09:20
Ұстаздар күні құтты болсын!

Құрметті Амангелді мектебінің ұжымы, бүгінде білім беру саласында еңбек етіп жүрген жерлестеріміз және білім беру саласының ардагерлері! Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – Ұстаздар күнімен шын жүректен құттықтаймыз! Ұстаз – ұрпаққа білім беріп қана қоймай, оның жүрегіне жол тауып, өмірге дұрыс бағыт сілтейтін ардақты тұлға. Адамның өмір жолында ұстаздың орны ерекше. Өйткені барлығымыз да мектеп қабырғасында білім алып, ұстаз алдынан өттік. Бүгінгі күні әрқайсымыздың жеткен жетістігімізде, алған білімімізде, өмірден тапқан орнымызда өзімізге тәлім берген ұстаздардың маңдай тері мен өлшеусіз еңбегі бар. 1955 жылы Амангелді кеңшары құрылса, кейбір деректер бойынша, 1956 жылы ауылымызда алғашқы мектеп ашылған екен. Демек, биыл Амангелді мектебінің іргесі қаланғанына 70 жыл толып отыр. Бұл – мектеп тарихы үшін ғана емес, ауыл тарихы үшін де айтулы белес. Осы жетпіс жыл ішінде қасиетті қара шаңырақтан талай буын түлеп ұшып, елдің әр саласында еңбек етіп, туған жердің абыройын асқақтатып келеді. Осы жылдар ішінде мектепте еңбек еткен барша ұстаздарға айрықша алғысымызды білдіреміз. Сіздердің әрқайсыңыздың шәкірт жүрегіне қалдырған іздеріңіз, берген біліміңіз бен тәлім-тәрбиеңіз – уақыт өткен сайын қадірі арта түсетін асыл мұра. Қазіргі таңда Амангелді мектебінде еңбек етіп жүрген ұстаздарға да зор ризашылығымызды білдіреміз. Сіздердің шәкірттерге деген жанашырлықтарыңыз бен кәсіби ізденістеріңіз – ауылдың, елдің болашағына қосылып жатқан маңызды үлес. Баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, еңбектеріңізге береке, шығармашылық шабыт және толағай табыс тілейміз! Әр шәкірттің жетістігі сіздерге қуаныш пен мақтаныш сыйласын.Амангелді мектебінің 70 жылдық тарихы жалғасын тауып, білім ордасының абыройы асқақтай берсін! Ұстаздық жолдарыңыз әрдайым абыройлы, еңбектеріңіз жемісті болсын!
Мерекелеріңіз құтты болсын, аяулы ұстаздар! Амангелді мектебінің 70 жылдық мерейтойы құтты болсын!

Құрметпен,
жерлестер және www.amangeldy.com сайты

 

Категория: Тәрбие | Қараулар: 72 | Қосты: Admin
Пікір саны: 0
Verify you're human *: