1957 жыл. Ақсу ауылында мектеп қайтадан есігін ашты. Бұрын болған мектептер 40-шы жылдардың соңында жабылып қалған екен. Хамза деген азамат мұғалім болып істепті, менің естуімше. 1957-ші жылға дейін Ақсудың балалары басқа жерлерде оқыған, Қарақұдық ауылында, Ленин ауылында, Ертіс поселкасында, тағы басқа мектеп бар жерлерде. Бара алмағандары оқымаған. Сол 1957-ші жылында елге жаңа мұғалім келді, Халиуллин Мұхаметқали деген азамат, Үлгілі ауылының тумасы, қазақ пед училищесін бітірген. Келе біздің әкеймен жақын араласып біздің үйде пәтерде тұрды. Әрине ол кезде пәтер ақы деген жоқ, тек шын ықыластық. Келгенде бір шамадан киімдері және тағы бір шамадан кітап. Мектепке бір ел ортасыныңдағы кішкентай сайдың ар жағындағы бір ұзын қылып салынған шым үйді берді. Кіре берісте сол жақта ұзын дәліз, оң жақта мектеп қоймасы, қарсысында мектептің сынып бөлмесі. Дәліздің арғы жағында мұғалім отбасына арналған бөлмелер.
Жаз бойы мұғалім совхоз көлігімен мектепке жиһаз (кітап шкафтары, мұғалімнің үстелі, мектеп парталары, тақта), кітаптар, шаңғы-доптар, тағы басқа керек жарақтарды тасыды. Ер азаматтар жерге төбе жабатын толь төседі, ол кезде тақтай пол деген жоқта. Ел келіншектері сылау, ақтау, жуу, тазарту жұмыстарын жүргізді, апам пештерін салды. Сонымен 1 қырқүйекте мектеп ашылды, біз бірінші сыныпқа бардық. Біз дегеніміз мен Бекжігіітов Темірбай, Булатова Зәйкен, Жұмасанов Барлыбай, Сайфуллин Бауыржан, Сапаргалиев Сәттәр, Нұрпеисова Айша, Хайруллин Амангелді.
Сол 1 қыркүйектен бастап Ақсуда балаларға күндегіден басқа өмір басталды. Түске дейін мектепте оқу, түстен кейін аздап дем алып, үй тапсырмаларын орындау, содан балалар Сәрсенов Әбділмән атаның үйінің сыртында доп қуып футбол ойнау, лапта ойнау, үлкен жігіттер волейбол ойнайтын. Осы ойындардың бәрін үйреткен Мұқаң мұғалім. Кейбіреулер айтып жатады ләнгі ойнадық деп, мен өзім ләнгіні білмеппін не екенін. Біздің кезімізде ләнгі болған жоқ, біз доптан бастадық. Жаз күнінде жаңбыр жауса қуанатын едік, жаңбыр қазіргідей емес, жылы болатын. Жылы болатыны соншама, балалар жаңбыр астында жалаң аяқ жүгіріп жүретін, су көгал шөпке табандары жалтырап, аппақ болатын. Сайлардан сарқырап су ағып, батпақтың өзі жұп жұмсақ болатын. Қайран балалық шақ-ай. Солай жаз өтіп, созылған күз де өтіп, қыс та келді. Қар түсе жаңа ойындар пайда болды. Біріншісі ешкім көрмеген шаңғы. Бұрын ауылда болмапты. Пимаға жіппен, қайызбен шаңғыны байлап баяу жүрістен бастап, жүгірдік те, құздан төмен қарай ызғытатын, трамплиннен секіретін де болдық. Шаңғының таяқтарын тігіп слалом да жасайтынбыз. Бұл әрекеттер дене шынықтыру сабағынан басталды.
Тағы бір жақсы көретініміз сайдың жағасынан төмен қарай шанақшамен сырғанақ тебетініміз. Шанақшаны ағаштан істеп беретін әкелеріміз, әрине ойнауға емес, су тасуға, малдың қиын тасуға. Ілеуде біреудің үйінде темір шанақша болатын, ұста Бортай атамыздың қолымен жасалған. Әрине ол шанақшалардың жылдамдығы үстемдей болатын ағаш шанақшадан, бірақ бір кемшілігі қарды кесіп, оппа жерде қарға кіріп кететін.
Солай кұндердің бірінде мектепке шырша әкелді, бірінші Жаңа Жыл мейрамы балаларға арналды. Кәдімгі Аяз Ата мен Ақшақар қыз болды.
Темірбай Сіләмұлының естелігінен

|