Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылғы 28 қазандағы «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына, халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған маңызды бастамалар көтерілді. Әсіресе, ауыл тұрғындары үшін Жолдауда айтылған міндеттердің мәні зор. Өйткені ауыл – халқымыздың алтын бесігі, ел экономикасының маңызды тірегі. Жолдаудың ауыл тұрғындарына және жалпы елімізге берер пайдасына қысқаша тоқталайық.Біріншіден, ауылдың әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға жаңа серпін беріледі. Президент 2027 жылды Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп жариялауды ұсынды. Бұл бастама аясында жолдар, инженерлік желілер, мектептер, медициналық және мәдениет нысандарын салу мен жаңғырту көзделген. Мұндай шаралар ауылдағы тұрмыс сапасын жақсартып, жастардың туған жерінде тұрақтап қалуына мүмкіндік береді.
Екіншіден, ауыл шаруашылығын қолдауға басымдық беріледі. Фермерлерге қолжетімді әрі ұзақ мерзімді қаржыландыру тетіктерін енгізу, заманауи ауыл шаруашылығы техникасының өндірісін арттыру, жаңа технологияларды пайдалану міндеттері қойылды. Бұл шаруалардың еңбек өнімділігін арттырып, шығынын азайтуға ықпал етеді.
Үшіншіден, ауыл өнімдерін өңдеу және тиімді бағамен өткізу мүмкіндігі кеңейеді. Шағын шаруашылықтардың агрологистика орталықтарын пайдалануына жағдай жасау көзделген. Бұл ауыл өнімдерін тек шикізат күйінде сатпай, өңдеп, дайын тауар ретінде нарыққа шығаруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және тұрғындардың табысын арттыруға жол ашады.
Төртіншіден, халықтың әл-ауқатын көтеруге нақты қадамдар жасалмақ. 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақыны 85 мыңнан 110 мың теңгеге дейін көтеру тапсырылды. Сондай-ақ алғашқы медициналық көмек көрсету саласындағы мамандардың жалақысын еңбек өтіліне қарай 40 пайызға дейін арттыру көзделген. Бұл шаралар еңбек адамдарының әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған.
Бесіншіден, білім беру мен денсаулық сақтау салаларын дамытуға ерекше назар аударылды. Мектептер мен медициналық мекемелерді жаңғырту, сапалы білім мен медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру – ауыл мен қала арасындағы әлеуметтік алшақтықты азайтудың маңызды жолы.
Алтыншыдан, цифрландыру ауыл тұрғындарына жаңа мүмкіндіктер ашады. Интернет пен заманауи технологиялардың көмегімен ауыл адамдары да кәсіп жүргізіп, өз өнімдерін сатып, қосымша табыс таба алады. Бұл әсіресе ауыл жастары мен шағын кәсіпкерлер үшін тиімді.
Жетіншіден, Жолдауда бүкіл еліміздің экономикалық қуатын арттыру міндеті қойылды. Өнеркәсіпті жаңғырту, инвестиция тарту, шағын және орта бизнесті қолдау, инфляцияны тежеу және жаңа жұмыс орындарын ашу – халықтың әл-ауқатын көтеруге бағытталған маңызды қадамдар.
Қорыта айтқанда, Президент Жолдауында ауылдың дамуына да, жалпы Қазақстанның өркендеуіне де қажетті бастамалар бар. Ең бастысы – белгіленген міндеттердің нақты іске асып, нәтижесін әрбір тұрғынның күнделікті өмірінен сезінуі.
Ауылымыз көркейіп, шаруамыз өркендеп, жастарымыз білімді, еңбек адамдары қадірлі болса, еліміздің де болашағы жарқын болмақ.
Ауылдың гүлденуі – Қазақстанның гүлденуі. Туған жердің ертеңі – елдің ертеңі!

|