Өмірде кейбір адамдар болады – олардың тағдыры тұтас бір дәуірдің шежіресіндей. Асқар тау әке Назымбек Бөкенұлы – солардың бірі еді. Оның балалық шағы бейбіт күннің емес, ауыр заманның ызғарына тап келді. Аштық пен жоқшылық, жетімдік пен еңбек – оның жастайынан серігі болды. Ерте есейіп, ерте төзімге үйренді. Анасының мейірімін үш жасында жоғалтып, тағдырдың алғашқы соққысын сезінді. Балалық деген ұғымды соғыс жылдары жалмап кеткен еді. Қолына ойыншық емес, еңбек құралы тиген кезден бастап өмірдің қатал заңына мойымады. Аш болса да, білімге ұмтылды, шаршаса да, еңбектен қашпады. Сол қиындықтар оның мінезін шыңдап, жүрегін кеңейтті. Кейінгі саналы ғұмырында да сол балалықтағы төзім мен сабыр оны ешқашан тастап кеткен жоқ. Сондықтан да Назымбек Бөкенұлы – балалары үшін тек әке емес, өмір мектебінен өткен нағыз тұлға болып қалды.
Назымбек Бөкенұлы 1931 жылғы 1 қаңтарда Павлодар облысы, Ертіс ауданына қарасты Аманкелді ауылының Ақсу елді мекенінде дүниеге келген. Қыстың қақаған бір таңында өмірге келген баланың тағдыры да сол дәуірдің салмағымен ерте сыналды. Оның балалық шағы Ұлы Отан соғысының ең ауыр кезеңімен тұспа-тұс келді. Назымбек 10-13 жас аралығында соғыстың тауқыметін бастан кешті. Ерте тұрып, кеш жатты, аш-жалаңаш күндер өтті. Кейде ішер ас табылмай, қарны аш жүрсе де, оқуға деген ынтасын жоғалтпай, бастауыш мектепті тәмамдады. Сол жылдары еңбек пен төзім – өмір сүрудің жалғыз жолы еді.
Назымбек үш жасында анасынан айырылды. Кейін әкесі Бөкен Мұқанұлы қайта шаңырақ көтеріп, отбасында інісі дүниеге келді. Оның есімі замана ыңғайымен Октябрят деп аталып, шын аты Қазымбек болды. Үйдің үлкені ретінде Назымбекке жауапкершілік ерте жүктелді.
1940 жылдардан бастап, Назымбектің әкесі Бөкен Мұқанұлы ауылдағы ұжымшардың төрағасы қызметін атқарды. Назымбек сол кезде әкесіне қолғабыс жасап, өгіз арбамен тракторларға су тасып, өгізбен жер жыртуға көмектесті. Шалғымен шөп шауып, оны жинап, арбамен тасу – күнделікті тіршілікке айналды. Сол жылдары отбасы аштықтың дәмін татып, жоқшылықты бірге еңсерді.
Інісі Қазымбек (Октябрят) 1948 жылы Әутәліпқызы Маркенге үйленіп, Көкшетау облысы, Уәлихан ауданы, Жасқайрат ауылына қоныс аударды. Бүгінде бұл әулеттен 6 бала, 8 немере, 14 жиен, 13 шөбере тараған. Қазымбектің отау көтеруіне ағасы Қасым Мұқанұлы мен Күлшім жеңгесінің көрсеткен көмегі ерекше болды – олар жас отбасының аяққа тұруына зор үлес қосты.
Назымбек Бөкенұлы 1957 жылы Жансарықызы Зұлқиямен шаңырақ көтерді. Жары Зұлқия 1935 жылғы 10 мамырда дүниеге келген. Бұл отбасында 1961 жылы тұңғыштары – Серік ұл, ал 1971 жылы кенже қыздары Тұрар дүниеге келді. Ұлы Серік Қарағанды байланыс институтын тәмамдап, туған жері Аманкелді ауылында байланыс саласында ұзақ жылдар абыройлы қызмет атқарды. Елге сіңірген еңбегімен танылды.Қызы Тұрар Аманкелді орта мектебін аяқтап, мектепке даярлық тәрбиешісі мамандығын меңгерді. 1988–1997 жылдар аралығында балабақшада еңбек етіп, талай бүлдіршінге тәлім-тәрбие берді. 1999 жылы Екібастұз қаласының Солнечный кентіне көшіп, тұрмысқа шықты. Сол жерде екі қыз дүниеге әкеліп, ана атанды.
Қыздарының соңынан Бөкеновтар отбасы да Солнечный кентіне қоныс аударды. Осы елді мекенде Назымбек Бөкенұлы 1991 жылы зейнеткерлікке шықты. Дегенмен зейнет жасына жетсе де, елмен етене араласып, қолынан келген көмегін аямай жүрді.
2006 жылғы 14 мамырда жұбайы Жансарықызы Зұлқия балаларының, немерелерінің және өмірлік серігі Назымбектің қасында дүниеден өтті. Бұл отбасы үшін орны толмас ауыр қаза болды.
Назымбек Бөкенұлының бүгінгі ұрпағы – 5 немере, 4 шөбере. Соғыс жылдарындағы тылдағы еңбегі еленіп, ол көптеген медальдармен, мақтау қағаздарымен марапатталды. Әрбір 9 мамыр – Жеңіс күні қарсаңында ардагер ретінде концерттерге шақырылып, шерулерге қатысып жүретін. Өмір бойы адал еңбек етіп, адамдарға қол ұшын созып, бала-шағасын өсіріп, тәрбиелеген Назымбек Бөкенұлы 2013 жылы, 82 жасында, Екібастұз қаласы, Солнечный кентінде балалары мен немерелерінің ортасында бақилық болды.
Ата-ананың орнын ештеңе толтырмайды. Ерте кеткен ана – жүректе мәңгілік сағыныш болып қалды, ал асқар тау әке – балалары үшін өмірлік тірекке айналды. Бүгінгі ұрпақ олардың әр айтқан өсиетін, әр жасаған жақсылығын ұмытпайды. Өткен өмірге көз жүгіртсең, қиындық пен жоқшылықтың ортасында да махаббат пен адалдықтың болғанын көресің. Сол махаббат – ата-ананың балаларына қалдырған ең үлкен мұрасы. Әке еңбегі мен ана мейірімі уақыт өткен сайын бағасын арттыра түседі. Олардың аты аталған сайын, жүрек жылып, көңіл толқиды. Балалары үшін олар тек өткеннің елесі емес, бүгінгі өмірдің темірқазығы. Осындай ғұмырлар ғана ұрпақ жадында мәңгі сақталады.
Ардақ Бөкенова

 



Наградалары

|