Тасжанов Кыстаубай
31.08.2019, 20:11

Асқар тау әкелерге жетеді кім? 
Әрдайым биіктерге жетеледің..
.

Жасың егделіп, жер ортасындағы жасқа жетіп қалғаныңмен өмір сыйлаған, тәрбиелеген, білім әперген, бала бол, ақыл тоқтатқан адам бол мейлің жалықпай тәлімін айтып отыратын, басыңа әлдеқандай іс түскенде тіреу болар, тірек болар әке екен. Әкенің қадір, қасиетін кештеу өзің әке болғанда түсінеді екенсің. Зымырап өткен күндермен, жылыстаған жылдармен өмірден озғанына он екі жылдан асуымен уақыт өтті, бірақ бет бейнесі, жүріс, тұрысы, ойланып, толғанып жайлап қана айтатын салмақты сөздері әлі күнге көз алдымда. Атқарған қызметтерімен де, адами асыл қасиеттерімен де ертістіктердің есінде қалған әкем туралы ой толғауды жөн көрдім. Менің әкем-Қыстаубай Тасжанов елегеннің көзіне, тілегеннің сөзіне іліне бермейтін екінің бірі емес, өзінің туып, өскен ауданына, тіптен одан тысқары жерге де өте танымал адам еді. Бұл оның заң қызметкері болғандығынан емес, адами асыл қасиеттерінен, әрине. Ал, өмір жолы, сол дәуірдің адамдары секілді, қиындықтар мен ауыртпашылыққа толы болыпты.
Әкем, етек, жеңі жиылмаған қазақы дастархандай кең байтақ егінді Ертіс жерінің төл тумасы. 1928 жылы 1-қаңтарда аудан орталығынан шалғайда жатқан, ол кез жер шетінде жатқандай көрінетін Амангелді колхозының №1 бөлімшесі Қарақұдық ауылында колхозшы Тасжан мен Дәрия Ахтияровтардың отбасында дүниеге келген екен. Ауылдың Қарақұдық аталу себебі, осындағы құдыққа байланысты. Қазақта «қара» деген сөз молдықтың, молшылықтың белгісі. Балапан жасынан суын ішіп, таңдайында дәмі қалған құдық суын, әкем өмір бойына ұмытпайтын. Жасы келіп, егеде тартса, кіндік қаны тамған ауылына жиі барып, суының дәмін татып, Ертіске де алып қайтатын. 
Әкемнің «әр күнін бақ деп біліп, шыбықты ат қып мініп» асыр салып ойнаған алаңсыз бала шағы болмағаны анық. Өйткені, балапан шағы 1931-1933 жылдар бүкіл Қазақстан секілді Ертіс өңірін жайлаған, миллиондарды атыс, шабыссыз қырған ашаршылық жылдарына дөп келген. Әйтеуір, әке-шешенің арқасында аман қалған ғой. Есі кіріп, етегін жапқан жасқа жеткенде, әке-шешесіз жетім өсіп, жетістіріп қара таный алмаған әкесі Тасжан, баласына білім әперуді жөн санап Амангелді ауылындағы бастауыш мектепке берген. Әкем ауылдағы мектепті бітірген жылы соғыс басталған. Жан бағып, отбасына қолқанат болып үйінде отырса да болар еді, бірақ, өзінің ынтасымен, әкесінің аманатымен оқуын Ертіс ауылындағы қазақ мектебінде интернатта тұрып жалғастырған.
Соғыс жүріп жатқан кез, қай бір ит басына айран төгілген уақыт дейсіз. Мектеп басшылары балалар тамақтан тарықпасын деп демалыс күндері үйлеріне қоя береді екен. Содан әлі буыны бекімеген бала, ауданнан жер шетіндегі Амангелдіге барып, келіп отырған. Кейде арбалы жолаушы кезігіп, кейде ешкім жолықпай, жаяу жалпылап осы күнгі Ағашорын жетіп, сонда түнеп, ертеңіне түске жақын шаршап, шалдығып ауылға жететінін көзінің тірісінде жиі әңгімелеп отырушы еді. Ол кез бүгінгі біздерге үйреншікті жол болмаған ғой, қаршадай бала Ертістен Амангелдіге тікелей тартады екен. Жол әсіресе қыс күндері қиын еді, ақ қар, көк мұзды, борандарды былай қойғанда сайын далада қасқырлар өріп жүретін. Көрер қызығым бар шығар әйтеуір, құдай сақтап, аман-есен барып келіп жүрдім ғой, дейтін әкем. 
Үйге барысымен балалыққа салынып ойын қуып кетпей, отаудың күнделікті шаруасын тыңғылықты атқарыпты. Жазғы демалыс күндері каникул бойына тракторға прицепщик болып, егіс даласында еңбектеніп, кешкісін қол диірменмен бидай тартып, анасының ауыр еңбегін бөліседі екен.       
Ертіспен Амангелді арасына жаяулап қатынай жүріп, Ертіс қазақ мектебінің сегіз сыныбын аяқтады. Ол кез Ертісте 9-10-сыныптар болмаған. Сабаққа өте ынталы, білімді, білімпаз болуды арман еткен әкеміз, оқуын әрмен қарай жалғастыру үшін Павлодар қаласындағы қазіргі күнде Абай мектебі деп аталатын, ол кез қаланың №10 мектебінде 10-сыныпты оқып, бітірген ғой. 
