол Қарағандыға ФЗО оқуын оқып, портной-закройщик маманымен Қарағанды овчинно-меховая фабрикасында жұмыс істеген. Соғыс кезінде әскери тондарды тігіпті. 1950 жылы мені дүниеге әкелген екен. Сол мезгілден бастап әкемді ауыл сағынышы аулап, 1954 жылы ауылын, туыстарын іздеп демалысқа Ақсуға келеді. Поезбен Павлодарға, одан Ертіске автобуспен, одан Ленинге, Лениннен Амангелдіге өтіп бара жатқан көлікпен. Ленинде Руза апасы, жездеміз Зайкен Ахметовтар тұрған, сол үйге бір қонып туған ауылына жетіпті. Туыстары Райбеков Кәрібай, Сәрсенов Әбділмән, Құсаинов Әлкен ағалары құшақ жайып қарсы алып, еліңді тап, көшіп кел деп қолқа салғасын 1955 жылы Бекжігітовтар отбасы Ақсу ауылына көшіп келді. Туысқандар алдына мал салып, шымнан үй салысып көмектесті. Сол кезде тың игеру заманы, жаңа совхоздар ашылып жатты, соның ішінде Амангелді атындағы совхозына алдында жұмысшы, кейін 1 бөлімшенің завхозы, мал ферманың басқарушысы болып істеді. Жұмысына адал, біреудің ала жібін аттамаған, өтіріктен, жағымпаздықтан аулақ болған. Ауылда ең көп газет, журналдарға жазылатын, көп кітап оқитын салауатты адамдардың бірі болды. Осы қасиеттері үшін болар әкемді көп жылдар бойы совхозда партия комитетінің мүшесі, ауылдық партия бөлімшесінің хатшысы қылып сайлайтын. Еңбегі үшін «Еңбек ардагері», «Лениннің 100-жылдыңына арналған», «Ұлы Отан соғысы Жеңісіне елу жылдық» деген медальдармен «Победитель соц соревнования» деген белгімен марапатталды. Мақтау грамоталарына сан жоқ.

Анама келсек ол кісі совхозда жұмыс істеген жоқ, бірақ өз табысы болды, жіп иіріп, алаша тоқып, жүн түтіп кигіз басып сырмақ тігетін, ел әйелдеріне көйлек те тігетін. Елде бұрыннан алаша тоқитын әрине, ал сырмақ тігуді бірінші болып бастаған менің апам еді. Сиыр сауып май, құрт, ірімшік, айран жасайтын. Сол сырмақ, алашаға, майға халық тура кезекке тұратын, жасыратыны жоқ. Әкем завхоз болғасын қоймасында неше түрлі көкөністер болатын, содан неше түрлі ауылда көрмеген астарды пісіретін, сондықтан ауыл тұрғындары тамсанып тұрып жеңгейдің істеген асын ішейік дейтін. Әке-шешем өте қонақжай болатын. Жуырда Половых Федор  ақсақал есіне алып жатыр, қандай дәмді болушы еді апаңның қуырылған картошкасы деп. Тағы бір айта кететін жағдай, шешем пеш салатын, кәдімгі қазақша пеш. Ол пештің ерекшілігі ұзын, екі бөлмені жылытатын қабырға болатын, көлденең пеш ұңғымалары үйді өте жақсы жылытатын. Сол өнерімен апам Ақсу, Амангелдіде талай пеш салған ертеде. Пеш салуды мен де апамнан үйреніп бір жылы жолдасым Сайфуллин Бауыржан екеуіміз Ақсы бастауыш мектебіне пеш салғанбыз, орыс дөңгелек темір пешін бұзып тастап. Апам ерге сай кісі болатын. Мысалы әкем қой сойғанда бауыздап, терісін алып беретін, ал мүшелеп бұзу, шек-қарын аршу, бас, сирақ ұйту жағын апамның өзі істейтін. Әрине, мүмкін мен жалғыз балалары болғасын ба, менің тәрбиеме өте назар аударатын. Бастапқыда елде жоқ ойыншықтар (велосипед, фильмоскоп, гармошка, шаңғы, шанақша) бірінші маған әперілетін. Мен үйде терезелерді қараңғылап тастап ел балаларына фильмоскоппен кино көрсететінмін. Біздің үйде ең бірінші радиоқабылдағыш та пайда болған аккумулятордық екі-үш батарейдан істейтін. Сонымен қатар ерте кітап оқып кеттім, неше түрлі балаларға арналған кітаптар да кітапханамызды көбейтті. Бірінші Аллаһ, содан әке-анамның, алғаш мұғалімім Хайруллин Мұқаметқалидің арқасында мектепте оқуды үздік оқып Россияға барып жоғарғы білім алдым. Мен сол еңбектерін ақтадым деп ойлаймын. Білім алып, жұмысқа орналасып, шамам келгенше жетістіктерге жетіп, отбасын құрдым. Ата-анам немере, шөберелерін көріп аман-есен өз елдерінде ақсақал жасына жетіп зейнетке де шықты.

Е, заман-ай, бәріміз пендеміз, топырақтан жаралып, топыраққа қайтамыз. Сол жағдай 1996 жылы анашыма да жазды. Әкежаным күшті жалғызсырап қалғандай болды, қайғырып құса болды, жанында баласының отбасы бар көңілімен жағдайын жасаса да. Ол кісі де 9 айдан кейін Фаниден Бақиға аттанып жарының жанына Ақсуға барып жатты. Жатқан жерлері жәйлі, топырақтары торқа, иман байлықтары арта берсін, Алла Тағала Жұмақтан орын бере гөр деп отбасымызбен жылда Рамазан айында ауыз ашырып дұға жасап отырамыз. Жаратушымыз тілегімізді қабыл ала гөр!

Бекжігітов Темірбай Сләмұлы

Санат: История | Добавил: Admin
Қараулар: 367 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 1.0/1
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]