Адам баласы үшін туған жер – өмір бойы жүректен өшпейтін қасиетті ұғым. Туған топырақта өткен балалық шақ, алғашқы арман мен алғашқы қадамдар адамның бүкіл ғұмырына бағыт-бағдар береді. Сол жерде қалыптасқан мінез, сол ортадан көрген тәрбие тұлғаның болмысын айқындайды. Жерлестермен бірге кешкен күндер, ортақ қуаныш пен ортақ еңбек – өмірдің ең қымбат естеліктерінің бірі. Әр ауылдың өзіне тән тағдыры, өзіне тән тынысы бар, ал сол тағдырды жасаушы – сол ауылдың азаматтары. Ел үшін еңбек еткен ерлер мен елдің берекесін сақтаған аналар ауылдың шынайы шежіресіне айналады. Осындай азаматтардың ғұмыры арқылы ауыл тарихы толығып, ұрпаққа үлгі боларлық өнеге қалыптасады. Ел жадында қалған еңбек пен адал қызмет уақыт өткен сайын қадірін арттыра түседі. Осындай жандардың бірі – өмірін туған жерімен тығыз байланыстырған Байниязов Борамбай Қажатұлы.
Байниязов Борамбай Қажатұлы 1957 жылғы 22 желтоқсанда Павлодар облысы, Ертіс ауданының Аманкелді ауылында дүниеге келді. Туған жердің топырағында өсіп, ауыл мектебінен білім алған ол жастайынан еңбекке, жауапкершілікке бейім болып қалыптасты. Орта мектепті тәмамдағаннан кейін 1976–1978 жылдары Отан алдындағы әскери борышын абыроймен өтеді.
1979 жылы Павлодар облысындағы Красноармейка ауылшаруашылық техникумын бітіріп, туған ауылына оралып, еңбек жолын механизатор, механик қызметтерінен бастады. Кейін кірпіш зауытын басқарып, ұйымдастырушылық қабілеті мен іскерлігін ел алдында дәлелдеді. 2001 жылы Аманкелді ауылының әкімі болып тағайындалып, ауылдың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға бар күш-жігерін арнады.
Осы жылдары ауылда көптеген игі істер жүзеге асты. Алдымен мектеп ғимараты жөндеуден өткізіліп, жаңа оқу жылын жаңарған кейіпте қарсы алды. Ауылда КБМ іске қосылып, тұрғындар таза ауызсумен қамтамасыз етілді, мектеп қабырғасында фельдшерлік-акушерлік пункт ашылды. Бұрынғы дүкен ғимаратында мәдениет үйінің есігі ашылып, бұл шағын ауыл үшін үлкен жетістікке айналды. Аталған жұмыстардың барлығы Борамбай Қажатұлының табандылығы мен ауылдастарының бірлесе атқарған еңбегінің нәтижесі еді.
Сол кезеңде «Марал» шаруа қожалығының басшысы Қадыров Ж.Б., «НУР» ЖШС жетекшісі Карагатеев Қ.Ә., сондай-ақ кеден бекетінің басшысы Копбергенов Н.Қ. тарапынан көрсетілген демеушілік қолдаудың да маңызы зор болды. Олар ауылдағы спорттық және мәдени іс-шаралардың тұрақты өтуіне елеулі үлес қосты.
Ең басты түйткілді мәселелер – мектеп, мәдениет үйі және ауызсу жүйесі өз шешімін тапты. Борамбай Қажатұлы сол жылдары қасында сенімді тірек болып, бірге еңбек еткен жандарды әрдайым зор ризашылықпен еске алады. Атап айтқанда, Арғымбаева Г.Т., Ниязова Н.Т., Сағадиева Г.К., Тастенова А., Нұрғалиева А. және Аманкелді ауылы әкімшілігінің ұжымы оның сенімді серіктері болды. Сонымен қатар Аманкелді ауылы мектебінің ұжымына және мектеп директоры Алкенов Д.Т.-ның қолдауына да ерекше алғыс білдіреді.
Борамбай Қажатұлының жұбайы Байниязова Бағиран Айтжанқызы 1961 жылы Новосібір облысының Искитим қаласында дүниеге келді. Орта білімді Семей облысы, Бесқарағай ауданының Беген ауылында алып, білім мен тәрбиеге деген ықыласы ерте қалыптасты. 1980–1984 жылдар аралығында Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтында оқып, болашақ ұстаздық жолын саналы түрде таңдады. 1986 жылы Аманкелді ауылына Байниязовтар әулетіне келін болып түсіп, отбасылық өмір мен қоғамдық қызметті қатар алып жүрді. Борамбай Қажатұлы екеуі бір қызды тәрбиелеп өсіріп, ұрпаққа өнеге боларлық тәлім берді.
Еңбек жолын 1986 жылы Аманкелді орта мектебінде бастап, 2012 жылға дейін физика пәнінің мұғалімі ретінде талай шәкіртке сапалы білім мен саналы тәрбие берді. 2012-2014 жылдары Н. Нұрмұхаммедов атындағы Павлодар облыстық көркемсурет музейінде, сондай-ақ Павлодар мұнай-газ колледжінде сабақ беріп, өз тәжірибесі мен білімін жас ұрпаққа арнады. Өкінішке қарай, 2019 жылдың қаңтар айында Бағиран Айтжанқызы бақилық болды. Оның жарқын бейнесі, ұстаздық еңбегі мен адамгершілік болмысы артында қалған отбасының, туған-туыстарының, әріптестері мен шәкірттерінің жүрегінде мәңгі сақталады.
Борамбай Қажатұлы 2011 жылдан бастап Павлодар қаласындағы Қазақстандық электролиз зауытында еңбек етіп, сол мекемеден зейнеткерлікке шықты және бүгінде Павлодар қаласында тұрады. Ол – Еламан, Ернияз, Елсұлтан есімді немерелерінің ардақты атасы. Бос уақытында немерелеріне өмірден көрген-білгенін айтып, тәрбиелік мәні зор ақыл-кеңесін беріп отырады.
Өмір – бір сәттік емес, мағынасы терең ұзақ жол. Бұл жолда әр адам өзіне тиесілі із қалдырады. Бірі адал еңбегімен, бірі елге жасаған қызметімен, енді бірі тәрбиелеген ұрпағымен өлшенеді. Борамбай Қажатұлының ғұмыр жолы – туған жерге деген адалдықтың, елге қызмет етудің айқын көрінісі. Ол атқарған істер ауыл жадында, ел есінде сақталады. Өткен өмірдің әр белесі – тәжірибе, әр қиындығы – сабақ. Осындай өткелдерден өткен адам ғана шынайы өмірдің қадірін біледі. Ең бастысы – артта қалған іздің адал болуы, халықтың алғысы мен ұрпақтың құрметіне лайық болу.
|