Бала шағынан ел басқарған бастықсымақ «шолақ белсенділердің» қарапайым халыққа көрсеткен зорлық зомбылығын, айтқан сөздерін халыққа үкіметтің заңындай жеткізетін орашолақ, шала сауатты солардың әрекеттерін көріп өскендіктен арнайы білім алып, әділеттіліктің ақ қылышын ұстағысы келді ме, әлде бойындағы асыл арманына әлдебіреу түрткі болды ма, әйтеуір заң қызметкері болуды жөн көрген. Сөйтіп, мектепті бітіре салысымен сол дәуірдегі Қазақстан аумағындағы жалғыз ғана заң оқу орны-Алматының мемлекеттік заң институтына оқуға түсті. Қалтасында қара бақыры жоқ жігітке Алматыға жету де оңай болмапты. Бірде автокөлікке мініп, бірде вагонның төбесінде түн өткізіп Алматыға жеткен. Жүрегіне тұмар еткен мақсатына жетсе де, қалтаның тесіктігінен оқу да оңай болмаған. Степендия бір айдан бір айға жетуші ме еді? Сол соғыстан кейінгі ауыр жылдарды былай қойғанда, жаймашуақ заманның өзінде студент болғандардың басынан өткен нәрсе ғой бұл. Алматының вокзалдарында вагондардан жүк түсіріп, жүк артып, көше бойында өсетін алма, алмұрттарын жеп, тағдырдың талай теперіштерін көре жүріп, 1952 жылы оқуын ойдағыдай бітірген. Ойлап отырсам, осы қиындықтарды бастан өткерген әкемнің, аңсаған арманына, асқақ мұратына жету өмір жолында тауқыметі тас жаратын ауыртпашылықтың түкке тұрмайтынының бұлтартпас дәлелі іспетті.
Аңсаған арманына жетіп, оқуын бітірген соң туған елі Ертіске қайтып оралды. Жоғары білімді, бірақ білімнің қандайы десеңізші?! Анау, мынау емес, институт бітірген заңгер! Кеңес дәуірі ондай адам елеусіз қалушы ма еді, Ертіске келе салысымен оны аудандық партия комитетіне бірден нұсқаушы етіп қабылдайды. Ол заман ауданның басқаратын басы да, көреген көзі де болған, басым бөлігі өзге ұлт өкілдерінен тұратын құзырлы мекемеде 3-4 жобасында абыроймен еңбек етті. Әділдіктің, ақиқаттың ақ жолдан айнамай орындалуын сүйетін, ал одан бұрыс аттағандарға арыстандай ұмтылатын адамды қай заман болсын билік басындағылар жақсы көруші ме еді?! Өзінен жоғары лауазымдылардың жиі түрткілей бергендігнен бе, әлде әкімшілік ортаға көңілі толмағандықтан ба, жанына жақын таңдаған мамандығы бойынша қызмет еткісі келді ме, әйтеуір өз еркімен өтініш беріп, бұл жұмысынан кетеді. 
Бұдан соң бұрынғы Куйбышев, қазіргі Ақтоғай ауданында прокуратура тергеушісі, Железин ауданында прокурордың көмекшісі, 1964-1969 жылдар Аққулы (Лебяжі) аудандарында прокурор болып абыройлы қызмет етті әкеміз. 
Ақтоғай ауданында аудан прокурорының тергеушісі болып істеген кездер ауданның кеңшарларын аралап жүрген күндердің бірінде Новотроцский кеңшары, бүгінгі Жалаулы ауылында мектепте оқып жүрген Қызкен есімді қызға көзі түсіп, ғашық болып қалады. Осы кездейсоқ сәтке дейін Ертісте, Ақтоғайда қызмет істеп жүргенінде қазақтың қаншама сұлулары жолықпады дейсіз әкемізге. Бірақ, осыған дейін жігіттің дір еткізе алмаған екен. Ал, мынау ауылда кездескен қыздың, сезімін селт еткізгені қалай демеңіз, өйткені бұл адам баласына бір ғана мәрте берілетін, бірақ мәңгілікке берілетін оянған әкеміздің махаббаты екен. 
Сөйтіп, әкеміз 1954 жылы, мектепті бітірген анамыз 1936 жылы туған Қызкен Нұрымқызына үйленіп, өз шаңырағын көтеріпті. Мөлдір махаббаттың мәуелі жемісіндей өмірге біздер келіппіз. Анамыз Қызкен алты құрсақ көтерген көпбалалы ана. Олардың үшеуі қыз, үшеуі ұл. Мен отбасындағы төртінші баламын. Біртоға, биязы жібек мінезді анамыз әкемнің айтқанынан шықпай қызметіне байланысты, оның қызметіне байланысты Ақтоғайда, Аққулыда, Железин аудандарында тұрған едік. 1969 жылы Ертіске қайтып оралып осында тұрдық.
Мамандығы есепші шешем мінезі салмақты болғанман де өте қонақжай адам болатын. Бала кезімнен білетінім біздің үйден қонақ арылмайтын. Қалада, басқа ауылдарда тұратын әке, шешемнің алыс, жақын туыстары, бала жастан бірге өскен құрбы, құрдастары, бір ауылда тұрған жай ғана көзтаныс жерлестерінің біздің үйдің дәмін татпай кеткендері кемде кем-ау! Бұның да өзіндік себебі бар, өйткені Ертіске қаладан соңғы автобус 23. 30. келсе, Ертістен ауылдарға 16.30. кететін. Содан үйге біреулері қонуға, біреулері автобусқа дейін уақыт оздыруға келеді-ау деймін. Осыған әкемнің шешесі, менің әжем ерекше қуанатын. Денесі ірі, етженді, мінезі ашық, ақжарқын адам еді. 
Әжем туралы әкемнің бір айтқаны есімде қалыпты. Ат шанаға бидайын артып диірменге келеді екен. Ал, мұнда қаптаған кезек. Қыстың күні әйел екен деп кезегін ұсына қоятын адам жоқ, ешкім түн қараңғысына қалғысы келмейді. Осындайда әжем білегін сыбанып жіберіп, кезектегі ер азаматтарды күресуге шақырады екен. Күресте жеңілген адам, кезегін әжеме береді, содан болар қара күш иесі әжеме қарсы тұрар азамат аз болушы еді дейтін әкем. Әкем әжемді қатты сыйлайтын, айтқанын екі етпеуші еді. 
Әкем, ағасы Сейсембай туралы жиі айтып, ілитпатпен есіне алып отыратын. Прибалтика майданында ерлікпен соғысқан Сейсембай 1943 жылы «Майдандағы ерлігі үшін», 1944 жылы ақпанда «Қызыл жұлдыз», сол жылы желтоқсанда 3-дәрежелі «Даңқ» ордендерімен марапатталғанын мақтанышпен, ал 1945 жылы Кенисберг қаласы үшін шайқаста алған ауыр жарадан ел күткен Жеңіс күніне бар болған 10 шақты күн қалғанда қайтыс болғанын өкінішпен айтып отыратын. 
1969 жылы Ертіске қоныс аударып келген біздің үйдің отбасы, сол жылдан бастап әкеме қандай шақырулар болса да олардан рахметін айтып бас тартып, 1969 жылдан таза адвокаттық жұмыспен ғана айналысты. Өйткені таңдаған мамандығының негізі адам құқығын қорғау болды ғой...
Әкем қызмет ете жүріп, жоғары білімді заңгер болғанмен білімін үнемі жетілдіріп отырды. Ол Қазақстанның Семей, Алматы, Ресейдің Ленинград, Мәскеу, Украинаның Харьков қаларында ай, тіптен одан көп уақыт оқып, Павлодар облысының белді, абыройлы адвокаттарының біріне айналды. Оған сол жылдар әкемізді прокуратура, жоғарғы сот, республикалық адвокатура, облыс, аудан тарапынан марапаттаған сансыз Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттар куә. Және де «Еңбек ардагері» төсбелгісі, «Ұлы Отан соғысына 60 жыл» мерекелік медалі, тағы басқалары. 2007 жылы оған ауданда алғашқылардың бірі болып «Ертістің Құрметті азаматы» атағы да берілді. Кейінгі ұрпақтарына үлгі болсын деген ниетпен солардың бәрін үлкен апам Майра көзінің қарашығындай сақтап жүр. 
Ал, өзімнің ойымша марапаттарының ең бірегейі 2008 жылы Қазақстанда алғаш рет өткен еліміздің ең үздік адвокаттарын марапаттау салтанатында 56 жыл табан аудармай адвокат болып істеген әкеме ұзақ жылғы еңбегін бағалап, адвокаттық «Оскар» сыйлығының берілуі болды. Ол кез осы туралы аудандық, облыстық, республикалық басылымдардың жабыла жазғаны есімде. Бұл балалары біздер, немерелері үшін зор мақтаныш.
Шешеміз Қызкен екеуі өмірге әкелген үш қыз, үш ұлды қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай аман есен өсіріп жеткізді. Бәріне жоғары білім әперді. Олардың бірі әке жолын қуып заңгер болса, екеуі мұғалім, инженер-энергетик, музыка маманы, дәрігер. Бұл күнде алды зейнеткерлікке шықса, соңы өз мамандықтары бойынша еңбек етіп жүр. Әкем Алла сыйлаған ғұмырында балаларынан 9 немере, 6 шебере көріп кетті. 
1992 жылы анамыз өмірден өткенде әкеміз 63 жаста еді. Алдыңдағы апаларым, қарындастарым, біздер «жалғыз тұру қартайғанда ер адамға ауыр тиер, үйлен» деп әлденеше айтқан едік. Бірақ ол ұсынысымыздан үзілді, кесілді бас тартты. «Жер бетінде менің үшін сендердің аналарыңдай әйел жоқ» дейтін. Осылай анымыз қайтқан соң 20 жыл өмір сүріп, 2011 жылы қараша айында 84 жасқа қараған шағында өмірден өтті. 
Бала шағынан өмірдің барлық ауыртпашылығын көріп өскен ол, көрген қиындықтарын тіс жарып көрінгенге айта бермейтін, бізге ғана айтатын. «Менің заманымдағы солардың бәрін халық көрді, ел басынан өткенді жеке дараланып, несіне айта беремін» деп байсалдылық танытатын. Қызметін де, адами адал қасиеттеріне қанық, осы Ертіс ауданында әкемді сыйламайтын жандардың болмаған да шығар.
Әкемнің өрелі істері туралы қазақ тілінде шығатын «Ертіс нұры», орыс тілді «Иртыш» газеттері әкемнің өмір жолы, қызметі, марапаттары туралы жиі жазып тұратын. Осыларды былай қойғанда тіптен өмірден озғанына бір жыл өткенде «Ертіс нұры» газетінде, газет тілшісі, өлкетанушы, ақын ауданның Құрметті азаматы Самат Мәненұлы ағамыз әкем туралы:
Ертіс ауданында заң қызметкерлерінің абызы, ауданның алғашқы заң қызметкері Қыстаубай Тасжановтың өмірден өткеніне бір жыл өтті.
Ақыл да, нақыл сөздерімен, жүрек қалауымен таңдаған мамандығына адалдығымен өз басыма бір ерекше із қалдырған абыройлы ақсақал еді. Өмірден өтеріне 6 ай қалғанша қызметін тастамады. Бұл бүгін мұнда, ертең басқа жерге ауысып, жанға жайлылық іздейтін жастарға үлгі, өнеге емес пе?

Бақыт тауып, бала кезгі арманнан,
Өмір бойы таймай өтті сол жолдан.
Өмір бойы жамандықпен алысып,
Әділ сөйлеп, қара қалды қақ жарған.

Күнәліні заң жолымен даттаған,
Күнәсізді заң жолымен ақтаған.
Мәңілікке-ақ сапараға кеткенше,
Қызметке адал мұндай жоқ-ты адам!

Заңға қайнап, піскен болмыс, ой, арман,
Заңмен жатып, заңмен таңда оянған.
Жастығында жүрегіне тұмар ғып,
Қартайғанда таяқ етіп таянған.

Заңдар еді жан шуағы-әлемі,
Заңдар болған сырқатының бар емі.
Мәңгі өмірде жаны болсын жәнәттә,
Осы Ертістің ең алғашқы заңгері-деп жазыпты. Меніңше бұл сөздер әкемнің қызметіне берілген баға. Осыған қосып та, аларым да жоқ. Төрт шумақ жыр жолында әкемнің барлық қасиеті, болмысы, жан дүниесі жатыр. 
Ал, қосарым әкем Қыстаубайдың, анам Қызкеннің жатқан жерлері жарық, топырақтары мамық болсын. Мәңгі есімдесіңдер Әкем, Анам!

Нұрлан Қыстаубайұлы Тасжанов,
Ертіс №3 мектебінің тарих пәнінің мұғалімі. 

 

 

    

 

 

 

 

 

 

 

 

Категория: История | Добавил: Admin
Просмотров: 840 | Загрузок: 2 | Рейтинг: 5.0/5


Всего комментариев: 0
Verify you're human *: